Елбасы жүргізіп отырған сарабдал саясаттың арқасында Қазақстан даңғыл жолға түсті. Оны дамудың даңғыл жолы десек, ақиқаттың ауылына ат байлағанымыз. Тарих үшін қас қағым сәт болғанымен, азаттықтың жиырма жылында мемлекеттің мерейі өсті, экономикасы алға басты, әлеуметінің әлеуеті артты. Әлемдік аренада Қазақстан аты айшықталды. Қысқасы, осы жылдар аралығында мемлекет жан-жақты дамыды.
Жиырма жылда жеткен жетістігіміз мол. Оны санамаласақ, аламан бәйгеге қосыларымыз анық. Ауыл-елдің өркендегені, төрт түліктің түлегені, шатқаяқтаған шаруашылықтың түзелгені, егіс алқабының дәнге толғаны секілді қадау-қадау тақырыптарды қозғасақ, қиссаға бергісіз әңгіме шығары әмбеге аян. Осы күні «тәуелсіздік бізге не берді?» дейтіндер бар. Әсілінде, бұл сұрақты «тәуелсіздікке біз не бердік?» деп қою керек шығар. Азаттықтың қазаққа бергені көп. Ал біз не беріп жүрміз? Осы орайда, Қазалы ауданының тәуелсіздіктің жиырма жылына тартуы жайлы әңгіме қозғай кетсек дейміз.
Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңына аудан бойынша кәсіпкерлік саласында бірқатар нысандар пайдалануға берілмек. Атап айтқанда: «РЗА» АҚ сүт өнімдерін өңдеу зауыты, жеке кәсіпкер Б.Абдреймованың күніне 10 тонна нан өнімдерін шығаратын нан зауыты мен ұн сақтау қоймасы, «ҚазалыҚұрылыс» ЖШС-ның асфальтбетон зауыты, темірбетон шығаратын өндірістік цехы, «АсылҒани» ЖШС-ның құрылысқа қажетті темірбетон бұйымдарын шығаратын өндірістік цехы, «Қазалы тепловоз жөндеу зауыты» вагондарды сумен тазалау цехы, жеке кәсіпкер Ш.Имандосованың қонақ үй қызметі, «Жеңіс» шаруа қожалығының шұбат, ет өнімдерін сату орталығы, «Сыр Маржаны» ЖШС-ның әмбебап сауда орталығы, жеке кәсіпкер Н.Баекешовтің кеңсе тауарларын сататын сауда орталығы, жеке кәсіпкер М.Ізбасқанованың қызмет көрсету орталығы, жеке кәсіпкер Ж.Нұрадинованың әмбебап сауда орталығы секілді нысандар халық игілігі үшін қызмет қылмақ.
Сонымен қатар, 600 орындық мектеп құрылысының жоба-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Аталған мектептің құрылысына да қаржы қаралып, құрылыс-монтаж жұмыстары биыл басталады деп күтілуде. Сондай-ақ, республикалық бюджеттен Әйтеке би кентінен 280 орындық балабақша құрылысын салуға 313,396 млн. теңге қаралған, құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Бұдан бөлек, Қазалы қаласынан 300 орындық №16 мектептің құрылысы, Әйтеке би кентінен 300 орындық мәдениет үйінің құрылысы, Әйтеке би кентінен 140 орындық «Айгөлек» бала- бақшасының құрылысы жүргізіледі. Ауданның бірқатар елді мекендерінде медициналық бекеттер мен дәрігерлік амбулаториялар салынады.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы саласы бойынша Әйтеке би кентінде – 14 және Қазалы қаласында 5 көшеге жөндеу жұмыстары жүреді. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын орташа және ағымдағы жөндеуге 46,746 млн.теңге, «Әйтеке би – Басықара» аудандық маңызы бар автомобиль жолының 2,4-10,5 шақырым аралығын орташа жөндеуге 98,0 млн.теңге (орташа жөндеу барлығы 144,7 млн.теңге), Әйтеке би кенті бойынша 2 көшеге бағдаршам орнатуға 4,5 млн.теңге, елді мекендерде орналасқан сумен жабдықтау нысандарын күтіп ұстауға 8,941 млн.теңге, Байхожа локалды су жүйелерін қайта жаңғырту жобасының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу және сараптамадан өткізуге 15,442 млн.теңге, Ақсуат елді мекенінің сумен қамту жүйелерін қайта жаңғырту жобасына қосымша сервистік желілерін жүргізуге жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өткізуге 1,7 млн.теңге, Әйтеке би кенті көшелерін түнгі жарықтандыру және жол жөндеу жұмыстарына 40,0 млн.теңге, аудан орталықтарын электрмен жабдықтау жүйесін дамытуға Әйтеке би кенті 99 млн.теңге (барлығы 459,329 млн.теңге) қаралған.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Қазалы ауданы елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсарту да басты мақсат болып отыр. Әйтеке би кентінен «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы» жаңа квартал ашылады. Одан бөлек Ауған соғысында қаза тапқан қазалылықтарға арналған тағзым алаңына абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Әйтеке би кентінің орталық көшелерін, алаңдар мен гүлзарларды, саябақтарды, ескерткіштерді абаттандыруға байланысты гүл көшеттерін, газондар мен гүл табақшаларын орналастыру жоспарланып отыр. Әйтеке би ескерткішін қайта бейімдеу, абаттандыру, Бекарыстан би ауылының орталық «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» алаңын абаттандыру, стелла орнату жұмыстары да өз деңгейінде жүріп жатыр. Ал «Жеңіс» саябағындағы «Наурыз» алаңын абаттандыруға 3,7 млн. теңге бөлінді. Сондай-ақ Қазалы ауданы Әйтеке би кентінен 4 спорт алаңы және Бекарыстан би, Қожабақы, Мұратбаев, Басықара, Жалаңтөс батыр ауылдарынан спорт алаңдарын (барлығы – 9 алаң) салуға барлығы 45 млн. теңге, Әйтеке би кентіндегі Жалаңтөс Баһадүр атындағы стадионды қайта жаңғырту жұмыстарына 37 млн.теңге қарастырылды. Ғ.Мұратбаев ауылындағы ауылдық мәдениет үйін күрделі жөндеу жұмыстарына 18 млн.теңге қаралды.
Сонымен қатар, Жанқожа батыр, Самал бауын, Даңқ алаңын абаттандыру, Тәуелсіздік стелласын орнату биылғы жылдың үлесіне тимек. Қазалы мөлтек ауданының Астана, Тәуелсіздік көшелерін және айналма жолдарын көркейту-көгалдандыру құны 67,7 млн.теңге жобалары әзірленіп, жалпы құны 114,2 млн теңге жобалары Тәуелсіздіктің 20 жылдығын атап өтуге дайындық және оны өткізу жөніндегі облыстық ұйымдастыру комитетіне ұсынылды.
Қазалылықтардың Тәуелсіздіктің жиырма жылдығына тартуы қысқаша баян еткенде осындай болмақ. Дегенмен, аудан осымен шектеледі деген ой әсте болмауы керек. Өйткені, Тәуелсіздік қасиетті ұғым. Ал біздің аудан қасиетті таныған, қадір тұтқан ежелден. Сондықтан азаттық атын айшықтауға, Тәуелсіздікті тұғырлы етуге жұмыс жасай бермекпіз.
Айтбай КӨШЕРБАЕВ, Қазалы ауданының әкімі.