Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Ақтауда әскери-патриоттық клубтардың республикалық слеті ойдағыдай өтті. Білім және ғылым министрлігі мен республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастыруымен дәстүрге айналған әскери-патриоттық клубтардың Республикалық слеті мерекелі жылы әсем Ақтауда өтті. Тәуелсіз Қазақстанның болашақ иелерінің білімді, батыл да ширақ, денсаулықтары мықты болуының маңызы зор. Ондай азаматтардың Отанға, туған жерге деген патриоттық сезімдері де ерекше болады. Содан болар, Ақтауға еліміздің 13 облысы мен 2 қаласынан 14-15 жастағы 200-ге тарта жасөспірім келді. Олар әсем қаламен таныстықтан соң слеттің жұмысын «Мәңгі алау» жанында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, қаһарман жауынгер бола білген аталарын үнсіздікпен еске алудан бастады.
Алты күнге созылған слетте жасөспірімдер әскери өнер байқауынан соң суға жүзуден жарысып, «Мерген», «Қорғану» операцияларында өздерінің мергендіктерін, жылдамдықтары мен шеберліктерін көрсетті. Әскери ағаларының тәуір бағаларына ие болды. Слет қорытындысында жалпыкомандалық есеп бойынша Қызылорда облысы бірінші орынға шықты. Екінші орынға Атырау, үшінші орынға Солтүстік Қазақстан түлектері ие болса, ал маңғыстаулықтар төртінші орынға тұрақтады. Жеңімпаз жасөспірімдердің барлығына да арнайы сыйлықтар тапсырылып, мақтау қағаздарымен марапатталды. Сондай-ақ Маңғыстаудың түпқазығы – Түпқараған ауданына саяхатқа шығып, әскери кемелерді тамашалады.
Жоламан БОШАЛАҚ,
Маңғыстау облысы.