Жер жәннаты Жетісу негізінен ауыл шаруашылығын өркендетуге тиімді аймақ ретінде танылғаны белгілі. Қоғам дамуындағы оң өзгерістер өзге салалардың да қарқынды дамуына жол ашып, жаңа үрдіске ие болып отыр. Әрине, бұл бағытта Елбасының тікелей тапсырмасымен қолға алынған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының ерекше екпінге ие екенін көреміз. Өңірде өткен жылы осы бағытта 10 жоба жүзеге асырылып, өнеркәсіп тауарларын өндіру көлемі едәуір артқан. Биылғы жылдың өткен мерзімінде саладағы өнім көлемі 119,4 млн. теңгеге жеткенімен ол бүгінге шек емес десек, оның ауқымын кеңейту бағытында тың бастамалар легі бар.
Биыл ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы тойланатын жыл. Демек, еліміздің өркендеуіне серпін беретін маңызды жобаларды іске асырудағы жетісулықтардың қарқыны ерекше болатыны заңдылық. Өйткені, өңірде тұтынушы талғамынан шыққан қант, шыны ыдыстар мен ірі қара мен жылқы терісінен сапалы былғары дайындау, картоннан орама шығару, тағы басқа өзекті мәселелер алға қойылған. Республика бойынша сыра ашытқысын, картонды бұйымдар, қуаттылығы жоғары электр желілері үшін бетон, металл тіректер, мырышталған металл құрылғылар шығарып, бәсекеге қабілеттіліктерін танытқан өндіріс орындарының қатары толығу үстінде. Олар өндірген өнімге елімізбен қатар шетелдіктер де жоғарғы сұраныс танытып отырғанын айтуға болады.
Астанада өтетін «Қазақстандық мазмұн – 2011» атты өңірлердегі өнім шығарушылардың республикалық форумы мен көрмелеріне Жетісудан «ҚазГеоСинтетик» «АзияЭлектрик» «ГолдПродукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Фудмастер» акционерлік қоғамы мен «Шелек жеміс-көкөніс зауыты» қатысып, өз өнімдерінің сапасын жарқырата көрсетуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар жоғары инновациялық технологияларды пайдаланған кәсіпорындар қатарында Германия мен Швейцарияның технологияларын пайдаланып, алькоголсіз сусындар мен ыдыстарға арналған полиолефиндік тығындар шығаратын «Bericap Kazahstan» және елімізде ғана емес таяу шет елдерге сұранысқа ие «Полпан» сауда маркасындағы панельдер өндіретін цехты және басқа да жоғары технологиялық кәсіпорындарды жатқызуға болады.
Жыл басынан бері он екі жаңа өнеркәсіп нысандары пайдалануға берілсе, үш кәсіпорынның өндірісі кеңейіп, 500-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылды. Олардың көпшілігі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тағам өнеркәсібі мен мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруға қажетті материалдар шығарумен айналысып келеді.
Биылғы меже күрделі екенін көреміз. Өңірдегі индустрияландыру картасы аясында ағымдағы жылы жалпы құны 8,1 млрд. теңгелік 8 жобаны пайдалануға беру міндеті тұр. Алғашқы жартыжылдықта оның 5-еуі, екінші жартыжылдықта 3-еуі жүзеге асырылмақшы. Демек, биыл жаңа жобалар нәтижесінде 533 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуына қосатын аталған жобалардың тиімді үлесі жайлы айтсақ, инвестициялық бастама негізінде «Hyundai» жүк автокөліктері мен автобустарын құрастыру, жеміс-жидек пен көкөністердің жыл бойғы өндірісіне, профильдік құбырлар, мал мен құсқа арналған қоспалар өндіруге, сүт және ет өнімдерін қайта өндеуден өткізуге қол жеткізілді. Сондай-ақ, еліміз үшін өндіріске жаңа аккумулятор батареялары түрлері шығарылатынын да мақтанышпен айтқанның артықтығы жоқ.
Нарықтың алғашқы жылдарында-ақ Іле ауданы өнеркәсіп саласын өркендетуімен ерекшеленді. Осындағы «Компания Sonik», «Кормовик-Евротехнология» серіктестіктері, Талғардағы «Байсерке-Агро» ұжымдары жаңашылдығымен тәуелсіздігіміздің мерейіне айтулы табыстарымен барғалы отыр. Халықты жұмыспен қамтитын жаңа өндіріс орындары әлі де бар.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының 2010-2014 жылдарға арналған негізгі қозғаушы күші қайта өңдеу өнеркәсібін дамытумен ерекшеленуде. Қайта өңдеу өнеркәсібінің облыс көлеміндегі жалпы үлес салмағы биыл 78,5 пайызға жетіпті. Азық-түлік молшылығының берік қорын жасауда өңірде ғана емес, өнімдері еліміз аумағы мен жақын шет елдерде сұранысқа ие болған кәсіпорындар бұған дейін сырттан тасымалданған сүт, ет, балық және кондитерлік өнім түрлерін шығарып, тұтынушы талғамынан шығаруда. Осы орайда «Danone» сауда белгісіндегі сүт өнімдерін және осы негізде сәби тағамдарын жасайтын жаңа зауытты, майбұршақ өңдейтін, көкөніс-жемісті консервілейтін кәсіпорын тауарлары да сұранысқа ие.
Ағымдағы жылы шағын және орта кәсіпкерлікте тер төккендердің қатары 250 мыңнан асыпты. Саладағы өнім көлемі 132 млн. теңгені құраса, өткен мерзімде өңір бюджетіне 48 млн. теңге салық төлемдері түсіп, экономиканың нығаюына айтарлықтай үлес қосылған. Алдағы уақытта саланы дамытудың жаңа бағыттары қолға алынып, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру үшін жаңа бизнес-бастамаларды қолдау, кәсіпкерлік секторды сауықтыру мен валюталық тәуекелді азайту, кәсіпкерліктің әлеуетін күшейтудегі қолға алынған бастамалар нәтиже бере бастаған. Осы мақсатта мақұлданған жобалар қатарында «Қайнар АКБ» серіктестігі бағдарламаның «Кәсіпкерліктің валюталық тәуекелін азайту» бойынша қолдауға ие болса, «АзияАгрофуд», «Интеллсервис», «Талсай Ет» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен басқа да жобалар өндірісті дамытудың жаңа жолдарын таңдаған.
Азық-түлік бағасын тұрақтандыру өңірдегі өзекті мәселелердің бірі ретінде күн тәртібіне өткір қойылып отыр. Мәселен, 13421 сауда және қызмет көрсету орындарының жұмысы бақылауға алынған. Азық-түлік бағасын қолжетімді шекте ұстау бағытында аудан мен қалаларда биылдың өзінде 466 жәрмеңке ұйымдастырылды. Халыққа сауда барысында 844,7 млн. теңгенің тағам түрлері сатылып, тұтынушының талап-тілегі қанағаттандырылды. Бұған қосымша әлеуметтік жағынан жеткіліксіз қамтылған жандарға 211 әлеуметтік дүкен мен сөрелер қызмет көрсетіп келеді. Әсіресе, нан бағасын тұрақты ұстау жөніндегі жұмыс нәтижелі деуге толық негіз бар.
Жаз айларының қолайлы сәттерін тиімді пайдалану мақсатындағы жұмыс қанат жайған. Осылайша ел мерейінің 20 жылдығы қарсаңындағы еселі еңбек пен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға деген тың ізденістің қайтарымына жұртшылық риза.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.