13 Шілде, 2011

Президенттің інісін атып өлтірді

364 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ауғанстанда оққағарлардың бірі ел президентінің туған інісі Ахмад Вали Карзайды атып өлтірді. BaltInfo агенттігінің хабарлауынша, Хамид Карзайдың інісі Кандагардың провинциялық кеңесінің басшысы қызметін атқарған, сол сияқты ол елдегі ең ықпалды әрі бай адам­дар­дың бірі болған. Қылмыс Вали Карзайдың үйінде жасалыпты. Президенттің інісін Хамид Карзайдың бұрынғы оққағары Сардар Мохаммед өлтірген көрінеді. Қаскүнемді күзетшілер сол жерде табанда атып тастаған.  Оқиға орын алған сәтте үйде қонақтар болған екен. Мемлекет басшысының әкімшілігі қылмысты тергеуді бастау жөнінде өкім беріп отыр. АҚШ Сирия басшысын мойындамай отыр АҚШ өкіметі бұдан былай Сирия президенті Башар Асадты заңды деп санамайды, сондықтан Вашингтон оның билікте қалуына мүдделі емес. Сарапшылар  мұндай әрекет Дамаскіге Батыс тарапынан бұрынғыдан да қатал санкциялар туғызады, деп есептейді. Президент Асад мәңгілік емес, біз оның билікте қала беруіне мүдделі емеспіз, біздің мақсатымыз Сирия халқының демократияға деген ұмтылысын көру, ал ел президенті Асад өз заңдылығын жойды, ол өз уәделерін орындай алған жоқ, оның сыртында ол өз халқын басып, тұншықтыру үшін Ираннан көмек алды,  деп мәлімдеген АҚШ-тың  мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон.  Мұндай қатқыл мәлімдеме жасауға Дамаскідегі АҚШ елшілігі жанында ұйымдастырылған бұқаралық шерулер себепкер болып отырған сыңайлы. Терроршылар газ құбырын жарып жіберді Белгісіз біреулер кеше Синай аралының солтүстігіндегі газ құбырының таратушы стансасын жарып жіберген. Бұл Израильге Египеттен отын жеткізілетін газ құбырына жасалып отырған төртінші шабуыл екен. Куәгерлердің айтуларынша, белгісіз адамдар күзетшіге шабуыл жасап, соңынан Аль-Ариш қаласына таяу маңда орналасқан стансаны жарып жіберген көрінеді. Жарылыстан пайда болған жалын 20 шақырым қашықтыққа дейін көрініп тұрған. Солтүстік Синайдың губернаторы мен қауіпсіздік қызметінің басшысы оқиға болған жерге келіп жеткен, ал қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері болса, қаскөйлерді іздестіруде. 5 ақпан мен 27 сәуірде болған жарылыстардан кейін стансаны бірнеше аптаға жабуға тура келген болатын. Франция өз әскерлерін шығармақ 2012 жылдың соңына таман 1000-нан астам француз әскерилері Ауған­станнан кетпек. Вашингтонның қол сілтеуінен кейін НАТО коалициясының өзге мүшелері де әскерлерін шығару тұрғысындағы әбі­герге түсе бастады. Франция президенті Николя Саркози Сароби әскери базасында сөйлеген сөзінде алдағы жылдың соңына қарай 4 мың солдат пен офицерлерден тұратын француз контингентінің төрттен бірінің Ауған­станнан кететінін мәлімдеді. Олар соғыс басталған 2001 жылдан бері Ауғанстанда Кабул қаласы орналасқан Капису провинциясына бақылау орнату ісімен айналысып келеді. Осы жылдар ішінде  француздың 64 әскери қызметшісі, оның 9-ы биылғы жылы қаза тапқан. Франция президенті әскерлерді шығару жөнінде айтып тұрып ойын «соғысты аяқтау керек» деген сөзбен түйіндеген көрінеді. Істі қарау кейінге қалдырылды Стросс-Кан қонақ үй қызметшісін зорлады деген өзіне тағылған айыпқа қатысты істе жеңіп шығады деген сөздер соңғы уақыттары жиі қайталануда. Дегенмен, зардап шеккен тағы бір қыз табылып отырған сыңайлы.  Қазір тергеу жұмыстары жүруде. Халықаралық валюта қорының бұрынғы басшысына қатысты даулы істі қарау кейінге қалдырылды. Ол жөнінде кеше Нью-Йорк прокуратурасы мәлімдеген. Осылайша 18 шілдеде өтуге тиіс тыңдау 2011 жылдың 1 тамызына шегеріліп отыр. Мұның өзі іс тез аяқталады және Стросс-Кан жеңіп шығады деген сөздің өрши түсуіне себепкер болған сыңайлы. Бүгінде мені зорлады деп арыз берген 32 жастағы гвинеялық эмигрант әйелдің Америкадан баспана іздей жүріп осыған дейін де талай өтірік айтқандығы, салықтан жалтарғандығы белгілі болып отыр. Президент сайлауына дайындық басталды Түркіменстан президенті  Гур­бангулы  Бердымухамедов 2012 жылы өтетін президент сайлауына дайын­дықты бастау жөнінде хабарлаған. Министрліктер мен салалық ве­домство­лардың, қоғамдық ұйым­дардың, елдің барлық азаматтарының  міндеті президенттік сайлауға тыңғылықты дайын­далып, оны жоғары деңгейде, ашықтық пен жария­лылық жағдайында өткізу, оның өзі нығайып келе жатқан демократияның айғағы болып табылуға тиіс, деп атап көрсеткен президент таяудағы үкімет отырысында. Мемлекет басшысы тұңғыш рет оппозиция туралы да өз ойын ашық айтқан.  Біз өздерін оппозицияданбыз дейтін топтармен қызметтес болудан қорықпаймыз, егер оппоненттердің бірі алдағы президент сайлауына қатыспақ ниетте болса, оның елге емін-еркін келуіне болады, деп атап көрсеткен. Марадона автобуспен соқтығысты Белгілі футболшы Диего Марадона қашанда бір оқыс оқиғаларға тап болады да жүреді. Бірде оны есірткі қолданған жерінен ұстап алса, енді бірде  оның махаббат құмарлығын ұйымдастырып жүргені белгілі болып қалады. Оның папараццилерге қарсы қолына қару ұстап шыққан кезі де болған. Ал өткен жылы еңкейіп сүйіп аламын деген кезде футбол королін өзінің иті бетінен тістеп алған болатын. Осы жолы ол өзі рөлде отырып жол-көлік оқиғасына тап болыпты. «Хонда» автомашинасының рөлінде келе жатқан Диего автобусқа барып соқтығысыпты. Марадона аяғын зақымдап алса, оның азаматтық некедегі құрбысы Вероника жеңіл жарақат алған көрінеді. Интернет материалдары негізінде әзірленді.