1
– Мына күннің азынауын-ай!.. – деп кірді Советхан өзімен бірге даладан ере келген бір құшақ суықты сау еткізіп босағадан өткізе беріп. Қонышы қайырылған, мұз қатқан сары пимасын бір-біріне қаққыштап жатып, төргі үйден бері қарай сығалаған, жүзінде: «Бұл кім?» – деген әуестік табы бар алты-жеті жасар ұлға: «Әй, балақай, халің қалай-ей? Ассалау қайда?» деді көңілді үнмен. Саусағы сия-сия баланың сонда ғана есіне түссе керек, қолындағы қаламсабын тастай салып, босағадан бері озып, сырт киімін шешіп жатқан қоңқақ мұрынды қара кісіге: «Салаумаликім!» деп қос қолын ұсынды. «Уай, маладес, міне, жігіт!» деді анау еңкейіп сүйкімді кішкентай Әсеттің бетінен сүйіп жатып. Аузынан ащы судың иісі бұрқ ете қалса керек, бала бетін тыржитты. Оған мән берген Советхан жоқ.
– Иә, ден сау, мал-жан аман ба? – деп даңғырлап ас үйдегі ертеңгі шайын ішіп отырған үй иелері Жұбандық пен Гүлсімге амандаса кірді.
– Жақсы, кел төрге шық. Таң атпай мына қыстың көзі қырауда неғып жүрсің? – деді отағасы өзіне ілік-шатысы бар алыс ағайын болып келетін Советханның сәлемін алған соң.
– Уай, сол өкіметтің жұмысы да баяғы, – деді төрге шығып жайғасқан ол. – Ініңнің ушетшик болғанын білесіз. Содан бері үйде отырмайтын болдық қой, – деді алдына келген ыстық шайды қолына алып. – Бірінші фермадан ана жолы жүз центнер шөп сұратқамыз. Бікібай қыстауындағы малға деп. Соның жұмысымен кетіп бара жатқаным ғой ақ қар, көк мұзда. Сосын өздеріңнің амандықтарыңды білейін деп бұрылған бетім осы.
Жылынып, көңілін демдеген Советхан ежелден адамның ыңғайын тапқыш, еркін мінезіне салып, Гүлсім жеңгесін мақтауға көшті дейсің. Әңгімесін айтып отырып, «жеңгей, со жолғы пісірген тоқашың-ай!», «со жолғы тұздалған қиярыңның дәмі ауыздан кетпейді-ау, кетпейді!» деп қояды жұтқыншағын бұлт-бұлт еткізіп. Жылы жерге кіргесін бе, аяз сорған жүзі қызылкүреңденіп, қоңқақ мұрнының үсті быртиып, қошқыл тарта бастаған.
Жұбандықтың көп сөйлемейтін, біртоға мінезін білетін ол енді кеңшар малының ақырып тұрған биылғы мына қыстан күйлі шығу-шықпауын, қияндағы қыстаулардың шаруасының жай-күйін сөз етіп біраз отырды. «Өзіңе, қораңдағы анау қолдағы малыңа он центнер шөп түсіріп берейін», деді бір уақытта ыстық шайын ұрттап қойып. Жұбандық екеуінің алыс та болса туыс-жекжат екенін, қазір аға-бауырсыз күн көру қиындығын, өзі құдайға шүкір, учетчик болғалы біреуден ілгері, біреуден кейін, әйтеуір көштен қалмай тіршілік етіп жатқанын айтып, біраз жерге барды.
– Жеңгей, – деген содан соң көзі мөлтеңдеп. – А, жеңгей... Бір жүз грамың болса, сеп болатын еді мына жаман қайныңа... Сонау бірінші фермаға жеткенше қай заман. Өкіметтің малы деп жүріп үсіп өліп қалмайық дегенім ғой...
Жұбандық үндемеді. Советханның сырын білетін Гүлсім еріксіз күліп жіберді. Оны пайдаланып анау да әр нәрсені бір айтып, бастырмалатып қояр емес. «Пай, пай, жеңгей, осы көңілің-ай, көңілің!..»
Абыр-дабыр дауыс пен күлкіге елеңдеді ме, бір қолында сурет салатын дәптері, бір қолында қаламсабы бар Әсет асүйге кіріп, үстелдің басына келіп отырды. Шешесі оған шай құйып жатқанда Советхан: «Е, міне, азамат бопты Әсет те. Мынауың не? Сурет пе? Кәне, әкелші, көрейін», – деп кішкентай ұлдың дәптерін алып қарай бастады.
– Пәлі! Мына ұл дайын түрған художник қой, а?.. Жұбандық аға, жеңгей!.. Мынасы кәдуескі сүгірет. Иә сүгірет! – деді баланың өнеріне қайран қалып.
– Е, ол сурет салғанды жақсы көреді өзі. Қолы сия-сия болып күн ұзақ тұқшыңдап жатқаны, – деді Гүлсім ұлының басынан сипап.
– Бұнысы бер жағы. Тағы бір дәптері бар, әкеп көрсетші ағаңа, Әсетжан, – деді Жұбандық ұлына. – Көк сиямен салып жүр. Біздің дүкенде шарик қаламнан басқа түк жоқ. Қаладан бояу қарындаш алдыру керек еді. Бір ыңғайы келмей жүр, – деді ұлы құлдыраңдап төр үйге жүгіріп кеткенде әкесі.
– Ой, Жұбандық аға! Жеңгей! Мына Әсетжан болайын деп тұр екен. Таланты бар бала бір жерден жарып шығады, тек қана тіл-көзден сақтасын... Осының азамат болуы үшін, — деп «айтқаның келсіннің» астында, Гүлсімнің әкелген, Жұбандықтың құйған қырлы стақандағы арағын басына көтеріп, аузына құя салды Советхан.
Қонақ Әсеттің суретке толы екінші альбомын ақтарып отырып, тағы да біраз қошемет, мақтау сөз айтты. «Бояу қарындашты қалаға барып жүрген Вася досыма тапсырып, өзім алдыртам», деді бір кезде. Сосын: «Бір тоқтыны атадым Әсетке, құдай бұйыртса, мектепке барған тойына әкелем», деді тағы да.
Сүт пісірімнен кейін бірінші фермадан Бікібайдағы қыстауда жатқан малына жүз центнер шөп жаздырып алса, он центнерін осы үйге түсіріп кетпек болған Советхан: «Жол ұзақ... трәктірдің майы қатып қалар... Шаруа күтіп тұр», – деп кетуге жиналды. Шолақ тоны мен босағада қалқиып тұрған сары пимасын киіп жатып, есіне түсті ме, әлде Әсеттің өнеріне риза болғаны ма, жан қалтасына қол салды да әлденені суырып алды. Басы алтын түсті, әдемі, жуан қаламсап екен.
– Әсет-ей! – деп әлгінде төр үйге еніп кеткен баланы шақырып алды. – Мына алтын қаламсапты саған сыйладым, үлкен художник бол.
Көзі жайнап, ұмсына жеткен балаға: «Тұра тұр!» – деген сонан соң. «Қазір», – деп, автоқаламды сипады ма, үрледі ме, теріс қарап сәл түрды да, бері бұрылып:
– Айтпақшы, әлгі өзіңнің қаламыңды бер маған. Мен ештеңе жаза алмай қалам ғой. Ушетшікке де рушке керек, айналайын, – деді.
Әсеттің кәдімгі, қарапайым қаламын алып, «ал жақсы» деп Советхан да жөнелді. Бала ағасына айырбас жасаған алтын түсті қаламмен сурет салмаққа кірісіп кетті. Көп бөгелген жоқ, біраздан соң ас үйде ыдыс-аяқ жуып жатқан шешесі мен газет қарауға ыңғайланған әкесіне келіп:
– Көке-ау, мына қалам дұрыс бұралмайды ғой, қарашы, – деді.
Жұбандық «алтын қаламды» алып ары бір, бері бір қарады да:
– Өй, мынауың сынық қой. Резвісі кеткен, қалай бұралсын. Саудасы бітіпті ғой, – деді.
Гүлсім де не болып қалды дегендей қаламды ұстап, үңіліп қарады да, үнсіз басын шайқады.
– Алдап кетті ме мені Советхан аға? – деді Әсет әке-шешесіне кезек-кезек қарап, көңілі әлі сенбей.
Үнсіздікті Жұбандықтың дауысы бұзды: – Өзің жөндеп... адам құсап, былай, қарап алмайсың ба айырбас жасағасын, — деп зілсіз зекіді ұлына. Сөйтті де балаға орынсыз ұрысқанына ыңғайсызданды ма, әлде Советханның мына қылығына деген реніші енді ғана бұрқ ете қалды ма, бидай өңі қызарып, күпәйкесін үстіне асығыс жамылған күйі сыртқа шығып кетті.
2
Әсеттің қара көзі жәудіреп, кішкентай аузы ашылып, не істерін білмей, аңырып қалған жаңағы тұрысы көз алдына келіп, Жұбандықтың жүрек тұсы шым ете қалғаны. Кеше күні бойы жапалақтап жауып, қас қарая әрең басылып, тізеден түскен қалың қарды күреп тастамақ болып қораға бет алғанда... Есіне түсті. Бала кезі. Сол бала кезіндегі бір оқиға.
3
Соғыстан кейінгі уақыт. Елуінші жылдардың басы еді. Қиын кез. Таршылық заман. Ел іші жүдеу. Өзі іште жатқанда кеткен әке соғыстан қайтпаған. Үміт кесілмеген сияқты: қара қағаз келмеген еді. Оның үстіне қырғынның біткеніне қанша жыл өтсе де хабар-ошарсыз кетті деген бірді-екілі азаматтың табылып, елге оралғаны бар. Соны медет тұтқан Жұбандық үміт үзбейтін еді. Шеше – таң бозынан қара кешке дейін ферманың сиырын сауып, шөбін шауып, бір тыным таппайтын. Үйде аурушаң әже ғана бар. Анасы таңғы тәтті ұйқының құшағында жатқанында мұны бір иіскеп, іңір қараңғысында ауыр жұмыстан қажып келгенде, ұлының күн ұзаққа ойыннан шаршап, ұйқыға бас қойғанында бір иіскеп кетеді екен.
Әрине, оны кейін білетін болады Жұбандық.
Мектеп үйі көрші ауылда болып, жету қиын болған соң, ең бастысы – аяққа сұғар, үстіге киер киім табылмай, Жұбандық он жасына дейін оқуға бара алмады. Бала ғой, оған аса қайғыра қойған жоқ. Әйтсе де, бір аяқ киімнің зары жаман өтіп еді. Ойын ойнау қайда, қыста далаға шыға алмай, қамалып отырар еді тар үйде. Сол жылы табаны күс-күс болып, баяғыша ала жаздай ойын соңында жүре берер ме еді, қайтер еді, нағашысы келмегенде. Сол кезде отау иесі азамат болған, соған орай үйдегі шиеттей іні-қарындасын жеткізу қамымен, мектепті тастап, колхоздың ауыр жұмысына жегілген он бес жасар Алдоңғар нағашысы: «Сен, Жұбандық ойынды қой», – деген. «Жігіт болдың. Мектепке баруың керек. Құр жүргенше тышқан, күзен аула. Терісін жиып, күзде Бекендегі ләпкеге апарып айырбастап, өзіңе аяқкиім аласың», – деген. Өзі мұны ертіп, екі-үш күн жүріп, сұр тышқан мен сасық күзенге, қосаяқ пен сарышұнаққа қақпан мен торды қалай құру керегін көрсетіп берді. Жұбандыққа әсіресе, ін аузына шелектеп су құйып, біраздан соң құр-р еткен дыбыс шыққасын аузы ырсиып, үсті су болып атып шыққан сарышұнақты қайың таяқпен бастан ұрып құлататын ойын ұнады.
Жаңа ермек табылды. Сәскеде әжесінің қуырып берген бір уыс бидайын ыстық сумен соғып алған соң Жұбандық тышқан аулауға кетеді. Ұйыса біткен қалың қарағанның түбін, ойпаңда сығылыса өскен, атты кісінің бойындай биік шилердің арасын қарап, жоғалып кетуші еді. Күн бесіннен ауғанда шөлдеп, өзегі талып әрең оралады. Қызық еді тышқан аулау.
Түгі тықырайған күзен терісі, жүні жетілмеген қосаяқтікі аз-аздап болса да жинала бастады. Әжесі мен шешесі әуелде таңырқаған, кейін үндемеді. Шешесі күрсінді, әжесі көзіне жас алды.
Әрине, мұны кейін білетін болады Жұбандық. Бір күні түс әлетінде іргедегі өзенге бес-алты жасар жалаңбұттармен бірге суға түсіп, беті жарылып, басынан күн өтіп, шаршап келіп, үйде жатқан кезде біреу сырттан айқай салмасын ба:
– Уа, қайсың бар үйде?! – деп.
Жұбандық асыға-үсіге атып шықты далаға. Бауыры терлеген, есік пен төрдей торы аттың үстінде сорайған жағын түк басқан, суық өңді бір кісі отыр. Не дерін білмей аңырып қалған Жұбандыққа:
– Әй, бала, кім бар үйде? – деді.
– Әжем бар.
Аттан ырғатыла, асықпай түскен жаңағы кісі шылбырды белдеуге байлап, қақырынып-түкірініп, жапырайған құбатөбел үйдің биік табалдырығынан аттап, ауызғы бөлмеге кірді. Сығырайған кішкене жаман терезеден себезгілеген жарығы бар, алакөлеңке үйге көзі үйренбей біраз тұрды. Бұл кезде бір бұрышта бүк түсіп жатқан аурушаң, кәрі әже де басын көтеріп, үрпие қарап:
– Қай баласың, шырағым? – деді кимешегін түзеп жатып.
– Мен уәкілмін ауданнан келген. Орталыққа қайта жол жүріп бара жатырмын аса маңызды жұмыспен. Сусын бар ма үйде, апа? Шөлдеп келемін.
Сұсты кісі отырған жоқ. Тер сіңген, қызыл жағалы киімінен танауды жарған әлденендей бір өткір иіс шығады.
– Е, сусын табылады ғой, өзің тізе бүксеңші, қарағым.
Әжесі қиралаңдай тұрып, дастарқан жая бастады.
– Оған әуре болмай-ақ қойыңыз. Маған сусын болса, болды.
– Е, неге, айналайын, қазір-ақ, міне... Тек, бидай көже ғана қалып еді үйде...
– Пөйдет. Келесі ауылға – «Ленин жолына» дейін жетсем болды. Онда бәрін дайындайды ғой. Барымен базар...
Суыт жүріп бара жатқан уәкіл төрге тақау жайғасып, бидай көжеге бас қойды. Жұбандық қонақтың жоғары-төмен жүгірген жұтқыншағына қарап қалыпты. Екі-үш тостақты төңкергесін, маңдай терін сүртіп, қайыс белбеуін бір ырғап қойып:
– Бұл ауылдағының бәрі жұмыста-ау деймін, – деді әжесіне қарап.
– Шөп басында ғой бәрі. Осы он бес үйлі ауылдың бала-шағасы мен кәрілері ғана қалады мұнда шырағым.
– Дұр-рес. Бұл кімнің үйі болады сонымен? – деді біраз үнсіздіктен соң.
– Жәнібектің шаңырағы.
– Қай Жәнібек? Мәметектің Жәнібегі ме?
– Ие, ие. Көзімнің қарашығы – жалғызым, Жәнібегім, кешегі зұлматта хабарсыз кетті. Келіп қалар деп алаңдап отырамын.
Уәкілдің жүзі құбылып сәл отырды да:
– Нишауа, – деді. – Нишауа! Айдаудан аман қайтқан, жаны сірі Мәметек би кәрі сүйегін саудыратып, өз қыстауына жетіп өлгенде, Жәнібек те жер астынан шыға келер бір күні...
Содан кейін үнсіз күлген. Әжесі уәкілге буалдыр көзін сығырайта қарап, ауыр күрсіңді де қойды.
– «Үмітсіз шайтан», – деген. Аман-сау оралады әлі, – деді біраздан соң аса маңызды уәкіл беторамалымен желпініп отырып.
Әжесі «у-уһ!» деп күрсіне, аяғын сүйрете басып, сыртқа шығып кеткенде, шөлі қанып, бойы сергиін десе керек, аса маңызды уәкіл де қайтуға ыңғайланып, орнынан түрегелді. Түрегелгенде көзі түсті. Жұбандықтың ала жаздай жүріп түсірген олжасына. Сарышұнақ пен қосаяқтың, күзеннің терісіне.
– Балақан, мынау өзіңнің терілерің бе? – деді содан соң.
– Өзімдікі, өзім аулағам, – деді Жұбандық.
– Ой, азамат! Мұны қайтпексің?
– Бәтіңкеге айырбас қылам.
Аса маңызды уәкіл Жұбандықтың сирағы жарылған, табаны күс-күс аяғын енді көргендей қарап қалыпты.
– Дұр-рес, – деді сонан соң. – Жөн, жөн.
– Мен саған көмек жасайын, балақан, – деді сәлден кейін аса маңызды уәкіл тықыр теріні сипалап тұрып.
– Не көмек, аға?
– Өзің жете алмайсың. Мен мына теріңді алып, Бекеннің, әйтпесе ары асып, Көктеректің өзіне барып, саған аяқ киім әкеп берейін. Табаны бұжыр-бұжыр, қалың, қонышы биік, ұлтарағы жұмсақ, аяққа жайлы, мынауский деген бәтіңке! Көктеректе піркоролдың баласы ғана киеді ондай бәтіңкені. Жарай ма?
Жұбандық алғашында түсінбей қалған. Күндіз-түні зар илеп, бір құдайдан сұраған жалғыз ғана тілеуі – табаны бұжыр-бұжыр, қонышы жұмсақ, піркоролдың баласы ғана киетін, бірақ өзі көрмеген бәтіңкені көз алдына келтіре алмаған. Теріге бір қарап, аса маңызды уәкілге бір қарап, үндемеді.
– Е-һе-һе, балақан! Сен сенбей тұрсың-ау деймін, – деді аса маңызды уәкіл жүзі жадырап. – Әрбір совет баласын киіндіріп, тойындырып, оқыту – біздің міндетіміз. Партия солай дейді. Өкімет алдында біз жауап береміз.
Бала айтқан сөзді ұқпай түр деп ойласа керек, уәкіл Жұбандықтың алдына келіп, жүрелей отырды. «Былай. Он күннен кейін мен тағы бір срошный жұмыспен қайтып оралам. Осындағы колхоздарды тағы бір аралаймын. Сол кезде саған Көктеректен жылы бәтіңке ала келем. Жарай ма?»
Талайдан бері көкейде бұлықсып жатқан арманын жаратқанның өзі бере салғандай кеудесін қуаныш кернеп, көңілі алабұртқан бала жүргіншіге күлімдеп басын изеген.
– Қарағым-ау, бұнысын не ғылайын демекшісің? – деген аяғын сүйретіп жеткен әжесі бір қап теріні атының қанжығасына байлап жатқан уәкілге.
– Мына немереңе, апа, бір аяқ киім әкеп берейін деп отырмын. Он күннен кейін оралам, сол кезде ала келем!
– Қой, шырағым, бала шіркін не білсін. Ол тері өзімізге керек. Нетіп... Тастап кете қой, жарығым. Сөйт, жарығым!.. – деді әжесі абдырап.
– Совет баласын киіндіру — біздің борыш, апа... Так што мазасызданбаңыз.
Аса маңызды уәкіл атына мініп, тебініп қалды.
– Бұйыртса, он күннен соң оралам дедім ғой!..
– Қой, айналайын, керегі жоқ... Аяқ киімі құрысын. Тастап кет!
Аса маңызды уәкіл желе жортып әудем жерге ұзай берген.
– Әй, Жүко, тастап кет де ана кісіге! Естімей бара ма, немене?!
Әжесі айғай салған. Жұбандық сол кезде ғана бірдеңе сезсе керек, салт аттыны қуа жөнелген.
– Аға, бәтіңкенің керегі жоқ. Терімді тастап кет! Аға, ағатай!..
Сорайған жағын түк басқан, адырақ көз, аса маңызды уәкіл оқшырая бір қарап, атын қамшылап жіберіп, шоқыта жөнелген.
– Тастап кет терімді! Ағатай!..
4
Одан бері не заман өтті. Әке соғыста өлген. «Құлыным, жалғызым», деп ұлының қазасына көңілі сенбей өткен әже де бақилыққа аттанған. Шешесі ұлын жеткізіп, келінін түсіріп, енді немере қызығын көрем бе дегенде, оқыстан жазылмас дертке ұшырап, ана бір жылы көз жұмды. Ерте кетті. Енді, міне, өзі де елуден асқан. Үйлі-баранды, балалы-шағалы. Ел аман, заман тыныш.
Иә... Десе де, сол салт атты үлбіреген бала көңіліне жара салып кетіпті. Ал... Советханның бүгінгі қылығы мынау.
Жұбандық жерге шырт түкірді. Сонан соң ен далаға көз тастаған. Қырдың бұлдыр көкжиекпен астасып, сіресіп жатқан күміс қары күн сәулесімен шағылысып, көздің жауын алып жарқ-жүрқ етеді.
«Өмір деген осы да», – деді іштей күбірлеген Жұбандық. Көз алдында өзі көрген екі көрініс. Өмірдегі куәгер болған екі сурет...
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ.
Өскемен.