Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық торқалы тойымен тұспа-тұс келген күні кешегі Астана күні мерекесінің ыстық-суығы әлі басыла қойған жоқ. Мереке аясында өткен ауқымды іс-шаралардың ішінде Қазақстан және Татарстан республикаларының Халық әртісі Нұржамал Үсенбаеваның концертінің әсері ерекше болғаны аян. Мерекелік шаралар шымылдығын ашқан Нұржамал Үсенбаеваның шығармашылық кеші Астана күніне арналған мәдени шаралардың ішіндегі шоқтығы биік әрі тартымдылығымен есте қалды.
Қазақ ұлттық опера өнерінің арқауы – ежелден келе жатқан ұлттық фольклорымыз бен тарих түзген халықтық мұра болып табылады. Осы бекзат өнерді бағындырған талант иелерінің ішінде операның әлемдік деңгейдегі жұлдызы, қазақтың күміс көмей өнерлі қыздарының бірі, тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, Барселонадағы Франсиско Виньяс атындағы халықаралық байқаудың лауреаты Нұржамал Үсенбаеваның алар орны ерекше. Астана күні мерекесіне арналған шығармашылық кешінің бағдарламасын опера жұлдызының өзі белгіледі. Айтулы концертке ол өзінің шығармашылық достары германиялық дирижер әрі композитор Пьера-Доминика Поннеляны, чехиялық баритон Филипп Бонджаканы, мәскеулік тенор Роман Муравицкийді және алматылық тенор Медет Чотабаевты арнайы шақыртыпты.
Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жетекші әншісі ретінде Нұржамал Үсенбаева осы шығармашылық кеште өзінің бойына біткен табиғи талантын, жоғары орындаушылық шеберлігін барлық қырынан танытты. Ол ария, дуэт және трио сияқты классикалық концерт нөмірлерімен қатар жеке орындауында қазақтың халық әндерін де құйқылжыта шырқады. Астана мемлекеттік филармониясының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен опера жұлдызы орындаған бүгінгі заман әндері де, оперетталар мен мюзиклдерден алынған көңілді ариялар да шығармашылық кештің барынша көңілді де тартымды өтуіне игі әсер етті.
Германиядан осы шығармашылық кеш үшін арнайы келген Пьер-Доминик Поннелдің дирижерлығымен Нұржамал Үсенбаева Россини, Гуно, Понсе, Делибо, Чайковский, Леонкавалло және басқа еуропалық композиторлардың дүлдүл шығармаларын шырқады. Атақты дирижердің сүйемелдеуімен опера әншісі Нұржамал Үсенбаева бұл бекзат өнерді орындаушылық шеберліктің шыңына шығарып, сахна сәніне айналдырды. Сонымен бірге, ол сахнада өзін еркін ұстау өнегесін көрсете отырып, Ричард Рожерстің «До-ре-ми» мюзиклінен алынған үзінділер кезінде балалар хорының қатысуымен сахнаны кішігірім спектакльге айналдырды.
Шығармашылық кештің екінші бөлігінде оркестрге Абзал Мұхитдинов дирижерлік етті. Осы дирижердің сүйемелдеуімен Нұржамал Үсенбаева орындаған Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі» зал толы тыңдармандарының құлақ құрышын қандырып, концерт залының шырқау биігінде ұзақ уақыт шарықтап тұрып алды.
Елорда мерекесіне арнаған өзінің шығармашылық кешінде опера жұлдызы Нұржамал Үсенбаева Кальманның «Сильва» операттасынан, Федерико Лоудың мюзиклінен ариялар орындап Эндрю Ллойда Уэббераның «Призрак Операсынан» үзінділер орындады. Осы әлемдік шығармаларды тыңдармандар назарына ұсынған кезде опера жұлдызын прима-балерино Гулфайруз Құрманғожаева бастаған балет тобы мың бұралған би ырғағымен қолдап отырды. Бірнеше сағатқа созылған шығармашылық кеш Нұржамал Үсенбаеваның тарлан талантын барлық қырынан танытумен бірге, зал толы жұртты шынайы өнерге барынша тамсандырумен өтті.
Кеш соңында Нұржамал Үсенбаева осы концертке қатысқан барлық өнер шеберлерін сахнаға шығарып, Вердидің «Травиатасынан» үзінді орындады. Жез таңдай әншінің күміс көмейінен төгілген ашық та әуезді әуен бірде-бір тыңдарманын бейжай қалдырмады. Міне, Астана күні мерекесіне арналған бекзат өнер жұлдызының шығармашылық кеші осындай әсермен есте қалды.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.