19 Шілде, 2011

«Еуразия-2011» кинофестивалі осы күрең күзде өтеді

402 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Осыдан үш жыл бұрын Астанаға ауысып, одан кейін Алматыға қайта оралған халықаралық «Еуразия» кинофестивалі биыл жетінші рет 19-24 қыркүйек аралығында өтпек. Бұл фестивальға ұсынылатын фильмдер қазақ кинематографиясының соңғы жетістіктерін бейнелемек. Елімізде тек биылғы жылы 27 фильм түсі­ріл­ген болса, оның 12-сі осы бай­қауға жолдама алады деп күтілуде. Екі айдан кейін өткізілетін кино-думанның жай-жапсарына орай «Интерфакс-Қ­а­зақ­стан» агенттігінде «Еуразия» ХКФ-нің ұйым­дастыру комитеті арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. Өйткені, әне-міне дегенше келіп қалатын қыркүйек айы да алыс емес. Оған қоса кинофестивальге дайындық жұмыстары бүгінде қызу жүріп жатқан көрінеді. Бұл туралы БАҚ өкілдеріне «Еуразия» ХКФ ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киносту­диясы» АҚ президенті Ермек Аманшаев айтты. – 19 қыркүйек күні Мәдениет министрлігі, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, Кинематографистер одағы және «Еуразия» ХКФ дирекция­сының ұйымдастыруымен болатын кинофес­ти­вальдің ашылу салтанаты өтеді. Шара жылдағыдай – «Almaty towers» кешенінде болады. Фестиваль шеңберінде жүретін барлық іс-шаралар мен кездесулер сол ғимарат пен ондағы бес кинозалда өтеді. Қазір негізгі ұйымдастыру жұмыстары аяқталды. Бағдарлама ауқымды болмақ. Шілде айының соңында фестиваль байқауына қатысатын негізгі картиналар белгілі болады. Конкурсқа 12 картина қатысады, – деді ол. Және «Еуразия-2011» кинофестивалінің халық­ара­лық қазылар алқасын атақты оңтүстіккореялық режиссер Ким Кидук басқаратыны белгілі болып отыр. Оның «Ариранг» атты соңғы картинасы «Ерекше оқиға» бағдарламасы бойынша көр­сетілмек. – Қазылар алқасының құрамына сондай-ақ, әйгілі жапон режиссерлерінің бірі Йоичи Сай (2007 жылы оның «Қан мен сүйек» фильмі «Еуразия» конкурсына қатысқан), Ресей халық әртісі, режиссер Владимир Хотиненко және әйгілі француз актері, режиссер және сазгер Жиль Маршан бар, – деді ұлттық студия басшысы. Оның айтуынша, кинофестиваль барысында халықаралық конкурспен қатар, «Қарқынды дамып келе жатқан қазақ киносы – 2010 жылдың соңы мен 2011 жылы түсірілген фильмдер», «Халық­аралық кинофестивальдердің жүлдегер фильмдері», «Виртуалды Батыс», «Өзгермелі Шығыс», «АҚШ елшілігі ұсынған деректі фильмдер бағдар­ламасы», «Венециялық кинофестиваль жаңғы­рығы» бағдарламалары ұсынылатын болады. Еуразия кино кеңістігінде құлашын жайып келе жатқан кино-байқаудың бұлжымайтын бір дәстүрі – әлемге аты мәшһүр кино саңлақтарымен көзбе көз қауыштыруы. Биылғы жылы да «Еуразия» кинофестиваліне әлемдік кино жұлдыздары  келеді. Осы фестивальдің негізгі қонақ­тары­ның ара­сын­да «Оскар» сыйлығының жүлдегері, француз актри­сасы Жюльет Бинош, американдық актер, продюсер әрі сценарист, «Шанхайдағы тал­түс», «Шақы­рыл­маған қонақтар», «Ол, мен және оның достары» фильмдерінің кейіпкері Оуэн Уилсон да бар. Бір айта кететін жәйт, өткен жылы «Еура­зияның» конкурстық бағдарламасына ұсынылған 15-ке тарта отандық фильмдер ішінен іріктелген А.Сатаев­тың«Адасқандар» мен Ф.Шәріповтің «Қыз­ғылт қоян туралы аңыз» фильмдері қатысып, киногерлер тарапынан лайықты бағаланған бо­ла­тын. Ал биыл экранға жолдама алған фильмдер іші­нен Р.Әбдірашевтің «Балалық шағымның аспа­ны», Е.Кончаловскийдің экшн-фильм заңдары бо­йынша түсірілген «А-ға қайта оралу», А.Са­таев­тың «Ликвидатор», С.Тәуекеловтің «Жерұйық», Е.Нұр­мұ­хам­бетовтің «Аңшы бала» және Д.Са­ла­мат­тың «Кішкентай» фильмдерін ерекше атап өтуге болады. Ал, Г.Насыровтың «Гәкку», Ж.По­ша­нов­тың «Жел қызы» және Т.Байтүкенов пен Т.Қа­сымжановтың «Супербаха» фильмдері ай­рықша кинематографиялық әдістерімен ерекшеленеді. Бұл орайда, аталмыш фильмдердің халықаралық бай­қауға қатысуы мүмкіндігі сөз болды. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.