Окинава префектурасындағы Минами Дайто аралынан Жапонияның негізгі аралдарына қарай күшті тропикалық тайфун төніп келеді.
Табиғи апат соққысы сейсенбіден сәрсенбіге қараған түні 20 шілдеде Жапонияның орталық, шығыс және оңтүстік-шығыс бөліктеріне келіп жетеді деп күтілуде. Ұлттық метеорология агенттігінің мәліметтері бойынша, Ма-он тайфуны сағатына 20 шақырым жылдамдықпен жылжып келеді. Циклонның ортасында жел сағатына 126 шақырымға жетсе, шет жақтарында жылдамдық сағатына 90 шақырым болып отырған көрінеді. Кюсю, Сикоку және Амами аралдары жағалауында көтерілген толқынның биіктігі 9-12 метрге дейін жеткен. Бірқатар префектуралардағы билік өздеріне қарасты аумақтарды жаңа табиғат апатын қарсы алуға дайындауда. Мұндай сақтық шараларынан 11 наурыздағы табиғат апатына ұрынған «Фукусима-1» стансасы да бейтарап қалған жоқ. Мамандар АЭС нысандарын алдағы нөсер жаңбырға дайындауда.
«Талибан» жауапкершілікті өздеріне алды
«Талибан» қозғалысының өкілі президент Хамид Карзайдың кеңесшісі Джан Мохаммад Ханның өліміне қатысты жауапкершілікті өздеріне алатындықтарын хабарлаған.
Шабуыл 17 шілде күні кешкілік Ауғанстанның Каписа провинциясында орын алған болатын. Бес адам ел президенті Хамид Карзайдың кеңесшісінің үйіне баса-көктеп кіріп, Джан Мохаммед Ханды, күзетшіні және ауған парламентінің төменгі палатасының депутаты Мохаммед Хашем Ватанвалды атып кеткен. Соңғы мәліметтер бойынша, қаза болған саясаткердің үйінің жанында қарулы қақтығыс орын алған көрінеді. Келіп жеткен полицейлер қылмыскерлерді ғимарат ішінен шығармай қоршауға алып, оның соңы атысқа ұласқан. Соңғы кездері Ауғанстанда мемлекеттік қызметшілерге қарсы шабуылдар мен жарылыстар күшейіп тұр.
Мубарактің денсаулығы қалай?
Египетте елдің экс-президенті Хосни Мубарактің денсаулығы туралы әңгіме тағы да қозғала бастады.
Жақында оның авдокаты Фред ад-Диб елдің бұрынғы басшысының жағдайы аяқ астынан нашарлап, оның ес-түссіз күйге түскенін хабарлаған. Бірақ бұл ақпаратты Египеттің денсаулық сақтау министрлігі теріске шығарып отыр. Ал қазіргі уақытта Мубарак емделіп жатқан Шарм-эш-Шейх ауруханасының бас дәрігері болса науқастың жағдайы бірқалыпты деп мәлімдеген. Айта кету керек, үстіміздегі жылғы 3 тамызда Мубарак пен оның екі ұлы сот алдында жауап беруге тиіс. Оларға үстіміздегі жылдың қаңтар айында болған қарсылық акциясы кезінде ереуілшілерге қарсы қатаң шаралар қолданды деген айып тағылып отыр.
Қытай наразылық білдірді
Президент Барак Обаманың буддашылар көсемі Далай лама ХІV-пен кездесуіне байланысты Қытай АҚШ-қа наразылық білдірді.
«Америка жағы Қытайдың елеулі наразылық пен ұсыныс білдіргеніне қарамастан бірбеткейлік танытып, Ақ үйде Барак Обама мен Далай ламаның кездесуін ұйымдастырды. Ол ҚХР-дың ішкі ісіне дөрекі түрде араласу болып табылды. Ол қытай халқының сезімін қорлап, Қытайдың түбегейлі мүдделеріне, Қытай-Америка қарым-қатынастарына елеулі нұқсан келтірді», деп атап көрсетілген ҚХР-дың Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде. Қытай сыртқы саясат ведомствосының мәліметтері бойынша, ҚХР Сыртқы істер министрінің орынбасары Цуй Тянкай жексенбі күні таңертең АҚШ-тың Қытай ісі жөніндегі уақытша сенімді өкілімен кездескен. Далай лама АҚШ-қа буддалық іс-шараларға қатысу үшін келген болатын.
Румынияда пойыз тоналды
Румыния өкіметі пойыз вагонынан ірі көлемде әскери зымырандардың бөлшектерінің ұрланғандығы жөніндегі деректі мойындады.
Дегенмен, шенеуніктер ұрланған, осыған дейін хабарланғандай, оқтұмсықтар емес, «Град» дүркіндете ату зымырандық жүйесіне арналған жарғыштар ғана екенін хабарлаған. Оқиға пойыз Джурджу уезінің Станешть стансасына келген сәтте орын алған. Қару-жарақтың ұрлануына байланысты Румынияның әскери прокуратурасы тергеу ісін бастады. Заң сақшылары пойыз құрамын он жандармнан тұратын бөлімшенің күзеткенін анықтаған. Соған қарамастан, белгісіз біреулер вагонның есігін бұзып, жәшіктерді алып кеткен. Тергеушілер бұл металл сынықтарын ұрлаумен айналысатын сығандардың әрекеті деген ұйғарым жасап отыр.
Жаңа қолбасшы келді
18 шілде күні дүйсенбіде АҚШ пен НАТО контингентінің қолбасшысы генерал Дэвид Петреус өз өкілеттігін ресми түрде генерал Джон Алленге тапсырды.
Сарапшылардың пайымдауынша, Алленнің НАТО контингентіне қолбасшылықты қабылдап алуы Ислам республикасында, атап айтқанда, Панджшир және Бамиан провинцияларындағы қауіпсіздікке қатысты ахуалдың ушығуымен тұспа-тұс келіп отыр. НАТО әскерлерінің бұрынғы қолбасшысының терроризмге қарсы күресте армия айтарлықтай табыстарға жетті деп мәлімдегеніне қарамастан, елде таяуда болған оқиғалар оның сөзінің рас екендігіне күмән тудырып отыр. Себебі, шілде айында Ауғанстан президенті Хамид Карзайдың інісі өз күзетшісінің қолынан қаза тапса, жексенбі күні президенттің кеңесшісі Джан Мохаммед Хан мен парламент депутаты атып өлтірілді. Ал Ауғанстандағы америкалық әскерлер санын 30 мың адамға көбейтуге үлес қосқан Дэвид Петреус болса, еліне оралысымен орталық барлау басқармасының тізгінін қолына алмақ.
Құтқару жұмыстары жалғасуда
Жер астында қалып қойған екі шахтерді іздестіруді жеделдету үшін құтқарушылар «Воркутауголь» ААҚ-тың «Северная» шахтасының үйінділерін айналып өтіп алға қарай жылжу жөнінде шешім қабылдаған.
Қазіргі уақытта іздеу-құтқару жұмыстарына төтенше жағдайлар министрлігінің әрқайсысы бес адамнан тұратын екі бірдей бөлімшесі тартылып отыр. Белгілі болған мәліметтер бойынша, құтқарушыларға төтенше жағдай орын алған шахтаның кеншілері де көмектесуде. Мамандар шамамен алғанда 50 метр болатын үйіндіні өткен көрінеді, дегенмен әлі де 15 метр алға жылжу керек. Жер астында қалған шахтерлер әлі тірі деген үміт те жоқ емес. Айта кету керек, 16 шілде күні «Северная» шахтасында 740 метр тереңдікте жыныс қабаты құлап, 76 кенші дабыл бойынша шұғыл түрде жоғарыға шығарылған болатын. Бүгінгі күні жер астында қалып қойған шахтерлерді іздестіру жалғасуда.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.