Осы күндері Қытайдың Шанхай қаласында су спорты түрлерінен әлем чемпионаты өтуде. Оған әлемнің көптеген елдері қатысуда. Солардың арасында бірнеше рет Олимпия ойындары мен әлем чемпиондары болған Майкл Фелпс, Ален Бернар, Райен Лохте, Уссама Мелоун сияқты атақты спортшылар бар.
Әзірше бұл бәсекеде Қазақстан спортшылары көңіл көншітерлік нәтиже көрсете алмай келеді. Синхронды жүзуден өткен жұптық сында Анна Кулкина мен Әйгерім Жексембиева 17-ші орынды иеленді. Ал жекелей сында (соло) өнер көрсеткен Анна Кулкина 13-ші орын алып, финалдық кезеңге шыға алмады. Оған тек 12-ші орынды иеленген спортшылар ғана жіберіледі.
Су добынан Қазақстан құрамасы алғашқы ойынында Венгриядан 21:6 есебімен ұтылды. Енді әйелдер командасының келесі қарсыласы – Голландия құрамасы. Ал Голландия болса, алғашқы ойынында АҚШ-пен 7:7 есебімен тең түсті. Еліміздің ерлер командасы Испаниямен кездесіп, олар да 18:5 есебімен жеңілді.
Ерлер де әйелдер де өз топтарындағы ойындарын осылайша сәтсіз бастады. Ерлер құрамасының бас бапкері Сергей Дроздов Венгрия, Испания, Черногория елдері спортшыларымен барынша иық теңестіріп бәсекелесуге тырысатындарын айтқан. Қарап отырсақ, біздің командамызға аталған азулы құрамалармен тең дәрежеде ойнау оңай емес сияқты. Әйелдер командасының да қарсыластары оңай шағылатын жаңғақ емес екені көрініп тұр. Голландия мен Венгрия әлемнің бірнеше дүркін чемпиондары. Осы жерде Тараздың «Айша-бибі» клубынан құралған еліміздің бас командасының жарыста миллиондаған жанкүйерлердің алдында жанкештілік ойынымен, жеңіске деген жігерлігімен жақсы әсер қалыптастырып кетсе екен деп тілейміз.
Су добынан ойындар өтіп жатқан кезде синхронды жүзуден жұптық кездесудің техникалық жаттығулары аяқталды. Бұл сында бас жүлдені Ресей құрамасы, күміс медальді Қытай, қола жүлдені Испания иеленді. Суға секіруде Қытай қыздарына тең келетін ешкім болмады. Олар бұл жарыста төрт бірдей алтын алды.
Әлем чемпионатында су добы, синхронды жүзу, суға секіру, жүзуден болсын Қазақстан спортшыларының әлі бір жақсы нәтижесін көре алмай отырмыз. Осы ретте чемпионат тұрмақ, біздің әлемдік бәсекелердің ешқайсысында әлі жұлдызымыз жанбағанын айтуға тура келеді.
Бұл жерде бір ғана мәселе бар екенін айту керек. Ол – білікті бапкерлердің жоқтығы. Әйтпесе, жұптық сында 17-ші орынды, жекелеген жарыста 13-ші орынды алған Анна Кулкина, Әйгерім Жексембиева, Әйгерім Анарбаева, Әйгерім Исаева, Айнұр Керей, Әмина Ермекханова, Айсұлу Наурызбаева сияқты суда мың бұралған аруларымыздың «бағын» ашатын бапкерлер болса, олар бізге судан жүлдені санап тұрып алып берер еді ғой дейсің.
Су спортынан биыл 14-ші рет жалауын көтерген жарыс 31 шілдеге дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде спорттың 5 түрі бойынша 66 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Суға секіру, жүзу, ватерпол, ашық суда жарыс, және синхронды жүзуден сындар өтеді.
Дастан КЕНЖАЛИН.