Америкалық медиамагнат Руперт Мердокқа қарасты, қызметкерлері Ұлыбританияның қарапайым азаматтары мен белгілі қайраткерлерінің телефондағы әңгімелерін тыңдайды деген күмән тудырып отырған News of the World таблоиды төңірегіндегі дау-жанжал өрши түсуде.
Осы оқиғалар аясында Лондон полициясы қазірдің өзінде өзінің екінші басшысынан айырылды. Бұл жолы полиция бастығының орынбасары Джон Йейтс отставкаға кетті. Оның алдында Скотланд-Ярд басшысы Пол Стивенсон осындай шешім қабылдаған болатын. Осыдан аз уақыт бұрын қайта басталған тергеу мәліметтері бойынша, басылым журналистері Корольдіктің 3,7 мыңға жуық тұрғындарының әңгімелесулерін тыңдаған көрінеді. Екі басшының адалдығы мен кәсібилігі еш күмән тудырмайды, бірақ News of the World қызметкерлері мен Лондон полициясы төңірегіндегі күмәндар 2012 жылғы Олимпиада қарсаңында офицерлер жұмысына кері әсер етуі мүмкін, деп мәлімдеген Лондон қаласының мэрі Б.Джонсон.
Өз анасының үйіне соқтығысты
Швейцарияның Шаффхаузен кантонындағы Оберхалау коммунасының тұрғыны ұшақпен өз анасының үйін келіп соққан.
Жұмыссыз жүрген инженер-электрик әрі әуесқой ұшқыш Конрад Шмидт төрт орындық жеңіл ұшақты прокатқа алған көрінеді. Машинаның жарылуынан үй бірден отқа оранса да Конрадтың анасы Розмари Шмидт есеңгіреп қалғаны болмаса, ажалдан аман қалыпты. Сөйтсе ол жарылыс болған сәтте подвалда жүрген көрінеді. Үйінді астынан әйелді көршілері алып шыққан. 44 жастағы Конрад Шмидт екі жылдан бері жүйке ауруымен ауыратын көрінеді.
Әріптестерін жақтап шықты
«Альфа» қызметінің ардагерлері Литвада қудалауға түскен өздерінің бұрынғы командирі, таяуда ғана Литва өкіметінің сұрауы бойынша Австрияда қамауға алынған Михаил Головатовқа қатысты мәлімдеме жасады.
Мәлімдеме авторлары Литва жағының тағып отырған айыптарын «оғаштық» ретінде теріске шығаруда. Айта кету керек, арнайы бөлімше жауынгерлері мен десантшыларына 1991 жылы Вильнюсте орын алған оқиғаларға қатысты айып тағылған болатын. Ал «Альфа» ардагерлері болса литвалық саясаткерлер тарихты өздерінің көксеген ниеттеріне орай қасақана бұрмалап, Ресейден жаудың бейнесін қалыптастырып отыр деген қарсы сын айтуда. Сөз орайында Австрия өкіметінің Головатовты Литваға беруден бас тартып, қамаудан босатқанын және оның елден кетуіне рұқсат бергенін де айта кету қажет.
Ірі уран кен орны ашылды
Үндістанның оңтүстігінде ашылған уран кен орнының қоры әлемдегі ең ірілердің бірі болып табылады, деп мәлімдеген елдің ядролық энергетика департаментінің өкілі Шрикумар Банерджи.
Банерджидің айтуынша, Андра Прадеш штатындағы Тумалапалли кенішіндегі дәлелденген кен қоры 49 мың тонна уранды құрайды. Шенеунік атап көрсеткендей, соңғы бағалаулар бойынша учаскедегі кен қыртысының жалпы көлемінің 150 мың тоннаға жетуі мүмкін. Тумалапалли кен орнына қатысты жұмыстар үстіміздегі жылдың соңына дейін басталады деп күтілуде. Қазіргі уақытта Үндістан АЭС-те бүкіл өндірілетін электр қуаттары көлемінің 3 пайызға жетпейтін мөлшерін ғана өндіреді. 2050 жылға қарай ел өкіметі ол көрсеткішті 25 пайызға дейін жеткізуді көздеп отыр.
Қантөгіске ұласқан қақтығыс
Қытайдың Шыңжаң-ұйғыр автономиялы ауданында полициямен болған қақтығыс салдарынан 20 адам қаза тапты, деп хабарлады Франс-Пресс агенттігі.
Осы агенттіктің қудалауда жүрген ұйғыр белсенділері тобына сілтеме жасай отырып хабарлауынша, қаза тапқандардың бәрі ұйғырлар көрінеді. Бүкіләлемдік ұйғыр конгресі ұйымының айтуы бойынша, полицейлер Хотан қаласына таяу жерде 14 адамды өлімші қылып сабап, 6 адамды атып өлтірген. Тәртіпсіздіктер ұйғырлардың өз туысқандарын түрмелерден босатуды талап етіп, полицейлерді кепілдікке алуға талпыныс жасауына байланысты орын алған көрінеді. Нәтижесінде 70 адам тұтқынға алынған.
Ливия мен ақш арасындағы келіссөз
Ливия басшысы Муамар Каддафидің өкілдері мен АҚШ-тың арнайы тұлғалары Тунис аумағында бетпе-бет келіссөздер жүргізген.
Ливия үкіметінің өкілі Мусса Ибрагимнің айтуынша, бұл елдер арасындағы қарым-қатынастарды талқылаудың тек бірінші сатысы ғана. АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Каддафи делегациясымен кездесу фактісін растаған, бірақ оның бір ғана мақсатпен – Ливия көсеміне отставкаға кетуі жөнінде нақты талап қою мақсатымен өткенін атап көрсеткен. Сондай-ақ, мемдепартамент бұдан кейінгі жерде ешқандай кездесудің жоспарланып отырмағанын да хабарлаған.
Венгрия сотының шешімі
Венгрия соты Визенталь орталығы 1942 жылы Сербияның Нови-Сад қаласында 1,2 мың еврейлерді, сербтер мен сығандарды өлтіруге қатысы бар деп айыптаған Шандор Кепироны ақтап шықты.
97 жастағы венгр Шандор Кепиро ісіне қатысты сот үстіміздегі жылғы мамыр айында Венгрия астанасы Будапеште басталған болатын. Соттың Кепироны ақтау туралы шешімін залда отырғандар ду қол шапалақтаумен қарсы алыпты. Ал нацистік қылмыскерлерді іздестірумен айналысатын Визенталь орталығы бұл сот процесі нацистік қылмыскерлерге қатысты ең соңғы және ең шулы процестердің бірі болады деп үміттенген көрінеді.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.