Ал жем-шөп әзірлеу одан бетер қиындап барады
Жаңбырлы жаздың мінезі алабұртқан баланың қылығындай. Арқаңды қыздырған ыстығын бір-екі күнге жеткізбейді, жұлмаланған бұлт жиылады да, жауып өтеді. Есесіне биыл көктің нұры тиген жердің шөбі де белуардан. Ескі алашадай тықырланып, тозып жатқан жоқ, мал жайылымының да ажары кіріп қалған. Жинағанға шөп жетеді. Алайда, жаңбырлы жаздың да өз қиындығы бар. Шапқан шөпті күнаралатып құйып өткен жаңбыр кебуге үлгертпейді. Қарайған шөптің маңызы кетеді де, қыстыгүні оны мал сүйсініп жемейді. Дегенмен, «бардың есебі табылады» деген рас. Шөп көп болғандықтан, қорасындағы бір-екі ірі қарасы мен уақ малдың алдағы қыста шөпсіз қалмайтындығына шаруаның да сенімі жоқ емес. Бірақ ауылдағы ағайын шөптің аздығынан көктемге малы көтерем болып, титықтап шыққан өткен жылды қалай ұмытсын. Былтыр тек Қостанай өңірі ғана емес, еліміздің бүкіл солтүстік аймағында болған қуаңшылықтан ауылдағы шаруа шөпті қылтанақтап жинағандай еді. Шөп аз болған соң оның бағасы да шарықтады, тоннасы 15 мың теңгедан асып жығылды. Қолында техникасы, күш-қуаты барлар ораққа ілінген шөпті орып жинап алды да, көктемге қарай оны тағы да қымбаттатып сатты. Малдың амандығын тілеген жұрт тапқан табысын бала-шағаның аузынан жырып, малының аузына тосуға мәжбүр болды. Көктемге салым Таран ауданындағы Белинский елді мекенінде болғанымызда ауыл тұрғыны Нұрбек Мусин малына шөпті қалай дайындағанын жырдай етіп айтып берген еді. – Мен бала-шағаммен жабылып жүріп, жолдың шетіне шыққан шөпке дейін қалдырмай, уыстап ордым десем өтірік айтпаспын. Шабындық тозып кеткен, соған қарай шөптің бағасы да қымбат болды. Тоннасына 12-15 мың теңгеден алды, – дейді Нұрбек. Шөпті жинап алдым, дегенмен қыстай Нұрбектің көңілі орнына түспеді. Өйткені, қыстың сақылдаған сары аяз күндерінің өзінде малға шөпті сығымдап беріп, қараөзек көктемге сақтады. Жемге салмақ салайын десе, кебектің отыз килодан аспайтын қабының бағасы мың теңгеге дейін көтерілді. – Көктемде екі қойым арам өліп қалды. Ауылдың мал дәрігерін әкеп көрсетсем, мал сүзгендігін айтты. «Қыстан теңселіп, көтерем шыққан қойлар малдың мүйізгектегенін де көтере алмайды» деп түсіндірді мал дәрігер. Өзім зоотехник болмасам да, ауылда өскен шаруамын. Өткен жылғы шөптің малға ешқандай құнары болған жоқ, сондықтан көктемге құр сүлдері шықты, – дейді Қостанай ауданындағы Глазунов ауылының тұрғыны Серік Күнтуаров. Бұрынғы жылдары шабындықта екпе шөптердің түр-түрі егілетін. Әсіресе, еркекшөптің жұқанақтары тозып кеткен шабындықтар мен жайылымдарда осы күнге дейін кездеседі. Құрғақшылық болған жылдары өріске айдаған сиырлар тойынбайды, кешке бақташы табынды екі бүйірін қабыстырып айдап келе жатады. Қай ауылға барсаңыз да айнала егін, содан артылған жер мал жайылымына бұйырады. Кеңес одағы кезінде шаруашылықтар екпе шөпті күтетін еді ғой, қазір шабындық та азған. Тарақ бидайық, еркекшөп ораққа ілінбейді. Қып-қызыл ақшаға сатып алған шөптің арасында қауы көп, оны сүйсініп жемеген малдың қыстыгүні іші кетті, дейді әлгі Нұрбек Мусин. Бір Нұрбек емес, шабындық пен жайылымның жайын шаруалар айта-айта шаршап келеді. Ал облыс басшылары не дейді дейсіз ғой? Өткен жылғы бір мәжілісте облыс әкімі Сергей Кулагин: «Ауыл шаруашылығының маңызды саласы – мал шаруашылығын одан әрі интенсивті дамытуға тежеу болатын маңызды фактор өндірістің ұсақ тауарлылығы болып қалып отыр. Ірі қараның жалпы басының 83 пайызы жеке шаруа аулаларында ұсталады» деген еді. Нақтылай түссек, ауылдағы ағайынның қорасындағы ірі қарасы ғана 464 мың бастан асып жығылады. Ал шаруашылық нысандарындағы мал 20,9 мың бас қана. Қазір аудандарда жаңа технологиямен жабдықталған мал бордақылайтын алаңдар, сүт өндіретін фермалар салынып жатыр. Дегенмен, олар саусақпен санарлық. Ал малдың басым бөлігін ұстап отырған жеке қожалықтардың ауласында шөп шабатын техника жоқ. Облыста қалыптасқан жүйе бойынша жеке секторға серіктестіктер, шаруа қожалықтары шөптен қарасады. Қарасқанда тегін түсіріп бермейді, әрине. Өздері иемденген жердің шөбін оларға сатады. Күтілмеген шабындықтан шөп те аз түседі, бірақ аз шөптің бағасы аз болмайды, қайта аспандайды. Одақтың тынысы тарылған 1990 жылы Қостанай облысындағы кеңшарлар мен ұжымшарларда 986 мың ірі қара болған екен. Ал жекенің қолындағы малдың саны 286 мың бас болған. Қоғамдық сектордағы мал үшін 1 631,5 мың гектар жерге мал азығындық дақылдар себіліпті. Ол сүрлемдік жүгері, көк азық, бір жылдық, көп жылдық шөптер, көп жылғы шабусыз шөптер деп бөлінетін. Содан жекенің қолындағы малға да «сыбаға» тимей қалмайтын. Екпе шөп қайда кетті дерсіз? Шабындықтар Кеңес одағы жылдарынан кейін күтілмеген, екпешөп егілмеген. Қазір облыста Қарабалық және Арқалық ғылыми-тәжірибе шаруашылықтары екпешөп тұқымын өндірумен айналысады. Олардың қатарына соңғы 4-5 жылда «Қазақ тұлпары» асыл тұқымды жылқы зауыты қосылды. – Біз екпе шөпсіз мал азығының дұрысталмайтындығын сезіндік. Сондықтан Қарабалық ғылыми-тәжірибе шаруашылығында жатқан тұқымды қаптап тасып, шабындықты көбейтіп, енді оны сататын дәрежеге келтірдік. Әдетте, жоңышқа оңтүстік облыстарда ғана шығады деген түсінік те қалыптасқан. Міне, біздің шаруашылық шабындығында ол жайқалып тұр. Былтыр құрғақшылық болған жылдың өзінде гектарына 8 центнерден шөп жинаған едік. Биыл гектар түсімі 20 центнерден асады. Ал күзде оның тұқымын сатамыз, басқа облыстардан тапсырыс түсіп те жатыр, – дейді жылқы зауытының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Набидолла Кикебаев. Шаруашылық агрономы Берік Қорғанбеков жоңышқаның құрамында протеин – 57, эспарцеттің, еркекшөптің құрамында 37 пайызға дейін жететіндігін айтты. Белокқа бай бұршақ тұқымдас бұл шөптер малға өте жұғымды. Қазір «Қазақ тұлпары» жылқы зауыты жыл сайын екпе шөптің көлемін ұлғайтып келеді, олар жаңадан 1000 гектарға жоңышқа, еркекшөп, эспарцет екті. – Жылына 30 тоннаға жақын шөп тұқымын сатамыз. Бірақ бұл Қазақстан бойынша алғанда теңізге тамшыдай ғана ғой. Шөп тұқымын өндіретін шаруашылықтар әр ауданда болуы керек, сонда ғана мал азығы дұрысталады. Биыл мысалы, жаңбыр бар, табиғи шөптің шығымы да жаман емес. Бірақ оның түсімі екпе шөптен бес есе аз. Оған жанар-жағармайды, техниканың тозуын қосыңыз. Сонда оған кеткен шығын да екпе шөпке жұмсаған бейнетіңнен асып түспей ме? – дейді Набидолла Ақанұлы. Баяғыда ауылдағы ағайын бел орағын шыңлап алып, қорадағы малына шөпті өздері де орып алатын еді ғой. Бүгін неге олай істей алмайды? – Өйткені, шабындықтың иесі бар, оларға ешкімді жолатпайды, – дейді Қостанай аудандық әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Марат Сартов. – Уақытша пайдаланылмай жатқан жерлер бар. Мысалы, ол біздің ауданда 18 мың гектарға жуық. Бірақ олардың иесі шабындыққа ешкімді өткізбейді. Қай ауылға барсаң да малдың жайылымы мен шабындық мәселесі алдыңнан шығады. Биыл жыл жаңбырлы болған соң жайылымның оты төтеп беріп тұр. Жекенің қорасынан өрген малдың тұяғы ауылға жақын жайылымды лезде таптайды. Оның есесіне серіктестіктер мен шаруа қожалықтары ауылдың шетінен бастап, егін егеді. Оған түскен мал түгіл малдың иесі де оңып қалмайды. – О баста қателік кеткен ғой. Оны жөндеуге неге болмасын. Айналадағы, ауылға жақын жерлердегі жайылымдық жерлердің барлығын да қайтарып, ауылдық-селолық әкімдіктерге беру керек. Пайдаланбай жатқан жерлер бер. Қалталылар уақытында алып алған да, енді ол жерлерді аң аулауға ғана ұстап отырғандар да кездеседі, – дейді Набидолла Ақанұлы. – Жер қайтарылды делік, бірақ онымен айналысатын әкімнің қолында күш-қуат, қаражат тағы жоқ. Міне, мәселе осылай тұйыққа барып тіреледі де тұрады. Сонда тұйықтан шығар жол жоқ па? Бүгінде мемлекет тарапынан жайылымдарды қалпына келтіру, сақтау туралы бағдарламаның бар екендігін ауылда отырған ағайын да, әкімдер де біле бермеуі мүмкін. Білсе ауылда мемлекеттен де, өзге гранттар арқылы да қаржы бөлініп жатқан осы бағдарлама неге жүзеге асып, жұрттың игілігіне айналмайды? Естуімізше, Қарағанды облысының Шет ауданында тақырланып кеткен жайылым нақ осы бағдарлама шеңберінде мал тойынатындай дәрежеге келтіріліпті. – Онда алдымен жайылымдық жерлер қоршалып, оған екпе шөптер егілді. Мал да тоқ, ауыл айналасы да жайнап кетті. Мұны басқа өңірлерде де қолға алуға болады, – дейді ауыл шаруашылығының бар «ауруын» жақсы білетін ғалым-басшы Нәбидолла Кикебаев. Нәбидолла Аханұлы да, өзге мамандар да ауыл шетіндегі жайылымдық жерді сақтаудың бір жолы жеке сектордағы сауын сиырларды ғана ауылға қалдырып, бойдақ малды елді мекеннен шалғайлау апарып, көктемнен қара күзге дейін бөлек бағу екенін айтып келеді. Бірақ мұның ауылдық округтерде жүзеге асып жатқандығын көріп отырғанымыз жоқ. Бәрі де ұйымдастыруға, облыс басшылығы деңгейінде қолға алуға саятын секілді. Шаруа қазақ қашаннан «сиырдың сүті–тілінде» деген. Етке де осыны айтуға неге болмасын? Базардағы еттің де, сүттің де көлемі мен сапасы малды қалай бағуыңа байланысты екені айтып жатуға артық әңгіме. Әлгі айтқан 1990 жылы облыста барлығы тірідей салмақта 144 мың тонна ет өндірілген екен, соның 107 мың тоннасын шаруашылықтар берсе, қалған 37 мың тоннасы тұрғындардың жеке қорасындағы малдан өндірілген. «Кремльдің дүкендерінде Торғайда өндірілген сиыр еті сатылатын» деп бүгінде ардагер ақсақалдар айтып отыратын әңгімеден Қостанай өңірінде өндірілген еттің сапасы мен дәмділігі де айтарлықтай болғанына шүбә келтірмейсің. Жасыратыны жоқ, қазіргі көрініс осыған кереғар десек қателеспейміз. Еттің көбін бұрынғыдай шаруашылық нысандарда емес, шаруаның қорасында өндірілетіні бесенеден белгілі. Тіліне шұрайлы шөп орай алмай, қыстан теңселіп шығатын малдың етін де мақтай алмаймыз. Оның үстіне қандай ауылдық, селолық округке барсаң да мал дәрігері, зоотехник мамандар жетіспейді. Жақында жолымыз түсіп Қарасу ауданында болғанымызда, аудан басшылары ауыл шаруашылығында осы мамандардың жетіспейтіндігін, оның проблема болып отырғандығын жасырған жоқ. Екі-үш ауыл бір мал дәрігерін күтіп отырады екен. Біз мамыр айында «Егеменде» «Ұжымдасу – үлкен іске ұйымдасу» атты мақала жариялаған едік. Онда кейіпкеріміз Мінайдар Боранбаев деген кәсіпкер азаматтың ауылшаруашылық кооперативін құру мақсатында іс бастап жатқаны туралы айтылған еді. Мінайдар әлі сол ұстанымында. Кооператив құрмай, бірікпей, ұжымдаспай ауылдағы шаруаның бейнеті жеңілдемейді. Кооператив құрылса оның мүшелерінің малына арзан бағамен қажетінше жем-шөп түсіріліп береді. Шабындық пен жайылымды ортақ пайдаланады. Ауылдың әлеуметтік мәселелерін, шаруаның малынан өндірген тауарларды өткізудің барлығын да кооператив мойнына алады. Несі бар, ауылды өркендетуге, мал өнімдерін өндіруді интенсивтендіруге бұл да жол болар еді. Ал елімізде тұтынушылар кооперациясы туралы заң 1999 жылы қабылданған болатын. Заңдық негіз бар, Елбасы барлығына жағдайды жасап берді. Кәсіпкердің айтуынша, заң жұмыс істесе, ауылдағы ағайын осынша байтақ жерде отырып, оған телміріп қарамай, бейнетіне қарай зейнетін көрер еді. Ауылда отырғандар бүгінгідей маңдай тері көзіне құйылып жүріп бейнетін ғана жемей, малдан пайда тапқанда ғана ауылдың еңсесі көтеріледі. Оның үстіне Кеден одағына кірген елдерге ет артамыз деген де мақсат бар. Ет пен сүттің сапасы үшін ешкімді аямас бәсекеге бәсіре қосатын уақыт та келе жатыр емес пе? Ал осының барлығының кілтипаны – мал азығында, шөп пен жемде тұр. Биыл облыс бойынша біржарым жылдық жем-шөп қоры жасалуы тиіс, яғни 1217,7 мың тонна шөп жиналады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша шөп жинау қарқыны жаман емес. Жоғарыда айтқандай, техникасы бар шаруашылықтар керегінше шөп орып аларына дау жоқ. Ал жайқалған шабындыққа телміре қарағаннан басқаға шамасы жетпейтін шаруа да осы жазда қамшы салмаса, алдағы көктемде таяғын ұстап қалмаса да тағы да титықтайтыны өзіне де, өзгеге де белгілі.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.