Бүгінде еліміздің төрт қаласында (Астана, Алматы, Қарағанды және Петропавл) «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, Байланыс және ақпарат министрлігі және «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» АҚ Ішкі істер министрлігінің қолдауымен автокөлік иелеріне айыппұлды кезексіз төлеуді үйрету акциясын өткізуде. Акция барысында ІІМ Жол полициясы басқармасының тіркеу-емтихан бөлімдеріне келген автокөлік иелері ЖҚЕ бұзғаны үшін салынған айыппұлды Интернет арқылы төлеу мүмкіндіктері туралы ақпарат алып, «Электронды үкімет» порталының көмегімен айыппұл төлеудің жолдарымен танысады.
ЖҚЕ бұзғаны үшін жол полициясы қызметкерлері белгілеген айыппұлды «Электронды үкіметтің» төлеу қызметі өткен жылдың қараша айынан бастап еліміздің барлық аймағының тұрғындары үшін қолжетімдіге айналды.
Бүгінгі күні төлемнің түрі бойынша www.egov.kz порталы арқылы бюджетке 1 250 000 астам теңге түсті.
Айыппұлды «онлайн» тәртібінде төлеу үшін жүргізуші куәлігі не болмаса әкімшілік бұзушылық туралы хаттама мәліметтерін (бланк сериясы, нөмірі, ЖҚЕ бұзған күні) www.egov.kz порталындағы арнайы жолақта көрсету қажет.
Айыппұлды Visa немесе Mastercard төлем карточкаларының көмегімен төлеуге болады. Электронды төлемнің тиімділігі, бірінші кезекте, айыппұлдың өтелгені туралы ақпарат бірден ІІМ Жол қозғалысы ережесін бұзу туралы орталықтандырылған деректер қорына келіп түседі. Осыдан кейін айыппұл өтелген болып есептеледі.
Айыппұлды өтегеннен кейін қолданушыға электронды чек беріледі. Ол қолданушының «Электронды үкімет» порталындағы жеке кабинетінде сақталады.
Қажет болған жағдайда не болмаса бұрын алып қойған жүргізуші куәлігін қайтарып алу үшін оны басып шығарып, ішкі істер органдарының жол полициясы бөліміне көрсетіледі.
Енді таяу арада бейнебақылау жүйелерінде тіркелген ЖҚЕ бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлдарды «Электронды үкімет» порталында «онлайн» төлеу қызметі ұсынылады, деп хабарлады БАМ баспасөз қызметі.