Атырауда мемлекеттік қызметшілердің республикалық спартакиадасы өтті
Атырауда бұған дейін республикалық деңгейде мемлекеттік қызметшілердің мұндай спорттық сайысы өткен емес-ті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында атап көрсетілген «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесіне арналған бірінші республикалық спартакиадаға барлық облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының командалары қатысты. Бір мыңға жуық мемлекеттік қызметшілер спорттың 6 түрінен, яғни, 4 күн бойы волейбол, баскетбол, кіші аяқ доп, үстел теннисі, бильярд және тоғызқұмалақтан бақ сынасты.
Мемлекеттік қызметшілердің республикалық бірінші спартакиадасы облыс орталығындағы Исатай-Махамбет атындағы алаңда жалауын көтерді. Салтанатты шараға жиналғандар еліміз бойынша қолға алынып жатқан спорттық шараға қызу қолдау көрсетті. «Біздің мақсатымыз – мемлекеттік қызметшілерді ұйытқы қыла отырып жалпы халықтың спортқа, сол арқылы саламатты өмір салтына үндеу. Сол арқылы бәсекеге қабілетті дені сау ұрпақ тәрбиелеуді насихаттау», – деді спартакиаданы ұйымдастыруға атсалысқан Туризм және спорт министрлігі Спорт комитеті төрағасының орынбасары Мәлік Сапашев.
Өткен аптада үш күндік спорттық сайыстар Атыраудағы 2 стадион мен 4 спорт кешенін дүрілдетіп тұрды. Бұл нысандарда мемлекеттік қызметшілер шеберлігін шыңдайтын ширақтық танытты. Әр өңірден жеңімпаз атанбаққа ұмтылған сергек көңілді спортшылар өте жақсы дайындықпен келіпті. Мұны төрешілер мен спорт мамандары арнайы атады. Мәселен, атыраулық мемлекеттік қызметшілер кіші аяқ доп сайысында барлық команданы шаң қаптырды. Алматылық жігіттер баскетбол сайысында өзгелерден оқ бойы озық тұрып, бірінші орынды иеленді. Нақ осы сайыста маңғыстаулық қыздардың бағы жанды. Волейболдан тартысты өткен жарыста тағы да Атыраудың жігіттер командасына тең келер қарсылас табылған жоқ. Қыздар арасында шығысқазақстандық қыздар волейболдың шебері екендігін байқатты. Тоғызқұмалақта Қарағанды облысынан келген жігіттердің абыройы асқақтады. Осы сайыста атыраулық арулар бірінші жүлдені еншіледі.
Жалпы алматылық команданың еншісінде жеңісті жақындата түскен ұпайлар үстел теннисі мен бильярд ойындарында үстемелене түсті. Бұл команда спорттың осы түрлерінен жеңістің биік тұғырына көтерілді. Әрине, бірінші жүлде алмады дегеніміз болмаса, өзге өңірлердің спортшылары да жақсы нәтижелер көрсетті. Мұны, әсіресе, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау өңірлерінің командаларына байланысты айтып отырмыз. Өйткені, осы облыстардың еншісінде бір алтын медальдан бар. Ал Атырау және Алматы облыстары үш алтын медальды иеленді. Бұған қоса атыраулық команданың қоржынына 6 күміс медаль түсті. Сол себептен Атырау облысының командасы жалпыкомандалық есептің қорытындысымен бірінші орынға лайық деп табылды. Күмісі болмағанмен, 3 алтынға қоса 3 қоласы бар Алматы облысы екінші жүлдені місе тұтты. Шығыс Қазақстан облысының командасына үшінші орын бұйырды.
Спартакиадаға қатысушылар мұндай сайыстың жыл сайын өткенін қалайды. Мәселен, екібастұздық Руслан Қонысбайдың пікірінше, мемлекеттік қызметшілердің саламатты өмірді ұстанғаны жөн. «Бүгін біз еліміздің әр түкпірінен бір алаңға жиналып, бір бірімізбен таныстық. Түрлі спорт сайыстарында шеберлігімізді танытудамыз. Біз кейінгі ұрпаққа осылай үлгі көрсетеміз. Мұндай сайыстар халықаралық деңгейде өткізілсе, өзге елдердегі әріптестерімізбен тек кәсіби тұрғыда ғана емес, спорттық жарыстарда да бәсекелесе алар едік. Өйткені, қазақстандық мемлекеттік қызметшілер тек мемлекеттік қызметті атқарып қана қоймай, спорт ойындарын да жақсы ойнай алады», – деді ол.
– Сайыстар өте жоғары деңгейде өтті. Біздің команда мүшелері Атырауға алғаш рет келгендіктен, қаламен танысуға да уақыт табылды. Өзім де кіші аяқ доп командасында алаңға шықтым. Төрешілер әділ төрелік етті, – деді Алматы облысы әкімі орынбасарының көмекшісі Саят Сахмулдин. Мұндай пікірді маңғыстаулық, қарағандылық, жамбылдық мемлекеттік қызметшілер де білдірді.
Жүлделі орындарға ие болған облыстар командаларына арнайы кубок пен спартакиада медальдарын Атырау облысы әкімінің аппарат жетекшісі Асқар Керімов табыстады. Туризм және спорт министрлігі Спорт комитеті төрағасының орынбасары Мәлік Сапашевтың пікірінше, мемлекеттік қызметшілер арасындағы республикалық спартакиада енді жыл сайын өтетін болады.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.
Суретте: спартакиада сайыстары шеберлік шыңдады.
Суретті түсірген Темірлан СҰЛТАНҒАЗИЕВ.