...қайырымдылық жобасы
Көкшетау мемлекеттік университеті мен «БТА» банкі филиалы басшылары ынтымақтастық жөніндегі жаңа келісім-шартқа қол қойды.
– «БТА-дан шәкіртақы» қайырымдылық жобасы банктің бастамасы бойынша биылғы мамыр айынан бастап әзірленіп, қолданысқа енгізілді, – деді қаржы институты Көкшетау филиалының директоры Бақыт Оспанов.
Әлеуметтік тұрғыдан көмекке зәру студенттерді қолдау мақсатындағы шәкіртақы мөлшері – айына 20000 теңге немесе оқу жылы бойына 200000 теңгені құрайды. Ол оқу орнының таңдауы бойынша бір номинантқа екі семестр бойы немесе екі номинантқа әр семестр сайын бір-бірден төленбек. Сондай-ақ, жобаға қатыса алмайтын студенттер «Әмбебап факультеті» жеңілдетілген несие жүйесін пайдалана алады.
Бақберген АМАЛБЕК, Көкшетау.
...күріш сорты тұтынушы сұранысына ие
Қараталдықтар дала маржаны саналған күріш дақылын өсіруде тағылымды тәжірибе жинақтап, еселі еңбек етіп келеді. Жылдан-жылға күріш сапасын арттырып, өнім көлемін ұлғайту үстінде. Биылғы жылы аудан диқандары 4000 гектар алқапқа күріш егіп, мол өнім алу мақсатында агротехникалық шараларды мүлтіксіз жалғастырған.
Ырысты өнім күрішті қолға алғандардың бірі – «Опытное» өндірістік кооперативі. Шаруашылық өңірге «Пак Ли», «Заря», «Опытное», «Суак» секілді аудандастырылған күріш тұқымдарын өсіруімен танымал. Әсіресе, күріштің «Пак Ли», «Заря» тәрізді жаңа сорттары базар нарығында тұтынушы сұранысына ие азық-түлік қатарынан табылады. Су мен ыстықты қажет ететін дақыл тынымсыз еңбекті талап етсе, өнімнің шығымдылығы үшін күріштің маңына жоңышқа егіледі. Бұл – жердің құнарлылығын жоғалтпауға септігін тигізетін тәсіл.
«Еңбегіне қарай – өнбегі». Ауданда күріш ору науқаны қыркүйек айынан басталады. Аудан диқандары былтыр әр гектардан 38,2 центнерден ақ маржан алса, биыл 38,5 центнерден өнім алуды жоспарлауда. Ал күріштің «Пак Ли», «Заря» жаңа тұқымдарынан бұдан да мол өнім алынатынына диқан қауымы бек сенімді.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.
...автобустар бағыттарға шықты
Облыс орталығында жолаушылар тасымалымен айналысатын «Автопарк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің паркі тағы да жаңа 30 автобуспен толықты. Әрқайсысы 4318325 теңге тұратын Қытайдың «JAC» маркалы автобусына 100 жолаушы еркін сияды. Қалада жолаушылар тасымалына байланысты жаңадан тендер өткізу көзделуде. Осы мақсатта құрылған жұмысшы топ қалаішілік бағыттар бойынша жүретін автобустардың қозғалыс кестесіне қосымша өзгерістер енгізілмек. Қалада жаңа шағын аудандар салынып, қанатын кеңге жаюына, сондай-ақ автокөліктердің көбеюіне, қозғалыс ережелерінің сақтала бермеуіне байланысты жолаушылар тасымалдайтын бағыттардағы автобустардың жүруіне қиындық келтіретін жағдайлар да туындауда.
Жаңа автобустар қаланың орталық көшелерінде жолаушыларға қызмет көрсетеді. Серіктестік жолаушылар тасымалы қызметін көрсету сапасын жақсарту мақсатында сыйымдылығы жоғары автобустар сатып алып, бағыттарға жіберіп, қалалықтардың ризашылығына бөленді. Серіктестік автобус паркін осындай қолайлы да сыйымдылығы жоғары автобустармен толықтыруды жалғастыра беретін болады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
Ақтөбе облысы.