Жаһандық дағдарыс еңсерілгендіктен оның әсерін сейілтуге бел буған халық та қажырлы іс-қимыл танытып, әр күнге еселі еңбектерін арнауда. Көктемнен басталған қарбалас осыған дәлел. Десек те, әуелі оның лебі кәсіпкерлерге тиді. Осы тұста кәсіпорын мен шаруашылықтардың ілгерілеген кәсіптерін дамытуға мемлекет дер сәтінде қолдау көрсеткенінен жұмыс жүйесі бұзылмады.
Шілденің шіліңгір аптабына қарамастан диқандар көңілі көтеріңкі. Оның себебі бар. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы мен «Даму» қоры арқылы кәсіпкерлерге қолайлы жағдай туғызылғанынан жұмыстың тамырына қан жүгіріп, ерекше ынта туды. Шаруалар алған несиенің бір бөлігін мемлекет өтейтіндіктен қазіргі ахуалдары қанағаттанарлық. Осындай көмекке кенелгендердің қатарында «Қанат» шаруа қожалығы бар.
Жалпы, тұтынушы сұранысын зерттеу арқылы табысқа жетудің маңыздылығын жергілікті жердегілер жақсы біледі. Содан болар жер-анаға деген пейілдері мен көңілдері жақсы. Мәселен, көкөніс өсіруді кәсіп еткен «Қанат» шаруа қожалығы 2001 жылы құрылған. Содан бергі кезеңде олар гектар берекелілігін арттыруға ерекше назар аударыпты. Өткен жылы аталған бағдарламаның басталғанын естіп, құжаттарын жинастырып, тиісті орындарға тапсырған. Нәтижесінде бағдарламаның бірінші бағытына сәйкес деп танылған қожалық екінші дәрежелі банктен қомақты несие алады. Жаңа жоспар құрылып, ұжым болып, бірнеше жылыжай, 44 гектар жерге көкөніс егеді. Сондай-ақ, тіршілік көзі саналған су шығару үшін 130 метр тереңдіктен ұңғыма қазған. Енді мөлдір су атқылап, арықты бойлап, сылдырай ағып жатыр.
Алмақтың да салмағы бар демекші, шаруа басшысы енді несиені қалай өтеймін деп бас қатырмайды. Несиенің жартысын мемлекет өтеп келеді. Кәсіпкер мұндай көмектің ауыл шаруашылығы үшін үлкен қолдау екендігін мақтанышпен айтады.
– Банктен 14 пайызбен несие алдым. Оның 7 пайызын мемлекет төлеп отыр. Демек, көкөніс бағасы едәуір арзан болады, дейді «Қанат» шаруа қожалығының басшысы Әнуарбек Сарғалдақов.
Көкөніс өсірудің өзіндік қиындығы мен машақаты бар. Сабағы нәзік өскінді балаша мәпелемесе болмайды. Жеміс-жидек алқабын күтіп-баптауға жергілікті тұрғындар тартылған. Тынымсыз тірліктің арқасында шаруа қожалығы өткен жылы 200 тоннадан астам көкөніс өсіріп, өнімді Алматы қаласы мен талдықорғандықтар игілігіне айналдырған. «Қанат» шаруа қожалығы сияқты кәсібін дамытатындарға «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы қолдау табатынын өзгелер де түсінген.
– Кәсіпкер алдымен екінші дәрежелі банктердің келісімін алғаннан соң әкімшілікке бағдарлама аясында субсидияға өтініш жазады. Аймақтағы үйлестіру кеңесінен өткен құжат министрлікке түседі. Барлығы 30 күн ішінде шешімін тауып, «Даму» қоры, кәсіпкер, банк арқылы үш жақты келісім жасалады, дейді кәсіпкерлікті дамыту қорының менеджері Еркебұлан Қанатай әңгіме арасында.
Ана шеті мен мына шетіне көз жетпейтін алқапта көкөністің түр-түрі жайқалады. Диқандар да күннің ыстығына қарамастан күтіп-баптау жұмыстарын жалғастыруда. Кәсібін дөңгелетіп, шаруашылығын кеңейтуге мүмкіндік алған Әнуарбектің алдағы жоспары да жеткілікті. 1500 тонна өнім сақтайтын қоймасын экологиялық таза табиғи көкөніске толтыру. Осы мақсатқа жетудегі басшының алғашқы қадамы сәтті деуге болады. Өнім көлемін күзде 600 тоннаға жеткізу үшін тер төгуде.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.