Араша іздеген адамдардың ақырғы аялдамасы ретінде саналатын еліміздің Жоғарғы Соты соңғы кездері бірқатар жағымды жаңалықтарды жариялап қана қоймай, жүзеге асырып жатқан жайы бар. Бұл орайда тура билер төрелігін ту етіп ұстаған сот қауымдастығының басшылығы алдарына мүлде жаңа міндеттер қойды. Олар шекпенді шенеуніктердің шеңгеліне шырматылған халықтың шерін түсініп, әділдіктің таразы басын басуын баса бақылайтын бағытқа бұқпантайламай бас бұрды. Соның арқасында аңсаған адалдықтың Астанадан ақ самалы соға бастаған соң аймақтағы қалың қауым да қуана қол соқты. Бұл елдегі қарапайым халықтың әділдіктің алауы біздің ортамызға да жетіп жағылса деген үмітінен көрініс тапты. Сол ниетті арқау еткен Жоғарғы Сот Төрағасы Б.Бекназаров: «Халық сенімінен шығу – басты мақсатым» деп еліміздің оңтүстік аймағы және Астана қалалық соттарының ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығы бойынша жұмысын қарап, қорытындылады.
Жоғарғы Сот Төрағасы Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облысы соттарының жұмысын сарапқа салды. Мемлекет тарапынан қолға алынып отырған ізгілендіру саясатының салтанат құруына ерекше назар аударды. Сотқа әділдік іздеп келген жандар судьялар мен сот мамандары тарапынан қолдау тауып, заңды мүдделері қорғалатын болса, бұл мемлекет пен халықтың артып отырған сенімінің ақталғандығы, деді ол. 2010 жылдан бастап қолданысқа енгізіліп, аудандық және оған теңестірілген соттардың шешімімен келіспегендерді тек Астанаға тәуелді етіп қойған үш буынды сот құрылымына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Енді «Сот жүйесі мен судьялар мәртебесі туралы» конституциялық Заңға енгізілмекші өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес қаралатын істер бойынша соңғы нүктені аймақтарда кассациялық сот алқасы қоятын болады. Жоғарғы Соттың қарауына түсетін істер алдымен облыстық соттың апелляциялық және кассациялық алқаларында тексеруден өтіп, тек сонан соң ғана еліміздің ең жоғарғы сот органына келуі қажет. Сонымен қатар, Жоғарғы Сот, Конституцияға сай, негізінен соттардың қызметін қадағалаумен айналысуы тиіс.
Жоғарғы Сот Төрағасының тарапынан айтылған тәртіптік-біліктілік алқаларын тарату, жоғары тұрған соттардың төменгі сатылы соттар судьяларына жеке ұйғарым шығару институтын жою, судьялардың басқа органдар ғана емес, сот басшылығынан да тәуелсіздігін нығайтып, соның нәтижесінде судьяның әрбір шығарылған шешімге жеке жауапкершілігін одан әрі арттыру мәселелері жергілікті тұрғындар мен судьялардың толық қолдауына ие болды. Осыған орай Б. Бекназаров қазіргі күні судьялар мен сот басшылығының іс-әрекеттеріне Жоғарғы Сотқа келіп түсетін әрбір шағымның арнайы топпен мұқият тексеріліп, егер судьяның заңсыз іс-әрекеті расталса, онда оған қатысты қатаң шаралар қабылданатынын қадап айтты. «Егер судья заңсыз қудаланатын болса, мен оны жеке өзім қорғайтын боламын. Ал егер судья заңды белінен басып, халық мұң-мұқтажына құлақ аспайтын болса, ондай тұлғалар судьялар қауымдастығынан кетеді», деп мәлімдеген ол ел Президентінің жуырда жарық көрген Жарлығымен бірден 35 судьяның өз қызметінен босатылғандығына жиналған жұрт назарын аударды.
Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында Жамбыл, Шу, Қордай аудандық, Тараз қалалық соттары судьяларының үстінен шағымдар келіп түскен. Тексеріс барысында арызда көрсетілген жайттар расталған кейбір судьяларға қатысты талқылау, сөгіс және ескерту сияқты жаза түрлері қолданылған. Бұл жерде Жоғарғы Сот басшысы судьяны әрбір ұсақ-түйек кемшілігі үшін жауапкершілікке тартуға мүмкіндік беретін облыстық соттағы осы күнгі тәртіптік-біліктілік алқасының жұмысын тоқтатып, ендігі жерде осы төркіндегі барлық мәселелер Жоғарғы Сотта жұмыс жасайтын сот жюриінің құзыретіне өтуі тиіс. Бұл судьялардың өз басшысына жалтақтамай, заң мен әділдік қағидаларын негізге алып, әрбір іс бойынша тиісті шешім қабылдауына мүмкіндік беретінін айтты.
Еліміздің бас судьясы апелляциялық және кассациялық сот алқалары судьяларының жоғары кәсіби деңгейлі, әрбір іс бойынша заңдылық пен негізділікке тиісті баға бере алатындығына баса назар аударып, қатаң тәртіп пен заңға енгізілмекші толықтырулар нәтижесінде облыстық соттың өкілеттігі, сонымен қатар, жауапкершілігі артатындығын атап өтті. «Азаматтарды жеке қабылдау барысында келушілерден кейбір судьялардың дөрекі, заңға қайшы іс-әрекетке барып, өзінің міндеттеріне салғырттықпен қарайтындығы туралы шағымдар естіп жатамын. Мұндай жағымсыз жағдайлар бойынша тексерулер жүргізіледі. Біз халық пен мемлекет тарапынан судьяларға жасалып отырған барлық жағдайды бағалай біліп, өзіміздің халық алдында қарыздар екендігімізді ұмыптауымыз қажет», деп қадап айтты Б.Бекназаров. Ол аудандық және оған теңестірілген соттарды аралап, халыққа жасалған жағдайға баға берді.
Жоғарғы Сот тарапынан жасақталған облыстық соттардың жұмысының тиімділігі рейтингі бойынша облыстық және оған теңестірілген соттар төменгі сатылы соттардың заңсыз әрі негізсіз сот актілерін неғұрлым жиі тауып, өзгертіп, орын алған кемшілікті толық жойса, бұл осы облыстық және оған теңестірілген соттың жұмысына оң баға беруге негіз болады. Сондықтан да апелляциялық және кассациялық сот алқасының судьялары жоғары жауапкершілікті түсініп, жүктелген міндетті тиімді атқаруы тиіс, деген Б.Бекназаров, азаматтардың заңды мүдделері облыстық деңгейдегі соттарда қорғалып отырса, бұл жалпы сот жүйесі беделінің жоғарылауына негіз болатындығын атап өтті.
Ал елордалық билермен кездескен Жоғарғы Сот Төрағасы Астана қаласы соттары судьялары жалпы республика бойынша барлық судьялардың алдыңғы қатарында болуы тиіс, деп оларға жоғары жауапкершілік жүктеді.
Александр ТАСБОЛАТОВ.