Көлік және коммуникация министрлігінде министр Берік Камалиев әкімшілік кедергілерді қысқарту мәселелеріне байланысты кеңейтілген кеңес өткізді. Онда бизнес-құрылымдардан түскен құрылыстарға бақылау және тексеру қызметін жүзеге асырудағы бірқатар мәселелерді шешу, сондай-ақ көлік қызметі рыногындағы әкімшілік жүктеулерді қысқартуға бағытталған шаралар мәселелері талқыланды.
Тек қана көліктік бақылау саласында рұқсат беру құжаттарының 40 пайыздан астамы қысқартуға жатады. Бірқатар рұқсат беру құжаттары мен функциялар бәсекелі ортаға жіберіледі. Мемлекеттік қызметкерлер мен өтініш берушілердің тікелей қатынастарын болдырмау мақсатында көліктік бақылау органдары көрсететін алты мемлекеттік қызмет ХҚКО-ға баламасыз негізде беріледі. Аталған қызметтерді 2012-2014 жылдары аралығында автоматтандыру қарастырылған.
Көліктік бақылау бекеттері оңтайландырылып, Көлік және коммуникация министрінің бұйрығымен тоғыз стационарлық бекет қысқартылған. Сонымен қатар көліктік бақылаудан өткен соң ілеспе құжаттарда бекет мөртаңбасы қойылады. Бұл оның бақылаудан өткенін және басқа бекетте қайтадан өтпеуін растайды.
Құқық қорғау жүйесін реформалау шеңберінде 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап көлік құралдарының міндетті техникалық байқаудан өтуі бәсекелі ортаға беріледі. Техникалық байқаудың жаңа тәртібі әлемдік тәжірибеге негізделген. Германия, Нидерланды, Франция сынды өзге де еуропалық елдерде белгіленген нормалар қабылданған. Барлық қажетті құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелер шешімін тапса, кәсіпкерлік субъектілермен техникалық байқау орталықтарын ашу бойынша жұмыс белсенді түрде жүргізілуде. Сондай-ақ бес мыңнан астам жаңа жұмыс орындарының ашылуын ұйымдастыру да алдағы уақытқа жоспарланған.
Ұлттық халықаралық автомобиль тасымалдаушылардың рыногын қорғау бойынша да жұмыс күшейтілуде. Ағымдағы жылдың шілде айының соңына дейін үшінші елдерден екі жақты түрде тасымалдауларды іске асыруды болдырмауды көздейтін «Халықаралық автомобиль тасымалдау рұқсат жүйесін қолдану бойынша ережелерді бекіту туралы» Үкімет қаулысының жобасына түзетулер енгізілмек. Бұдан басқа ауыр салмақты жүкті тасымалдауға арнайы рұқсат беру тәртібінің келісушілік органдардың, келісу мерзімдерін және оңайлатуын көздейтін қаулының жобасы Үкімет қарауына енгізілген.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.