22 Шілде, 2011

Оң қадам, оңтайлы істер

300 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова 2011 жылдың бірінші жарты жылдығының қоры­тындысы бойынша Бір­ыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің (БҰДСЖ) енгізілу барысын бағалау мақ­сатында Қарағанды облысында болды. Министр жұмыс сапары бары­сында азаматтардың құқықтарын қор­ғау жөніндегі қоғамдық кеңес­тің кезекті отырысына қатысып, об­лыс­тың медициналық қоғам­дас­т­ық өкіл­дерімен кездесу өткізді. Ол сонымен қатар, қаладағы №3, №4, «ГЦ ПМСП» ЖШС емханала­рын­да, облыстық кардиохирургиялық, сол секілді Мақажанов атындағы травматология және ортопедия облыстық орталығында, облыстық көпсалалы клиникада болды. Дидарласу кезінде ол еліміздің ден­саулық сақтау жүйесін дамытуға 2011-2015 жылдарға арналған отан­дық денсаулық сақтау саласын дамытудың «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының ма­ңыз­дылығына жан-жақты тоқталды. БҰДСЖ енгізу мемлекеттік бағ­дар­ламаның мақсаты, міндеттері мен ба­ғыттарына сәйкес келеді, деді министр. Қарағанды облысында Бірегей төлеуші жүйесінде стационарлық жә­не стационарды алмастырушы көмек көрсететін 81 медициналық қызмет орны тіркелген. Оның 21-і жекеменшік ұйымдар. 2010 жыл­мен салыс­тырғанда, олардың саны 5%-ға ұл­ғайып, жалпы көлемнің 26%-ын құраған. Бұл ауруханалар арасындағы бәсекелестікті дамытып қана қоймай қызмет көрсету са­пасын арттырмақ. 2011 жылдың бірінші жарты жылдығында жоспарлы түрде ау­ру­ханаға жатқызу бюросы пор­талы арқылы стационарды еркін таң­дау құқығын Қарағанды облы­сының 32 365 тұрғыны тиімді пай­дала­нып­ты. Оның 24%-ы ауыл тұр­ғындары. Пациенттердің 91% өз облысы ау­ма­ғында емделуді жөн көрсе, 0,2%-ы өзге өңірлерді таңда­ған, 8%-ы рес­публикалық маман­дан­ды­рылған емханалардан көмек алған. Нау­қас­тар­дың 89%-ы он күннің ішінде емдеу орындарына жатқызылыпты. 2011 жылдан бастап жоғары мамандандырылған медициналық көмек (ЖММК) жедел жүзеге аса бастапты. Медицинаның жоғары технологиялар саласындағы озық жетістіктеріне қолжетімділік те арта түскен. 2009 жылы ЖММК Қара­ғанды қаласындағы облыстық кар­диохирургиялық орталықта ғана науқастарды емдесе, 2011 жылы мұндай қызмет түрін өңірде 6 ме­дициналық ұйым көрсеткен. Яғни, азаматтарға медициналық қызмет жасау ауқымы кеңейтіліп, трав­ма­тологиялық, нейрохирургиялық бейіндегі, бұған дейін республикалық емханаларда атқарылып келген күр­делі операцияларды жасау ісі жү­зеге асқан екен. 2011 жылдан бастап ам­бу­ла­ториялық-емханалық деңгейде БҰДСЖ екінші кезеңін енгізу бас­талыпты. Емнің амбулаториялық бөлімін скринингтік бағдарлама­лар­ды кеңейту, қосымша қызмет түрлерін ендіру, бастапқы медици­налық-санитарлық көмектің әлеу­меттік бағдарланған үлгісін көр­сету, алыс елді мекендердің тұр­ғындары үшін мобильді медици­наның қолжетімділігін арттыру, са­нитарлық авиацияны дамыту ар­қылы толықтыру көзделген. Мемлекеттік бағдарламаны жү­зе­ге асыру бойынша іс-шаралар жос­парына сәйкес бастапқы меди­ци­на­лық-са­нитарлық көмек (БМСК) тарифіне қосымша компонент енгізу қа­рас­тырылған. Бұл профи­лак­тикалық жұ­мыстарды ынталандыру және өңір­лерде БМСК бойынша шығын­дар­ды теңдестіруді бір жүйеге келтіреді. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысын ескере отырып, БМСК тарифіне ынта­ландыру компоненті ретінде еліміз бойынша 2,2 млрд. теңге қаржы қарас­тырылса, оның 277 млн. тең­геден астамы Қарағанды облысы­ның еншісіне тиесілі екен. Қазіргі уақытта Елбасы тапсыр­масына орай, медицина қызмет­кер­леріне еңбекақы төлеу жақсы жолға қойылған. БҰДСЖ енгізілуіне бай­ланысты акционерлік қоғам­дар, шаруашылық жүргізу құқы­ғындағы кәсіпорындарда медици­налық қыз­мет­керлердің жалақысы 16-34%-ға дейін көтерілгенін айта кетуіміз керек. Алдын ала диагностикалауды дамыту, профилактикалық тексерулер – скринингтер өткізу және консультативтік–диагностикалық ме­ди­циналық көмек көрсету, ауыл тұр­ғындарына дәрі-дәрмектердің қол­жетімділігін ту­ғызу мақса­тында жылжымалы меди­циналық кешендер ұйымдас­ты­рылып, жәр­дем көрсетіле бастаған. Сонымен қатар, статистикалық есеп­тің автоматтандырылған жү­йесін енгізу, медициналық қыз­меттердің жеке есебін ендіру бағы­тындағы жұ­мыстар жалғасын та­уып, бұл ден­саулық сақтау сала­сындағы менеджментті жетілдіруге оң ықпал етуде. Мұның бәрі Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің 2011-2015 жылдарға ар­нал­ған Стратегиялық жоспа­рын­да нақ­тыланған ұлт денсау­лы­ғын жақ­сар­ту жолындағы оңтайлы істер деп білеміз. «Егемен-ақпарат».