Әйтеке би ауданының үстімен «Хромтау-Алтынсарин» темір жолының өтуі, Ақтөбе-Қостанай автокөлік жолының салынуы өңірге біраз оң өзгерістер әкелді. Қазір осы жолдардың бойында 600 адам жұмыс істейді. Облыстың астықты өңірі болып табылатын аудан шаруашылықтары биыл 160 мың гектар алқапқа тұқым сеуіп, жаңбырлы жаздан мол үміт күтуде. Соның ішінде майлы дақылдар өсіруге ден қойылып, 9400 гектарға күнбағыс, зығыр егілген. Аудандағы бес шаруашылық құрылымы асыл тұқымды мал өсіруде. Аудан аумағындағы «ҚазКупер» мыс өндіру, «Партикс Холдинг» темір өндіру өндірісінің, «Текшетас» қиыршақ тас зауытының іске қосылуы, Ұшқатты каолин ұнтағын шығаратын кен орнын игеру өңірдің кемел келешегіне кепіл болатын ірі өндірістік жобалар. Ауданда 801 шағын кәсіпкерлік нысандары жұмыс істейді. Бұл өз кезегінде жұмыссыздыкты 0,2 пайызға төмендеткен. Өткен жылы 5322 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, биылғы қарқын одан да жоғары. Ауданның барлық елді мекендеріне телефон байланысы барып тұр, ұялы телефон да алады. Өткен жылы денсаулық саласына 3,52 млн. теңге қаржы бөлініп, толықтай игерілген. Соңғы үш жылда ғана бес медпункт, бес мектеп пайдалануға беріліпті. Алдағы екі жылда балаларды мектепке дейінгі мекемелермен толық қамтамасыз ету көзделуде. Жас дәрігерлерге 10 тұрғын үй бөлінген. Осы кезеңде 5 шақырым су құбыры жүргізілген. Биыл Қарабұтақ селосындағы су құбыры пайдалануға беріледі, Әйке топтық су жүйесі құрылысы жүргізілуде, Комсомол селосына жүргізілетін су құбыры құрылысының негізгі жұмыстары аяқталады. Сондықтан да болса керек, облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың ауылдарға жұмыс сапарын Әйтеке би ауданынан бастауы. Өңір басшысы өзімен бірге он екі ауданның және облыс орталығының әкімдерін ерте келді.
Келушілер алдымен аудан орталығынан 14 шақырым қашықтықта орналасқан осы ауылға атбасын тіреді. Ауылда 1723 адам тұрады. Тұрғындар арасынан басқа жаққа көшіп кетушілер жоқ. Қайта мұнда жыл сайын дүниеге келетін сәбилер саны артып отырған көрінеді. Өткен жылы облыстық бюджеттен бөлінген 370,5 млн. теңгеге 270 орындық мектеп құрылысы басталған екен. Оның желтоқсан айында оқу корпусы пайдалануға беріліп, оқушылар биылғы наурыз айынан бастап жаңа ғимаратта оқыпты. Қазір мектептің спорт залы, 270 орындық акт залы, щеберхана, асхана құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл нысандар жаңа оқу жылына толық іске қосылады деп күтілуде. Ауданда бес жылда соншама мектеп пайдалануға беріліпті. Сондай-ақ, ауданда 17 балабақша, осыншама шағын орталық жұмыс істейді. Тұрғындар ауыз су, жұмыс орны және ауылдық округ, 100 орындық балабақша ашу мәселелерін көтерді. Өңір басшысы орынды өтініштердің жерде қалмайтынын жеткізді. Облыс әкімі Комсомол орта мектебіндегі күрделі жөндеу кезінде шығарылған терезелерден жылыжай салған оқушылардың бастамасына риза болды. Әзірге мұнда гүл өсірілуде. Осы жерде бірқатар мектеп басшыларымен кездескен Елеусін Сағындықов Ақкөл мектебіне күделі жөндеу жүргізу мәселесін шешетінін айтты.
«Комсомол» ЖШС мал азығын дайындау бригадасы биыл шөп шабуды ерте бастапты. Серіктестік басшысы Виталий Волынецтің айтуынша, шаруашылықта 125 адам еңбек етеді. Серіктестік егін орағына дейін біржарым жылдық мал азығын дайындауды көздеуде. Қазір алты шөп шабатын агрегат жұмыс істеуде. Әр гектардан 8-9 центнер шөп түседі. Шаруашылық үстіміздегі жылы 3 мың тонна пішен дайындауды жоспарлауда. Мал азығын дайындаушылардың орташа еңбекақысы 52 мың теңге шамасында көрінеді. Шабындықтағы қаздай тізілген «Беларусь» тракторларына тіркелген «КТП-61» су жаңа агрегаттары ілгерілеген сайын қаумалар қатары көбейе түсуде. Өңір басшысы механизаторлардың сәл тыныс алған сәтін пайдаланып, жағдайларын сұрады, олар бір кісідей жақсы деп жауап берді. Шөпшілердің қынулы қимылына тәнті болған Елеусін Сағындықов механизатор Бердібек Айтқұловқа өз атынан бағалы сыйлық тапсырды.
Аудандағы ірі шаруашылық «Құмқұдық» ЖШС 14 мың гектардан астам алқапқа егіс салыпты. Шаруашылық егіншіліктің ылғал сақтау технологиясын қолданады. Сондықтан да мұнда гектар түсімділігі жоғары. Шаруашылықтың егіс алқабы басқаларға қарағанда арамшөптен тазалығымен ерекшеленіп-ақ тұр. Мұнда агротехникалық шаралар толық сақталады. Сондықтан да серіктестік элиталық тұқым шаруашылығы болып есептеледі. Биыл тек гербицид сатып алуға ғана 30 миллион теңге жұмсалған. Көктемгі егісті өнімділігі жоғары егіс кешендерімен қысқа мерзімде аяқтаған серіктестік ұжымы мал азығын дайындауға, егін орағына әзірлікке кірісіп кеткен. Егіншілікпен қоса мал шаруашылығымен айналысатын серіктестікте 143 әр түрлі техника бар. Өткен жылы 3,17 мың тонна мал азығы дайындалыпты. Биыл да осы межеден көрінуге ұмтылған құмқұдықтықтардың қарқыны жақсы. Мысалы, механизатор Қанат Қаракүшіков күніне 60 гектар алқаптың шөбін шабатын көрінеді. «Еңбегіне қарай – өнбегі» дегендей ол мал азыған дайындау кезінде 200 мың теңгеге дейін еңбекақы табады екен. Ал, егін орағында алдыңғы қатарлы комбайншы 1 миллион теңгеге дейін табыс табатын көрінеді. Дала қосындағы жасалған тұрмыстық жағдайды басқа еш жерден кездестірмедік десем артық айтқандық болмас. Тап-таза жатын бөлмелер, тамағы дәмді асхана, монша бәрі механизаторлардың игілігіне қызмет етеді. Осы жерде өткізілген семинарда егіншілік пен мал шаруашылығының өзекті мәселелері сөз болды.
Ауданда облыс жастарының бастамасымен дүниеге келіп, жалпықазақстандық қозғалысқа айналып отырған «Ауылдың гүлденуі – Қазақстаның гүлденуі» марафон-эстафетасы жалғасын табуда. Марафон-эстафетаға қатысушылар үшін ауданға 16300 мың теңге бөлініпті. Оған қазір 17 отрядқа топтасқан 2087 оқушы мен жұмысшы жастар қатысуда. Биыл олар 12 спорттық нысанға күрделі жөндеу жүргізеді, жалпы алаңы 3,6 гектар болатын 7 саябақты көріктендіреді, 54 шақырым өзен жағалауларын тазартады, екпе ағаштардың қураған бұталарын кеседі, жаңадан мыңдаған ағаш көшеттерін отырғызады, күтеді. Аудан бойынша әзірге 8 гектарға 26644 түп көшет механикаландырылған әдіспен, 8280 көшет қолмен отырғызылған.
Өңір басшысы жаңадан пайдалануға беріліп, 20 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған «Мөлдір» кемпингінің, сырты да, іші де жұтынып тұрған, халыққа көрсетілетін сапалы медициналық қызметі арқылы алғысқа бөленіп келе жатқан аудандық аурухана ұжымымен кездесті. Аудан әкімдері ауладағы субұрқаққа табан балық жіберіп отырған аурухананың бас дәрігері Жақсылық Қасымовтың іскерлігіне риза болды.
Сапар соңына қарай аудан активімен өткізілген жиында облыс әкімі Елеусін Сағындықов өңірдегі оң өзгерістерге жақсы баға берді, үлгі алатын істердің бар екенін тілге тиек етті. Осында келген аудан әкімдеріне өздері атқарып жатқан жұмыстарды көздері көргендерімен салыстыра қарап, жақсыдан үйреніп, ізденіспен еңбек етуге шақырды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.