Осы жылғы 19 шілдеде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттар ұсыну аяқталды. Орталық сайлау комиссиясының мәліметтері бойынша, 2011 жылғы 16 маусым мен 19 шілде аралығында Парламент Сенатының депутаттығына барлығы 92 кандидат ұсынылды.
Ең көп кандидаттар Қызылорда мен Жамбыл облыстарынан ұсынылған. Бұл облыстардың әрқайсына 9 кандидаттан келіп отыр. Солтүстік Қазақстан облысында 8 кандидат, Астана мен Алматы қалаларында 7 үміткерден ұсынылған. Ал Оңтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында – 6-дан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында – 5-тен, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Маңғыстау және Павлодар облыстарында 4 үміткерден ұсынылды. Олардың ішінде мәслихаттар 15 кандидат ұсынған болса, қалған 77 азамат өзін-өзі ұсыну құқығын пайдаланған. Ұсынылған кандидаттар арасында 6 әйел бар.
Ұсынылған үміткерлердің мамандықтарына келсек, 20 инженер, 12 экономист, 12 оқытушы, 9 заңгер, 3 дәрігер, 1 саясаттанушы, 35 басқа мамандық иелері бар. Кандидаттардың 9-ы Парламент Сенатының депутаты, 40-ы мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкерлері, 25-і кәсіпкерлік құрылымдардың, 11-і ғылым, мәдениет пен білім қызметкерлері, 2-еуі уақытша жұмыс істемейтіндер. Партияға қатыстылығы бойынша 45 кандидат – «Нұр Отан» ХДП-ның, төрт кандидат «Ақ Жол» ҚДП-ның, «Ауыл» ҚСДП-ның, Қазақстанның патриоттар партиясының, «Руханият» партиясының мүшелері, 26 кандидат партияда жоқтар, 17 кандидат өзінің партияға қатыстылығын көрсетпеген.
20 шілдедегі жағдай бойынша, Сенат депутаттығына 56 кандидат тіркелген. Тіркеу мерзімі 29 шілдеде аяқталады, ал 30 шілдеден бастап Сенат депутаттығына тіркелген барлық кандидаттар сайлауалды үгіт жұмысына кірісе алады.
Сенат депутаттығына кандидаттарды ұсыну 16 маусымда басталған болатын. 30 шілде мен 17 тамыз аралығында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Үміткерлер арасынан Сенатқа 16 депутат, атап айтқанда, республиканың 14 облысынан және Алматы мен Астана қалаларынан бір-бір депутаттан сайланады. Сайлау 19 тамызға белгіленген.
7 шілдеде Орталық сайлау комиссиясы Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттардың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстарының нормативтерін бекіткен еді. Соған сәйкес кандидаттың әрқайсысына 477 мың теңге бөлінетін болады. Оның ішінде кандидаттың телеарнадан сөз сөйлеуіне – 105 мың теңге, радиоэфирде сайлауалды үгіт жүргізуге – 62 мың теңге, басылымда екі мақала жариялауға – 135 мың теңге, кандидаттың сайлаушылармен кездесуіне арналған орынды жалдауға – 25 мың теңге, үгіт-насихат материалдарына 50 мың теңге және көлік шығындарына 100 мың теңге қарастырылған.
Сенат депутаттығына кандидаттардың сайлауалды үгіті кандидаттар құрған сайлау қоры есебінен де қаржыландырыла алады. Жалпы ереже бойынша, Сенат депутаттығына үміткер әрбір кандидаттың қоры 3 млн. 199 800 теңгеден аспауы тиіс. Ал 2011 жылы Сенат сайлауын өткізуге республикалық бюджеттен 142 миллион теңге бөлініп отыр.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.