23 Шілде, 2011

Бозбала боксшылар бәсекесі

444 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Бүгін Қазақстан Бокс федерациясының ұйымдастыруымен елімізде тұңғыш рет жасөспірімдер арасында әлем чем­пионаты басталады. Оған әлемнің 42 елінің 385 бозбала боксшысы қатысып, 30 шілде күнге дейін 13 салмақ дәрежесі бойынша қолғап түйістіреді. Біздің елімізде осы кезге дейін көптеген бокс турнирлері мен жарыстары өтсе де, спорттың осы түрінен кадеттер арасында әлем чем­пио­на­ты әлі өткізіліп көрген емес. Елімізде осындай байрақты бәсекені өткізу туралы шешім былтыр Қытайдың Сяминь қаласында өткен Халықара­лық әуесқой бокс қауымдас­ты­ғы атқарушы ко­ми­тетінің кеңейтілген оты­ры­сында қабыл­дан­ғаны белгілі. Сол кезде жас­өспірімдер арасында әлемдік доданы өт­кізуге 5 ел өзінің өтінішін бер­ген болатын. Алайда дауыс берудің нәтиже­сінде Астана және Бангкок қаласының арасында болған соң­ғы тартыста АІВА мүшелері еліміз­дің ас­танасын әлем чемпионатына лайық деп шешті. Жалпы, Халықаралық бокс қауымдас­ты­ғының аясындағы көптеген жарыстардың ішінде кадеттер арасындағы әлем чемпионаты реттік саны бойынша үшінші чемпионат болып саналады. Осыған дейін 15-16 жастағы бокс­шы­лар арасындағы әлемдік бәсеке алғаш рет 2008 жылы 25 қазан мен 1 қараша аралы­ғын­да Мек­си­каның  Гвадалахара қаласында өтке­нін білеміз. Осы сында қазір ересектер қа­тарында айқасып жүрген екі боксшымыз – Данияр Елеусінов (60 кг.) пен Иван Дычко (91 кг.) күміс жүлде алған болатын. Сол кезде командалық бірінші орынды 4 алтын, 1 күміс, 1 қола медальмен Куба боксшылары жеңіп алды. Екінші орынды алаң иелері 2 алтын медальмен алса, үшінші орынды 1 алтын, 3 күміс, 5 қола жүлде­мен Ресей құрамасы иеленді. Одан кейін чемпионат былтыр 25 сәуір мен 3 мамыр аралығында Әзер­байжанның Баку қаласында өтті. Бұл бәсе­кеде де біздің бозбала боксшыларымыз лайықты өнер көрсете алмады. Осы айқаста біз ширек финалдан аса алмай, жүлдесіз елге қайтқан едік. Ал Баку бәсекесінде бірінші орынды тағы да Куба құрамасы жеңіп алған болатын. Олар 3 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлде командалық есепте бірінші орынға шықты. Екінші орын әдет­тегідей алаң иелеріне бұйырды. Әзербайжан командасы бұл сында 2 алтын, 1 қола медаль иеленді. Ал үшінші орынды 1 алтын, 1 күміс жүлдемен Үндістан құрамасы жеңіп алды. Енді осы жолғы әлем чемпионатында Қазақ­стан құрамасы өз алаңында құралақан қалып қоймайтынына сенгіміз келеді. Бізге бұл сында бірнеше медаль алуға мүмкіндік беріліп отыр. Өйткені биылғы додаға екі дүркін әлем чем­пионы атанған Куба құрамасы қатыспайды. Кеше Бокс федерациясының ма­мандарынан осы мәселенің анық-қанығын сұ­растырғанымызда Бостандық елі бокс­шы­лары­ның әлем чемпио­на­тына өз қалтасынан қаржы шығармай, ұйымдас­тырушы жақ жа­рыс­қа қатысу үшін жолақысын, жатын оры­нын төлесе ғана барамыз деген әңгіме айт­қанын білдік. Қалай болса да бізге керегі де осы болды. Бұл жерде біз боксшы­лары­мыз­дың кубалықтардан сескенеді, оларға өздері жеңіліп, алтынды санап береді дегіміз келмейді. Айтайын дегеніміз, Куба келмесе, біздің бас жүлдеге деген үмітіміз одан сайын ар­та­ды. Дегенмен бізбен бірге кешегі Кеңес Од­а­ғы құрамында болған Ресей, Украина, Өзбек­стан мен Әзербайжан командаларының да жүлдеге дәмелі екенін айту керек. Сонымен бірге, Үнді­стан, Моңғолия сияқты әр жарыс­тан жүлдесіз қайтпайтын елдерді де ұмыт­па­ғанымыз жөн. Мәселен, Үндістанның өзі соң­ғы әлем чем­пио­натында ешкімнің көмегінсіз, төрешілердің қол­дауынсыз қола жүлдені иеленген команда. Қазір бұл елдің боксшылары әр жарыстан жүлделі орынды иеленуге барын салып келеді. Десек те, шын мықтыны шаршы алаңның өзі көрсетеді. Тағы айтатын бір нәрсе, әлем чемпионатына бізден басқа көптеген елдер екі құраммен келіп отыр. Ең көп боксшысы бар ел – Ресей мен Украина. Олардың қатарында 26 боксшы бар. Соның ішінде көбісі кавказдықтар мен түркі тілдес халықтардың өкілдері. Ресейде бокс, күрес, ауыр атлетика сияқты спорт түрлерінде кавказдық немесе түркі тектес халықтардың өкілдері басым екенін білеміз. Осылай кете берсе, болашақта солтүстіктегі көршіміздің атынан мұсылман халықтары жарыста ел намысын қорғайтынына сенім мол. Биылғы чемпионатта Өзбекстан да біраз боксшысын әкеліп отыр. Олар­дың құрамында 19 бала бар. Біздің құрама­да 13 боксшы қолғап түйістіреді. Олардың бәрі өз салмақ дәрежесінде айқасатын өзіміздің қара көздер. Ал ең аз боксшысы бар ел – Сербия құрамасы. Оның сапында шаршы алаңға 70 кг. салмақта Денис Меметович шығады. Ауған­стан, Бангладеш, Босния және Герцеговина, Грузия, Латвия, Черногория, Словакия елдері чемпионатқа екі боксшыдан әкелді. Біздің құрамада мына боксшылар әлем чем­пионатына қатысады. Олжас Қалаубек (46 кг.), Заңғар Темірхан (48 кг.), Әлібек Басапа (50 кг.), Рауан Затула (52 кг.), Бекжан Қибатқалиев (54 кг.), Еркебұлан Ермеков (57 кг.), Аян Қалыбеков (60 кг.), Қайыргелді Дәуітбек (63 кг.), Ақылбек Әділғалиев (66 кг.), Дәулет Байғабатов (70 кг.), Асқар Дүйсәлі (75 кг.), Тілек Қозбақов (80 кг.), Төлеген Дидар (80 килодан жоғары). Дастан КЕНЖАЛИН.