Тәуелсіз мемлекеттер достастығына жататын елдер де биыл мерейлі жыл табалдырығында тұр. Осы орайда Мәскеуде «Достастықтың жаңа көкжиегі» атты көрме ашылып, онда тәуелсіз мемлекеттер өздерінің осы жиырма жылдағы экономикалық және өндірістік жетістіктерін паш етіпті. Мәдени шара аясында достастық елдер мәдениеті мен ұлттық дәстүр фестивалі де жалғасын тапқан. Көрме-фестивальге елімізден төрт облыстың өкілдері мен өнерпаздары қатысса, шараға Алматы облысы делегациясы да концерттік бағдарламасын ұсынып, мәскеулік көрермен көңілінен шыққан.
Облыстық «Құлансаз» фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблінің өнері мен жалпы сапары жайында облыстық Сүйінбай атындағы филармония директоры Ержан Қосбармақов былай деді.
– Мәскеу – Еуропа мен Азия өркениеттерінің тоғысқан жері. Халық шығармашылығы жетістіктерінің көрмесіне ТМД-ға мүше елдер қатысты. Көрмеде жаңа комбайндар, заманауи ұшақтар және басқа да түрлі техника көрменің көркін аша түсті. Әр мемлекет өзінің ең таңдаулы жетістіктерін алып келгені бірден байқалады. Мақсат тауар сапасын көрсетіп, көршілермен сауда-саттық байланысты нығайту болса, бұл өз шешімін тапқанын айта кеткен орынды.
Еларалық көрмеге келгендер жарнамалық стендтерін көрсетті. Екі мыңнан астам ғалым, кәсіпкерлер мен саясаткерлер бірлесіп, ғылымда, машина жасау, атом энергетикасы, мұнай газ және медицина салаларын дамытудағы қол жеткізілген жетістіктерін әңгімелеріне арқау етті. Ал, Қазақстан тарапынан бұл шараға 30-дан астам компания қатысқаны елімізде индустрияландырудың кеңінен құлаш жайғанын дәлелдеді.
Әрине, ТМД-ның 20 жылдығының тарихи маңызы ерекше. Сондықтан бұл көрмеде Қазақстан өзінің барлық жетістіктерін толықтай көрсетті. Осы уақыт аралығында Қазақстанның зор жетістікке жеткені өзгелерді тіпті таңғалдырады. Қазір ішкі жалпы өнім бойынша еліміз Ресейден кейін екінші орында тұр. Бұл табысымызды бүкіл әлем мойындады, деген ол Қазақстан сауда өкілеттілігінің Ресейдегі өкілі Вячеслав Черновтың жеке пікірін де жеткізді.
Фестивальге ТМД елдерінің ең таңдаулы өнер ұжымдары келсе, Қазақстаннан «Құлансаз» ансамблінің өнерпаздары мәскеуліктерді өнерімен тәнті еткенін мақтанышпен айтуға болады.
Көрмеде экономикалық жетістіктер мен шығармашылық фестиваль достық пен бірліктің алтын көпірі болды. Ал, халық шығармашылығы жетістіктері көрмесінің ғимараты халықаралық байланыстар мен мәдени қатынастар орталығына айналды, деді бізбен әңгімесінде өнер ұжымының басшысы ерекше ықыласпен.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.