23 Шілде, 2011

Озық медициналық орталық бой көтерді

457 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Астана қаласының әлеу­мет­тік саласын нығайту мақ­са­тындағы міндеттер шеңбе­рінде денсаулық сақтау мекеме­ле­рі­нің материал­дық-техника­лық жағ­дайын жақ­сарту мә­селесі­нің де маңызды­лығы зор. Елорда тұр­ғындарының денсау­лы­ғын жақ­сарту қала әкім­дігінің әлеумет­тік салада атқа­ра­тын жұмыс­тарының ең басым ба­ғыт­та­рының бірі екендігі де талас тудырмайды. Астана қа­ласы ме­дициналық кластері ке­шенінің құрамына кіретін кли­ника­лар­дың бүгінгі заман меди­цина­сының озық құралдары және технология­ларымен жаб­дық­та­луы әлемдік дең­гейдегі жоғары талаптарға то­лық жауап береді. Жақында қаламыздағы ме­ди­­ци­налық кешендер қатары тағы бір заманауи орталықпен то­лық­ты. «Саламатты Қазақ­стан» мем­лекеттік бағдарла­ма­сы шең­бе­рін­де Астанадағы Травматология жә­не ортопедия ғылыми-зерттеу инс­титутында 4 қабатты жаңа опе­рациялық (ота жасау) кеше­нінің ашылу салтанаты бо­лып өтті. Денсаулық сақтау минис­тр­лігінің мәліметі бойынша 8726 шаршы метр аумақты алып жат­қан бұл жаңа операциялық ке­шен­нің жобалық құны 2 миллиард 682 миллион теңге тұратын көрінеді. Еліміздегі медициналық ор­та­лық­тар ішінде травматология мен ортопедия саласында теңдесі жоқ бұл Астана ғылыми-зерттеу инс­титуты 2001 жылы құрылған бо­латын-ды. Емдеу және ғылыми зерттеулерді қатар жүргізетін инс­­­титуттың басшылығына елі­міздің бас травматолог-ортопеді, медицина ғылымдарының док­торы, профессор Нұрлан Бәтпе­нов бекітілген болатын. Осы жыл­дар ішінде бұл медициналық орталық егемен еліміздің тұр­ғын­дарына медици­налық қызмет көр­сету, сы­нық­тарға және омырт­қа зақымдарына бүгінгі заманның озық техноло­гиялары бойынша ота жасау және емдеу мәселелері бойынша ерен жұ­мыстар ат­қар­ды. Ақиқатын айт­сақ, осы жыл­дар ішінде бұл емдеу орта­лығында ондаған отан­даста­ры­мыз еміне шипа, дертіне дауа алды. Астана травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу инсти­тутының 13 клиникалық бөлім­де­рінде бір мезгілде 400 адам емделеді. Институттың мате­риалдық-техникалық базасы да жылдан жылға нығайып келеді. Институт клиникалары осы заманғы озық құрал-жабдық­тармен жарақ­тан­ды­рылған. Кли­ни­калардағы 144 білікті дәрігер адам денсаулығына араша тұрып келсе, институт қа­бырғасындағы 11 медицина ғы­лым­дарының докторы және 31 ғылым кандидаты емдеу үдеріс­тері мен ғылыми-зерттеу жұ­мыс­­тарын қатар ұштастырады. Травматология және ортопедия сала­сында үлкен жетістіктерге жетіп отырған Астана ғылыми-зерттеу институтының атағы мен тәжіри­бесі бүгінде елімізден тысқары аймақтарға да кеңінен танылды. Институт ертеңінің ерекше болатындығына бүгін пайдала­нуға беріліп отырған операция­лық орталық дәлел болмақ. Бұл орталық медицина саласының ең озық жабдықтарымен жарақ­танды­рылған 9 ота жасау за­лынан тұрады. Операциялық орталыққа орнатылған жаб­дық­тардың ішінде омыртқа және буындарға операция жасауға арналған эндос­копиялық құрал­дарды және микро­хирургиялық жабдықтарды ерекше атап өтуге болады. Статистикалық дерек бо­йын­ша, елімізде жылына 600 мыңнан астам адам әртүрлі дәрежедегі жарақат алады екен. Ендеше, Астана Травматология және ортопедия ғылыми-зерт­теу орталығында бой көтерген бұл жаңа опера­циялық орта­лықтың халық ден­саулығын сақ­тауға қосатын үлесі өлшеу­сіз болмақ. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.