23 Шілде, 2011

Идеологиялық жүйе құру қажет

547 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше Астанада «Нұр Отан» ХДП Орталық ап­паратында партияның Әскери-спорт клубтары фе­дерациясы мен Қазақстанның жауынгерлік өнер республикалық одағы бірлесіп, ел Тәу­ел­­сіздігінің 20 жылдығына арналған «Терроризм: қарсы тұру мәселелері» тақырыбы бойынша ха­лық­аралық тәжірибелік конференция өткізді. Күрделі мәселені өзек еткен конференция жұмысына 300-ден астам адам қатысты. Олардың арасында Ресей, Украина, Израиль, Ауғанстан елдерінің ғалым­да­ры мен дипломатиялық корпус өкілдері, жетекші халықаралық са­рапшылар, мемлекеттік орган­дар­дың, қоғамдық және діни ұй­ымдардың, бизнес қауым­дас­тық­тың өкілдері, жоғары оқу ор­ын­дарының оқытушылары бар. Ша­раның басы-қасында жүрген аза­маттардың айтуынша, бүгінгідей жаһандану кезеңінде ең алдымен, терроризмге қарсы тұрудың идео­логиялық жүйесін құру қажет. Ал ол үшін мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының жұмы­сын үйлестіру, кез келген елдің географиялық орналасу жағдайы­на қарамастан, ұлттық қауіп­сіз­дігін сақтау айрықша маңызға ие. Келелі жиын барысында ал­ғаш­қы болып сөз алған «Нұр Отан» ХДП хатшысы Қайрат Са­тыбалдыұлы осы ойды сабақтай келе, осындай конференция­лар­дың қоғамдағы көлеңкелі құбы­лы­с­тың алдын алу мен қарсы тұру­дағы рөліне, шиеленісті жағдай­лар­ды шешудегі маңыздылығына тоқталып өтті. «Бұл конференция терроризмге қарсы тұрудың тиімді тетіктерін жасау мен осы са­ладағы халықаралық байланысты күшейтуге мүдделі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы және басқа да мемле­кет­аралық органдардың шешімдерін іске асырудың логикалық жалға­сы болып табылады. Осы орайда, ауғандық, ресейлік, израильдік және қырғыз сарапшыларына, сон­дай-ақ жиын жұмысына қаты­сып отырған барлық азаматтарға алғысымызды білдіреміз, – деді Қ.Сатыбалды. «Соңғы жылдары ислам және батыс қоғамы ара­сында түсініспеушілік пен шиеленіс одан әрі күшейіп келеді. 10 жылдың бедерінде терроризмнің кейпі түбегейлі өзгерді, яғни, ол жаһандық өзгеріске ұшырады, тер­рористік қауіп-қатерлердің дең­­гейі анағұрлым өсті. Сол арқылы ол халықаралық қауіпсіздікке нұқ­сан келтіретін басты факторға айналды». Қайрат Сатыбалдыұлының ай­туынша, терроризмнің қауіп-қа­те­рімен бүгінде кез келген ел бетпе-бет келіп отырған жайы бар. Ең сорақысы, бұл келеңсіз құбы­лыс­тың идеологиясы тұрғындардың діни сауатсыздығына ұласуда. Ақ­параттық жүйенің өзі де ради­кал­ды ағымдардың күшеюіне ықпал ететін құрал ретінде пайдала­ны­луда. Бұлардың барлығы азамат­тар­дың, әсіресе, жастардың дү­ние­танушылық көзқарасына кері әсерін тигізуде. Сондықтан терроризмге қарсы тұрудың құқықтық аспектілері жан-жақты жетілдірілуі қажет. Ол үшін терең ғылыми зерттеулер жүргізілуі тиіс. Бұдан кейін сөз алған Қазақ­станның Бас әскери прокуроры Ерғали Мерзадинов терроризм мен экстремизмнен туындайтын қауіп-қатерлер уақыт өткен сайын күрделеніп келе жатқанын, әлем­нің кез келген елі осы бір жа­һандық құбылыспен тікелей бет­пе-бет келіп отырғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, ол экс­тре­мистік іс-қимылдарды насихат­тау­шы және оларды жүзеге асы­рушы азаматтар жайында арнайы ақпараттық мәліметтерді шоғыр­ландыратын халықаралық жүйе құру қажет деген ұсынысын жеткізді. «Мұндай жүйе экстремистік идеологияның таралуының алдын алу үшін маңызды болмақ», деді. Конференцияда белгілі ресейлік ғалым, исламтанушы, қасиетті Құран-Кәрімді аударудағы еңбегі жоғары бағаланған Валерия По­рохованың айтқан ой-пайымдары айрықша мазмұнды шықты. «Біз терроризм туралы сөз қозғаған кезде, ең алдымен оның түпкі­лік­ті мақсаты жөнінде ойлануымыз керек. Бұл ретте терроризмнің түп­кі мақсатын айқындап алып, содан кейін сол мақсатты жасап шығарған, оны тәжірибе жүзінде қолданып жүрген адамдарды анықтауымыз қажет. Яғни, біз бұл кімге тиімді әрі пайдалы екенін білуіміз керек. Біздің негізгі мақсатымыз осы. Ал одан кейін құқықтық, қарулы күштер өзінің жұмысын атқаратын болады», деді В. Порохова. Ғалымның айту­ын­ша, терроршының басты көзде­гені – өзінің аудиториясын, яғни тыңдаушыларын жинау. Сондық­тан қоғам сол аудиторияның бол­мауы жолында күресуі қажет. «Ал ол үшін не қажет? Ол үшін ағар­тушылық жұмыстарын жүйелі жүр­гізгеніміз жөн», деді ғалым. Ауқымды конференция кезінде, сондай-ақ Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі В. Киселев, Ресей Федерациясының диплома­тия­­лық қызметкері В. Чамов, Израиль мемлекетінің резервтік қыз­метінің генералы Е. Сасон, т. б. баян­­дама жасады. Олар халық­ара­лық сарапшылармен экстремизм мен терроризмге қарсы күресті насихаттау жөнінде стратегия қа­был­дау, антитеррорлық дайын­дық­қа қатысты арнайы оқу ор­та­лық­та­рын ашу жөнінде өз ұсы­ныс­та­рын жеткізді. Конференция жұмысының қо­ры­тындысында арнайы қарар қа­былданды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.