Бірі қосылып, бірі ажырап жатқан саяси ұйымдардың тірлігіне қазір ешкім таңданбайды. Ол да қалыпты құбылысқа айналды. Әсіресе, саяси бәсекенің желі тұра бастағанда әншейінде бұйығы өмір сүретін біздің ұйымдар аса бір белсенділік танытады. Білегін сыбанып, белін шешіп шыға келеді. Соңғы кездері мұндай белсенділік Қазақстанның Коммунистік партиясы мен тіркелмеген «Алға» партияларының тарапынан байқалады. Екеуі бірігіп «Халық майданы» дейтін ұйым құрып жатыр ма, бірдеңесі бар.
Ұйым құрмасын дейтін ешкім жоқ. Дегенмен, оны өз арасында келісіп, мүшелерімен кеңесіп құру керек емес пе? Екі адам кездесіп, бір ұйым құруға бола ма? Осы «Халық майданына» күмәнмен қарайтындар көп. Өзге түгілі, өз мүшелері де наразы. Наразылығы сол, тіпті, қайбір мүшелері партияны тастап шығып жатыр. Ашық қарсылықтарын білдіріп, мәлімдеме жасауда. Сондай жағдай Қызылорда облысының Жалағаш ауданында болды.
Қазақстан Коммунистік партиясының идеясына сенген, өз еріктерімен ұйымға мүшелікке енген, саяси бәсеке кезінде белсенді болған 25 адам аталған партияның мүшелігінен шықты. Себеп – Қазақстан Коммунистік партиясының тіркелмеген ұйыммен тізе қосуы. Тіркелмеген партияның артында кімдердің тұрғанын ел біледі. Бір кездері ел ішіне ылаң салып, мемлекет қаржысын оңды-солды шашып, басына күн туғанда шет ел асып кеткен байшыкеш-қылмыскерлердің енді елдің саяси ісіне араласпақ ниеті барын партия қатарынан шыққан мүшелер қапысыз сезеді. Сондықтан ондай арам ақшамен құрылатын ұйымға мүше болуға, солардың саясатын жүргізуге үзілді-кесілді қарсылық танытып отыр. Олар арнайы мәлімдеме жасады.
«Халықтың пайдасына қандай да бір шаралар ұйымдастырмай, таратылатын үнпарақ деректерінде жала жабудан басқа ештеңе жоқ, қалыптасқан әлеуметтік мәселелерді шешуге нақты ұсыныстар белгілемейтін «Алға» саяси құрылымының бағдарламалық құндылықтарын сақтап келген, халықтың мүдделері мен құқығын қорғау бағытында зор үлесін қосып, саяси аренада өз орнын қалыптастырған Қазақстанның Коммунистік партиясымен бірлескен шаралар ұйымдастыру жоспарына біз қарсылығымызды білдіре отырып, наразылық белгісі ретінде өзіміздің Коммунистік партия қатарынан шығуға еріксіз мәжбүр болып отырмыз», – делінген мәлімдемеде.
Партия қатарынан шыққан Қуаныш Әбдіхалықов олардың бұл бастамасын саяси ұйым қатарындағы қалған әріптестерінің де қолдайтынына, ел бірлігіне іріткі салатын әрекеттерге қарсылық танытатынына сенеді.
Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда облысы.