Ілгері өткен заманда Сырдың бойы ну қамыс болған деседі. Нар қамыстан түйелі адам көрінбейді екен. Бүгінгі Қызылорданың сол заманда Қамысқала атануы да бекер болмаса керек. Бабаларымыз нар қамысты жығып, содан баспана салған дейді. Содан кіл қамыстан салынған мекенді жұрт Қамысқала атап кетіпті.
Қамыс бүгін де бар. Бірақ ірі емес. Қазір оны малға азық ретінде, үй мен сарайдың төбесін жабуға пайдаланады жұрт. Күз келе, сарғайған қамысқа от тиеді. Сөйтіп, дымы қалмай жанып кетеді. Ал осы қамысты ел игілігіне пайдалануға болар ма еді? Болмағанда ше?!
Елбасының тікелей тапсырмасымен бүгінде индустрияландыру бағдарламасы жұмыс істеп жатыр. Жұрт мүддесі үшін жасалған бағдарлама тек ірі қалаларды ғана емес, аудандарды да қамтуда. Соның бірі Қызылорда облысының Шиелі ауданында қолға алынған зауыт. Бұл зауыт қамыс жаңқаларынан ламинатталған және ламинатталмаған құрылысқа қажетті тақта шығарумен айналысады. «Алтын бала-08» ЖШС қолға алып отырған бұл жобаның құны зор. Ең алдымен, елімізде мұндай зауыт жоқ. Шиеліде тұңғыш рет ашылып отыр. Бұрнағы күні осы зауыт өз жұмысын жолға қойды. Солайша, өзінің өнімін шығара бастады.
Кәсіпкер Жарқын Омаров бұл жобаны 2009 жылы бастаған болатын. Зауытқа салынып отырған жалпы инвестиция құны 450 миллион теңгені құрайды. Құрал-жабдықтар Қытайдан әкелінген. Ол қондырғыларды орнату үшін сол жақтан арнайы мамандар келіп, құрал-жабдықтарды қондырып, жұмыс тәсілін біздің азаматтарға үйретіп кеткен. Зауыт құрылысы басталғанда аудандағы мыңға тарта азамат уақытша жұмыс тапқанын айтқан абзал. Сонымен қатар, бүгіннің өзінде аталған зауытта 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал зауыт толықтай іске кіріскенде 100-ге жуық адамға жұмыс табылады. Бұл да жұмыссыздықпен күрестің бір түрі екені анық.
Бүгіннің өзінде зауыт аудан айналасындағы ауылдардан қамыс бауларын жинап, тапсырыс беріп жатыр. Қазірге дейін Қодаманов, Бекежанов ауылдары мен «Көкшоқы» шағын аудандарының тұрғындарынан материалды шығаруға қажетті қамыс қоры жиналған. Шамамен алғанда, әр ауылдан 30-40 мың бау қамыс алынған. Аталған іске 450-ге тарта отбасы жұмылдырылған. Осы мақсатқа 19 миллион қаржы жұмсалған. Мұның өзі ауыл тұрғындары үшін қосымша табыс көзі екені жасырын емес. Сонда зауыт өз қызметкерлеріне ғана емес, айналадағы ауылдарға да жұмыс тауып беріп жатыр деген сөз.
Зауыттың айына 62000 шаршы метр тақта шығаруға мүмкіндігі жетеді. Ал өнім қалай шығарылады? Енді соған келейік. Алдымен қамыс майдаланады. Содан соң, шаң-тозаңнан тазартылады. Әбден ұсақталып, шаңнан тазарған қамыс ұнтақтары желіммен араластырылып, қалыпқа салынады. Сосын 280 градус ыстыққа қойылып, қажетті қоспаларын қосады. Нәтижесінде әрбір 40 минут сайын 5 тақта дайын болып шығады. 1 тақтаға шамамен 35 килодай қамыс жұмсалады. Ал тақтаның ені 8/10 миллиметрді құрайды.
Зауыт инеден шыққандай дайын. Инфрақұрылымдық жағдайы толық шешілген. Әкімшілік және зауыттың құрастырмалы ғимараттары сақадай-сай тұр. Темір жол, су, жарық мәселелерінде де кедергілер жоқ. Қысқасы, зауыт енді алаңсыз жұмыс істейтін жағдайда.
Қамыстан алынған аталмыш өнімге шетелдіктердің қызығушылығы аса күшті көрінді. Ағаштан жасалынған плиталарға қарағанда, бұл өнім барынша берік әрі ылғалға төзімді келеді екен. Әсіресе, ол кеме жасау орындарында үлкен сұранысқа ие. Зауыт өнімі де арзан бағамен сатылмақ. Бүгінде базарда шетелдерден келген ДСП-ның шаршы метрі 1000-1200 теңгеден сатылып жатыр. Ал «Алтын бала-08» ЖШС шығарған тақтаның шаршы метрі 570 теңгеден сатылмақ. Айырмасы айтпаса да түсінікті.
Сонымен зауыт іске қосылды. Бір кездері бабаларымыз үй соққан қамыстан құрылысқа қажетті жабдық шығаруды бастады. Ел игілігі үшін жасалып жатқан іске береке тілейік.
Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда облысы.