23 Шілде, 2011

Өндірісте – өзіміздің өнім

489 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ілгері өткен заманда Сырдың бойы ну қамыс болған деседі. Нар қамыстан түйелі адам көрінбейді екен. Бүгінгі Қызыл­ор­даның сол заманда Қамысқала атануы да бекер болмаса керек. Бабаларымыз нар қа­мысты жығып, содан баспана салған дейді. Содан кіл қамыстан салынған мекенді жұрт Қамысқала атап кетіпті. Қамыс бүгін де бар. Бірақ ірі емес. Қазір оны малға азық ретінде, үй мен сарайдың төбесін жабуға пайдаланады жұрт. Күз келе, сарғайған қамысқа от тиеді. Сөйтіп, дымы қалмай жанып кетеді. Ал осы қамысты ел игілігіне пайдалануға болар ма еді? Бол­мағанда ше?! Елбасының тікелей тапсырмасымен бү­гін­де индустрияландыру бағдарламасы жұ­мыс істеп жатыр. Жұрт мүддесі үшін жа­салған бағдарлама тек ірі қалаларды ғана емес, аудандарды да қамтуда. Соның бірі Қызылорда облысының Шиелі ауданында қолға алынған зауыт. Бұл зауыт қамыс жаң­қаларынан ламинатталған және лами­нат­талмаған құрылысқа қажетті тақта шыға­румен айналысады. «Алтын бала-08» ЖШС қолға алып отырған бұл жобаның құны зор. Ең алдымен, елімізде мұндай зауыт жоқ. Шиеліде тұңғыш рет ашылып отыр. Бұр­­на­ғы күні осы зауыт өз жұмысын жолға қой­ды. Солайша, өзінің өнімін шығара бастады. Кәсіпкер Жарқын Омаров бұл жобаны 2009 жылы бастаған болатын. Зауытқа са­лы­нып отырған жалпы инвестиция құны 450 миллион теңгені құрайды. Құрал-жаб­дық­тар Қытайдан әкелінген. Ол қондыр­ғыларды орнату үшін сол жақтан арнайы мамандар келіп, құрал-жабдықтарды қон­ды­рып, жұмыс тәсілін біздің азаматтарға үйретіп кеткен. Зауыт құрылысы басталғанда аудандағы мыңға тарта азамат уақытша жұмыс тапқанын айт­қан абзал. Сонымен қатар, бүгіннің өзінде аталған зау­ыт­та 50 адам тұрақты жұмыс­пен қамтылған. Ал зауыт то­­лықтай іске кіріскенде 100-ге жуық адамға жұмыс табы­ла­ды. Бұл да жұмыссыздықпен күрестің бір түрі екені анық. Бүгіннің өзінде зауыт аудан айналасындағы ауылдар­дан қамыс бауларын жинап, тапсырыс беріп жатыр. Қазірге дейін Қодаманов, Бекежанов ауылдары мен «Көкшоқы» шағын аудан­да­рының тұрғындарынан материалды шыға­ру­ға қажетті қамыс қоры жиналған. Шамамен алғанда, әр ауылдан 30-40 мың бау қамыс алынған. Аталған іске 450-ге тарта отбасы жұмылдырылған. Осы мақсатқа 19 миллион қаржы жұмсалған. Мұның өзі ауыл тұрғындары үшін қосымша табыс көзі екені жасырын емес. Сонда зауыт өз қыз­мет­керлеріне ғана емес, айналадағы ауыл­дар­ға да жұмыс тауып беріп жатыр деген сөз. Зауыттың айына 62000 шаршы метр тақ­та шығаруға мүмкіндігі жетеді. Ал өнім қа­лай шығарылады? Енді соған келейік. Ал­ды­мен қамыс майдаланады. Содан соң, шаң-тозаң­нан тазартылады. Әбден ұсақ­та­лып, шаңнан тазарған қамыс ұнтақтары желіммен аралас­ты­рылып, қалыпқа салынады. Сосын 280 градус ыстыққа қойылып, қа­жет­ті қоспа­ла­рын қосады. Нәтижесінде әр­бір 40 минут сай­ын 5 тақта дайын болып шы­ғады. 1 тақ­та­ға шамамен 35 килодай қа­мыс жұмсалады. Ал тақтаның ені 8/10 миллиметрді құрайды. Зауыт инеден шыққандай дайын. Ин­фр­а­құрылымдық жағдайы толық шешілген. Әкім­шілік және зауыттың құрастырмалы ғимараттары сақадай-сай тұр. Темір жол, су, жарық мәселелерінде де кедергілер жоқ. Қысқасы, зауыт енді алаңсыз жұмыс істейтін жағдайда. Қамыстан алынған аталмыш өнімге шет­елдіктердің қызығушылығы аса күшті кө­рінді. Ағаштан жасалынған плиталарға қа­ра­ғанда, бұл өнім барынша берік әрі ылғал­ға төзімді келеді екен. Әсіресе, ол кеме жасау орындарында үлкен сұранысқа ие. Зау­ыт өнімі де арзан бағамен сатылмақ. Бүгін­де базарда шетелдерден келген ДСП-ның шар­шы метрі 1000-1200 теңгеден сатылып жа­тыр. Ал «Алтын бала-08» ЖШС шығар­ған тақтаның шаршы метрі 570 теңгеден сатылмақ. Айырмасы айтпаса да түсінікті. Сонымен зауыт іске қосылды. Бір кездері бабаларымыз үй соққан қамыстан құ­ры­лысқа қажетті жабдық шығаруды бастады. Ел игілігі үшін жасалып жатқан іске береке тілейік. Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда облысы.