«Эйр Астана» ұлттық әуе тасымалдаушысы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда отынның 35 пайызға қымбаттауына қарамастан биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Авиакеросин өндірістік қызмет шығындарының жалпы көлемінің 25 пайызын құрайды және шығындардың ең ірі саласы болып табылады. Өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда, тасымалданған жолаушылар саны 18,7 пайызға өсті және 1355113 жолаушыны құрады. Үстіміздегі жылы әуе компаниясы алты «Эмбраер 190» аймақтық ұшағының алғашқы екеуін алды және Орталық Азия қалаларына ұшу жиілігін көбейтті.
Сонымен «Эйр Астана» Ресейдің Самара қаласына, Грузия астанасы Тбилисиге жаңа рейстер ашты және осы жылдың соңында Гонконгке рейс ашуды жоспарлап отыр. Әуе компаниясы ұзақ мерзімді операциялық лизингке алынған 24 ұшаққа ие, сонымен қатар 2012 жылы жеткізілетін сегіз әуе кемелерін сатып алды (6 авиалайнер «Эйрбас 320», 2 авиалайнер «Эмбраер 190»). Жақын арада Қазақстан азаматтық авиациясының көшбасшысы жаңа алыс магистральдік ұшақтарын сатып алу бойынша келісім-шартты жасауды жоспарлап отыр. Барлық әуе кемелерінің сатып алынуы мемлекет немесе акционерлер тарапынан субсидияларды тартусыз яғни әуекомпанияның өзінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Жуырда «Эйр Астана» әуе компаниялары қызметінің сапасын зерттеумен айналысатын Skytrax жетекші дүниежүзілік тәуелсіз агенттігінің сауалнамасы бойынша «Шығыс Еуропадағы үздік әуе компаниясы» номинациясында 2-ші орынға ие болды. Әуе тасымалдаушы «Боинг 757» тобының ұшақтарындағы бизнес-класс салонында жатын креслоларды орнатты және үстіміздегі жылы «Боинг 767» ұшақтарында да осындай креслоларды құруға кірісті. Әуе тасымалдаушы (IOSA) операциялық қауіпсіздігі бойынша аудиті ешбір ескертусіз өтті. Авиациялық қауіпсіздік жөніндегі еуропалық агенттіктің (EASA) техникалық қызмет көрсетуге арналған лицензиясы Біріккен Корольдігінің азаматтық авиациясының органдарымен ұзартылды. Бұдан басқа, Орталық Азиядағы алғашқы болып табылатын Алматыдағы жаңа өндірістік цех та EASA лицензиясын алды. Жақын уақытта бұл кешен әуекомпанияға «Эйрбас А 320» тобының ұшақтарына күрделі техникалық қызмет көрсетуін (С сheck деп аталатын) бастауға жағдай туғызады. Бұдан басқа ұлттық әуетасымалдаушы Флорида штатындағы Технологиялар институтында қазақстандық пилоттардың оқуын және сонымен қатар, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Бристольдік университетінде қазақстандық инженерлердің оқуын жалғастырып келеді.
Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.