26 Шілде, 2011

93 адам опат болды

373 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
  Норвегия астанасы – Осла қаласындағы парламент ғимараты алдындағы жарылыстан жеті адам қаза тапты. Артынша осы ел астанасынан 40 шақырым жердегі Утойя аралында терроршы 86 адамды атып өлтіріп, тағы 96-сын жаралаған. Андерс Брейвик екі қылмысты да өзі жасағандығын мойындағанмен, рақымшылықтан үміттенеді, деп жазады Guardian басылымы. Ол 1500 беттен тұратын «2083 жылғы Еуропа тәуел­сіздігінің декларациясы» манифестін жазған көрі­неді. Франциядағы әкесі Йенс Брейвик журналистерден көз тасалап, Испанияға кетіпті. Ол өз ұлын 15 жылдан бері  көр­мегендігін айтады. Кеше терроршыға қатысты сот басталды. Уго Чавес қайтатын емес Жақында Кубада емделуден өткен Вене­суэла президенті Уго Чавес 2012 жылғы кезекті президенттік сайлауға тағы түсе­тіндігін мәлімдеді. Ол өзінің бұл ойын мемлекеттік газетке берген сұхбатында айтқан. 1998 жылы президент болып сайланған 56 жастағы Чавес өзінің рак ауруын жеңгендігін хабарлады. Оның сөзіне қарағанда, соңғы тексерулер оның денсаулы­ғының біршама жақсарғанын көрсеткен. Енді Уго Чавес өз кандидатурасын төртінші мерзімге ұсынатын болады. Сирияда көппартиялылық заңы әзірленді Сирияда көппартиялылық туралы заң жобасы әзірленіп, тек конституцияны қадірлеп, демократиялық қағидаттарды ұстанатын, елдің заңдарына бағынатын партияларға ғана жұмыс істеуге рұқсат бермек. Бұл елде 1963 жылдан бері құрылған «Баас» партиясынан өзге партия болмаған. Заң саяси құрылымдарды діндік, ұлттық, аймақтық немесе кәсіби тегіне қарай құруға мүмкіндік бермейді деген нормалармен қамтылған. Кез келген партия өз жұмысын ашық жүргізуі тиіс және қаржылық көздері де белгілі болуы қажет. Ал әзірге Сирия билігі қарсылық көрсетушілерді әскердің күшімен басуда, сонымен қатар саяси реформалар жасайтын­дықтарын да жиі қайталап келеді. Жиырмадан астам бойжеткен құтқарылды Мексика полициясы екі күндік жедел операция барысында АҚШ-тың Техас штатымен шекаралас жатқан Сьюдад-Хуарес қаласында адам саудасымен айналысқан деген мыңдаған күдіктіні тұтқындады. Шаһар Мекси­каның қылмыстық астанасы деген атауға да ие. Билік өкілдерінің мәліметінше, полицияның осындай әрекеті нәтижесінде  20 бойжеткен қызды құтқарып қалуға қол жеткізілген. Жоғалып кеткен адамдарды іздеу мақсатында қала орталығындағы ондаған қонақ үйлер мен барлар тексерілген. Құқық қорғаушылар жас әйелдердің жиі жоғалып жатқаны туралы бұдан бұрын да талай дабыл қаққан болатын. Президенттік сайлау енді басталды Тамыздың бірінен бастап Ресейде Ми­хаил Прохоров басшылық ететін «Пра­вое дело» партиясы жаппай жарнама жасауға кіріседі. «Коммерсанть» га­зеті­нің жазуын­ша, Прохоров тұрғындар үшін әзірге белгісіз тұлға ретінде қалып отыр. Партия басшылығы қала көшелерінде билбордтар орналастыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ жаңадан құрылған саяси құрылым өз қатарларына жаңа мүшелерді қабылдайтын болады. Өткен аптада «Правое дело» атынан сайлауға тележүргізуші Александр Любимов пен «Есірткісіз қала» қорының басшысы Евгений Ройзман түсетіндіктерін мәлімдеді. Латвия сеймі таратылатын болды Латвиялықтардың 95 пайызы ел парламенті – сеймді таратуды қолдап дауыс берген. Ал ел тұрғындарының 5 пайызы сеймді таратуға қарсы екендіктерін білдірген. Жалпы, референдумға сайлау құқы бар азаматтардың 44 пайызы қатысқан. Парламентті тарату туралы референдум өткізу бастамасын мамыр айында осы елдің сол кездегі президенті Валдис Зат­лерс  көтерсе, ол бұл ойын депутаттардың ел мүддесінен гөрі жеке топтар мен нақты бір адамның қамын жоғары қоятындығымен байланыстырған. Кейбір байқаушылар мұн­дай қадамды Затлерс алдағы президенттік сайлауда жеңу үшін жасады деген жорамал айтады. Алайда, ол президенттік сайлауда жеңіліс тапқан болатын. Тыңшыны тұтқындады Армения ұлттық қауіпсіздік қызметінің қыз­мет­кер­лері Әзербайжан арнайы қызмет орындарымен бай­ла­ны­сы бар деген күдікпен 31 жастағы Ереван тұрғынын ұстады. Аталған күдіктіні Грузиямен шекараласатын аумақта қолға түсірген. ҰҚК қызметкерлерінің деректеріне қарағанда, тұтқындал­ған Карен Меграбян ұзақ уақыттан бері Таулы Қарабақтың әскери әлеуеті туралы ақпаратты жинап, оны қарсы жаққа жөнелтіп отырған. Ол сондай-ақ ел азаматтары мен әскери­лерін осы мүддесі үшін пайдаланбақ та болыпты.   Қысқа қайырып айтқанда: *АҚШ-та  қуыршақ жасаушы Mattel компаниясының негізін қалаушылардың бірі – Эллиот Хэндлер қайтыс болды. Аталған компания өзінің Барби қуыршақтарын жасауымен әлемге әйгілі. Хэндлер 95 жасқа қараған шағында дүние салды. *Қытайдың Ханчжоу қаласынан Фучжоу қаласына жол тартқан D3115 жүрдек пойызына жай түсіп, оны тоқтатып тастаған. Соның салдарынан артында келе жатқан пойыз алдынғысына соқтығысқан.  Оқиғаға байланысты үш лауазым иесі орнынан алынды. *Марокко астанасы Рабат қаласында бірнеше жүздеген адам көшеге шығып, жақында енгізілген конституциялық реформа­ларды көзбояушылық дей отырып, әлеуметтік реформаларды қолға алуды талап етті. Йеменнің Аден қаласында жанкешті жарылғаш зат толты­рылған автокөлікті жарып жіберуінен сегіз әскери қаза тауып, тағы 15-і жараланды. Жарылыс әскери лагерьден жауынгерлер мінген әскери колонна шыға бергенде жасалған. *Вильнюсте Адольф Гитлердің туған күнін атап өту акциясына қатысқан 10 адам ұсталды. Гитлердің туған күні қарсаңында белгісіз біреулер кәсіподақ ұйымы ғимаратына үшінші рейхтың жалауын іліп кеткен. Әзірге олар өз айыптарын мойындамай отыр.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.