26 Шілде, 2011

Патриот

511 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Нұр Отан» ХДП-ның ХІІІ съезінде сөйлеген сөзін­де жастарға қарата: «...Мен сендерді, ең алдымен, қалыптасқан тұлғалар, тамаша кәсіп­қойлар және шынайы патриоттар тұр­ғысында көремін. Тұлға болу дегеніміз – жауапты болу деген сөз. Ол үшін ағынмен малти бермей, белсенді болу қажет. Кәсіп­қой болу деген сөз – өзің шынымен де айна­лысқың келген өмірлік істі таңдай білу. Және оның өзін жақсы тұрғыда жүзеге асыру керек. Патриот болу – өз Отаныңды шын жүректен сүю, өзіңе және өз халқына сеніп, қоғамға қызмет ету», деген болатын. Елбасы айтқан осы үдеден шығуға тал­пын­ған жастар қатары баршылық десек, қо­ғамды жаңартуға белсене атсалысып жүрген жас қазақстандықтардың бірі әрі бірегейі Евгений Дадаров десек, қателес­песпіз. Заман талабына сай әрекет жасап, өмір­дегі өзгерістерге барынша бейімделе біл­ген адам ғана табысты болатынын Женя бар болмысымен, тындырған істерімен дәлел­деді. Ол – Қостанай өңірінің тумасы. 5-сыныптан бастап өзге ұлт өкілдері басым Рудный қаласындағы №1 мектепте оқыды. Сонан соң осындағы Индустриялық инсти­тутқа түсті. Аталмыш оқу орнының тарихы Соколов-Сарыбай кен-байыту өнді­ріс­тік бірлестігімен тамырлас. Бір айта кететін жәйт, бүкіл Қазақстанды индустрия­лан­ды­ру локомотиві саналатын осынау бірлестік ұжымы­ның қатары жылма-жыл РИИ-ді бітірген жас мамандармен толығып отырады. Институтты үздік дипломмен тәмам­да­ған Дадаров еңбек жолын кәсіби инженер ретінде осы алып өндіріс ошағында бас­тады. Алайда бәсекеге қабілетті жас жігіт өзі білім алған институтқа қайта оралған. Неге дейсіз ғой. Соңғы жылдары елімізде кәсіптік және техникалық мамандықтарға деген сұра­ныс артты. Осыған орай, РИИ жанынан колледж ашылды. Оқу мемлекеттік тілде жүр­гізілетін топтарда сабақ жүргізу үшін Дадаров сынды әрі кәсіби маман, әрі қазақ тілін жетік білетін оқыту­шы­ның қажеттігі туды. Колледж дирек­торы, өзінің тәлімгері Ж.Мұс­тафина Евгенийге оқытушылықпен қа­тар, сырттай оқыту бөлімінің меңгерушісі қызметін де сеніп тапсырды, әрі оның бұл шешімі Елбасы Н.Назарбаевтың мемлекеттік қызметкерлердің қабілет-қарымдысына, со­ның ішінде қазақ тіліне қамшы салдыр­май­тын­дарына қолдау көрсетуіміз керек деген тапсыр­масына шына­йы қолдауы болды. Бү­гінде талантты жас «Техникалық механика негіздері», «Кеніштік көлік», «Іштен жана­тын қозғалтқыш­тар» пәндерінен бола­шақ ма­мандарға қазақ тілінде дәріс оқып, әрі мең­геруші қызметін абыроймен атқарып жүр. Саусақпен санарлық болса да, жер-жерде мұғалімдер арасында қазақ тілі пәнін оқы­тып жүрген жандар баршылық. Олар­дың ішінде есімдері елге танымал көкшетаулық Ольга Мырзагелдинованы, астаналық Татьяна Дом­ни­наны ерекше атап өтсек, артық болмас. Ал техникалық пәндерді қазақ тілінде оқыту ұлты өзге жанға жеңіл тимесі анық. Әйтсе де «Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда» демекші, пәрмені мықты, әлеуеті кең Евгений бұл қиыншылықты да еңсере білді. Көзі қарақты оқырманның есінде болар, Елбасы Н.Назарбаев 2006 жылы Ақордада мемлекеттік органдар мен ұлттық ком­па­ниялардың мемлекеттік тілді меңгерген ұлты қазақ емес жас қызметкерлерімен жүз­дескен болатын. Сонда Нұрсұлтан Әбіш­ұлы: «Қазақ­станды өзім­нің Отаным деп санайтын әрбір адам мемлекеттік тілді меңгеруге ұм­тылу­лары керек. Мемлекеттік тілді білу – Қазақ­стан азамат­тары үшін парыз», деген еді. Ендігі сөз арнасын бәсекеге қабілетті­лік­тің маңызды бір қыры саналатын – мемлекеттік тілді меңгеруге Женяның қалайша қол жеткізгеніне бұрайық. Хакім Абайдың «Талап пен ұғым махаббаттан туады» деген асыл сөзі бар. Білмекке, ұғынбаққа деген тала­бы зор, сүйіспеншілігі мол Женяның алған асулары көп-ақ. Мектепте, институтта талай олимпиаға, конкурстарға қатысты, қай-қайсысынан да жүлдесіз қайтқан емес. «Үздік жыл студенті» атанды. Қазіргі жа­сына, бір басына жетерліктей жетістік­тері­нің бір-екеуіне ғана тоқталып өтелік. 2006 жылы Тәуелсіздігіміздің 15 жыл­ды­­ғы­на орай, институт базасында өңірара­лық «Қазақстандық патриотизм – мемле­кеті­міз­дің жастар саясатындағы ең маңыз­ды басымдығы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Осы алқалы басқосуда Женя ұстаздары Ж.Мұстафина, Р.Шамсут­диновтің жетекшілігімен екі түрлі тақы­рыпқа екі баяндама (бірін – қазақ тілінде, екіншісін – орыс тілінде) жасап, конфе­ренцияға қатысушыларды тәнті етті. Тыр­на­қалды еңбектері үлкен жинаққа енді. 2007 жылы Семей қаласына жолы түсті. Қа­зақстан жоғары оқу орындары арасында тео­риялық механика пәнінен өткізілген ІІІ рес­публикалық олимпиадада Е.Дадаров 2-орын­­ды еншіледі. Келесі жылы қазақ тілі білгірлерінің «Тіл – халық жанын танудың кіл­ті» атты рес­публикалық байқауы өтті. Женя­ны Алматыға Қостанай облыстық тілдерді дамыту басқар­ма­сының бастығы Ж.Үм­бетов бастап барды. Қостанайдың намы­сын қорғаған жас жігіт үмітті ақтап, 1-орын­ды же­ңіп алды. Ұмытпасам, Женя мені осы жеңісінен бірер ай бұрын іздеп келді. «Пиалаш апай осында ма?» деп, оқытушылар отырған кабинетке жұқалтаң келген, көзілдірікті бей­та­ныс бозбала кіріп келді. Қазақша сөйле­ген­і­не сүйсініп: «Мені қайдан білесің? Қан­дай шаруамен жүрсің?», дегенімде, қа­зақша үйренгісі келетінін, бір кісілер маған сілтеп жібергенін айтты. Мұғалімде қа­шанда уақыт тапшы. «Жап-жақсы сөй­лей­сің....» деп бас­таған сөзімнен айтпақ ойымды түсініп қап, қазақ тілін тереңірек меңгергісі келетінін білдірді. Меселін қайтармай, тілді мең­геру деңгейін сынамақ ниетпен біраз тексерістен өткіздім. Жазған диктанты, тест сұрақ­тарына берген жауа­бы, қазақ тілінде оқуы, мәтінді мазмұндауы – бәрі-бәрі тамаша. Келесі келгенде, Женя біраз газеттерді ала келіпті. Газетті көп айналдырғаны көрі­ніп тұр. Кейбір сөздер мен сөз тіркес­терінің асты сызылған. Женя олардың ма­ғынасын түсін­діріп беруімді өтінді. Мағы­насы астарлы, сирек қолданыстағы сөз тіркестері екен. Кібіртіктеп барып, жайлап түсіндіре бастадым. Тілді терең меңгеруге шындап көңіл қойға­нына көзім жеткендей болды. Есіме ұлы ағартушымыз Ы.Алтынсари­н­ның тіл үйрену әдісі түсті. Жас Ыбырай, болашақ педагог, тілмаштық қызметін атқара жүріп, орыс тілін жетік меңгеру мақсатын қояды. Бастығы, шығыстанушы ғалым, профессор В.Григорьевтің рұқсаты­мен жұмыс орнындағы бай кітапханасына барып жүреді. Орыс тіліндегі әдеби жур­налдарды, кітап­тар­ды бас алмай оқып, тү­сін­беген сөздерді дәптеріне теріп жазып, мағынасын Василий Васильевичтің көмегімен меңгеріп отырған көрінеді. Мемлекеттік тілге деген шексіз құр­метімен көпшілік ілти­патына бөленіп жүр­ген Евгенийге «Қазақ тілін қалай үйрен­дің?», дегенімде, алдымен ұстаздары­ның есімдерін құрметпен атады. «Ұстаздары қандай ерекше әдіс-тәсілдерді қолданды екен» деген оймен 5-11 сынып­тарда оқыт­қан Г.Шаймұратоваға, институтта кәсіптік қазақ тілін үйреткен С.Мыр­захметов­ке жолығып сөйлескенім бар. Сөз орайы кеп тұрғанда айта кетейін, Женя кә­сіптік қазақ тілінің бір-ақ жыл оқытыл­ғанына көңілі толмағандай сыңай білдірген-ді. Екі ұстазы да Женяның аса қабілетті­лігі­мен қатар, қарапайымдығын, кішіпейілділігін алды­мен атап өтіп, оның тіл үйренудегі жетістігі шын ниеті екендігін алға тартты. Осы орайда тағы да дана Абайдың: «Адам көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де мейірленеді, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқайды» деген сөзі ой­ға ора­лады. Бұл сөздің шынайылығын тіл үйренуге қатысты тағы бір өнегелі мысал­мен өрнектеп өтсем, артық болмас. Бүгінде халық қалау­лы­сы атанған азамат Розақұл Хал­мұрадов кезінде қазақ тілін мұқият үйрену үшін газеттерді, әдеби кітап­тарды көп оқып, қазақтың қара өлеңдерін жатта­ған, жұмыста да, үйде де қазақша сөйлеп жүрген көрінеді. Сөйткен Рекеңнің бүгінде қазақшаны төгілдіріп сөй­лейтінін те­леди­дардан естіп жүрміз. Сондай-ақ елге таны­мал тұлғалардың бірі Василий Осиповтің «Абай мен Мұхтар Әуезовті қазақ тілінде оқып, толық түсіне алатынымды бармақтай бағым деп санай­мын» деп ағынан жарылуы керемет емес пе. Тіл тұңғиығына тереңдеуі есейген сайын еселене түскен Евгений бұл жолда түрлі амалдарға барады. Тіл білгірлерінің бірі Марина Бухарина тілді меңгеру үшін, біріншіден, адамның тілді үйренемін деген ниеті, екіншіден, ұстаздың тілді оқытамын, мінсіз үйретемін деген шын ықыласы, үшіншіден, тілді меңгеру кезінде тілдік ортаның болу керектігін жазған еді. Евгений осы үш жағ­дайды да бастан кешті. Мәселен, тіл үйре­ну­ге деген ниетін үздіксіз із­деніс, тынымсыз еңбекпен бекемдеп отыр­ды. Негізгі ұстаз­дары­мен шектеліп қал­­май, «қазақ тілін жақсы үйретеді-ау» деген мамандарды іздеп тауып, көмегіне жүгінді. Шәкіртақысынан жырым­дап төледі. Тек қазақ тілінде сөйлей­тін оралман жігіттермен қоян-қолтық ара­лас­ты. Қай тақырыпқа болсын, қазақша сөз­дің майын тамызатын Женяға достарының бірі «Сен менің әжем секілді сөйлейсің ғой»,  деген көрінеді. Сол жолдастарымен дост­ы­ғы олар­мен әлі күнге жалғасып келеді. Тіпті кейбірінің үйлену тойында болып, қазақ­тың қаймағы бұзылмаған салт-дәстүр­лерін өз көзімен көрді. Осы тұста Елбасы Н.Назар­баев­тың Қазақстан халқы Ассам­блея­­сы­ның ХVІІ сессиясында: «Барлық азамат­тардың қазақ тілін білуі, әшейін бір ұран емес, бұл – олар еліміздің тарихын, ерте дәуірден бастап бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының та­рихын, мәдениетін, дәстүрін білетін бола­ды деген сөз. Бұл барлық қазақстандықтардың бұрынғыдан да жа­қын­дасуына жетелеп, біздің арамыздағы се­німді күн сайын, жыл сайын нығайта түсетін болады» деген сөзінің шына­йы­лығына тәнті боласың. Өзі барған тойлардың бірінде Евгений «Балбырауын», «Желдірме» күйлерін желдірте тартып, жиналған қауымды таңғал­дыр­ғаны бар. Иә, өзге бір ұлттың тілін сүйген адам сол тілдің иелерімен, сол ұлттың құндылықтарымен етене жақын­дасып кетеді деген рас екен. Евгений «Ана тілі» газетінен бастап, бірқатар мерзімді басылымдарды жаздырып алады, сондай-ақ дүңгір­шектерден газет-журналдарды сатып алып оқуды әдетке айналдырған. Қазақ әндерін сүйіп тыңдайды. Ұлты орыс болса да, қазақтың қасиетті­сінің бәрін қастерлеп жүретін Е.Дадаров бүгінде ұжымының ғана емес, ел сенімін арқалаған тұлға, кәсіпқой, патриот ретінде көпшілікке таныла бастады. Оны қала, облыс біледі, құрмет тұтады. Пиалаш СҮЙІНКИНА, Ы.Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің оқытушысы. Қостанай облысы. Суретте: республикалық байқаудан көрініс. (Ортада Е.Дадаров).