Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Егемен еліміздің мәдени өмірінде мұражайлардың орны айрықша. Тарихымызды терең зерттеп, оның тәжірибесінен тағылым алу Қазақстанда патриотизм қалыптастырудың, Отанның лайықты азаматтарын тәрбиелеудің басты шарттарының бірі», деп атап көрсеткен болатын. Астана қаласының орталығындағы Тұңғыш Президент Мұражайындағы жәдігерлер де осы тұжырымға лайық топтастырылған. Тұңғыш Президент Мұражайын аралаған әрбір жан таным мен тағылым тылсымынан ұмытылмас әсер алатыны анық. Жақында оған көзіміз тағы да айқын жетті.
Халықаралық шахмат күніне орайластырып Тұңғыш Президент Мұражайында Нұрсұлтан Назарбаевқа әр кезеңдерде ТМД мемлекеттерінің президенттері және әлемге танымал атақты шахматшылар сыйлаған шахмат коллекциясы тұңғыш рет жұртшылық назарына ұсынылды. Елбасына Украина, Белоруссия, Армения президенттері, атақты гроссмейстерлер Анатолий Карпов, Вишванатан Ананд және басқа тұлғалар тарту еткен бұл шахмат мүсіндері ғажайып өнер туындылары болып табылады. Көрмеге қойылған шахматтар металдан, фарфордан, хрустальдан, ағаштан және сүйектен жасалған.
Бұл шахматтардың басым бөлігі нақты тарихи оқиғаларға және тарихи тұлғаларға арналған мемориалдық кешендер десе де болғандай. Мәселен, 2006 жылы Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко Елбасына тарту еткен шахматта Мәскеу түбіндегі атақты «Бородино шайқасына» қатысы бар тарихи тұлғалар бейнеленген. Шахмат тақтасындағы корольдер Александр І және Наполеон бейнесінде болса, ферзілер М.Кутузов, Иоахим Мюрат және басқалардың бейнесімен берілген.
Көрмеге қойылған шахмат коллекциясында Цинь Шихуандидің атақты терракотты әскерінің жауынгерлері, Ұлы Моғол империясының сарбаздары, викингтер де көрініс тапқан. 2001 жылы Украина президенті Леонид Кучма тарту еткен шахмат мүсіндерінде 1600-1700 жылдардағы украин және поляк әскерлерінің мүсіні сомдалған. Ал Армения президенті Серж Саргсян сыйлаған шахмат мүсіндері стаунтонттық үлгіде жасалған. Ерекше атап өтетін бір мәселе, бұл шахматтардың бәрі қолдан ойып жасалған жеке өнер туындылары болып табылады.
Шахмат коллекциясы көрмесінің ашылуына орай Тұңғыш Президент Мұражайында халықаралық дәрежедегі шахмат шеберлері Дәрмен Сәдуақасов пен Динара Сәдуақасованың көрмеге келген барлық шахмат сүйер қауыммен бір мезгілде бірнеше шахмат тақтасында ойнайтын шахмат турнирі өткізілді. Екі сағатқа созылған осы шахмат турнирі барысында ағалы-қарындасты гроссмейстерлер барлық шахмат тақталарында жеңіп шықты. Тек жеті жасар шахматшы Тілеужан Еркенов қана гроссмейстерлермен тең түсті. Дәрмен Сәдуақасовтың пікірінше, бұл жас шахматшының болашағынан зор үміт күтуге болады. Жеті жасар шахматшының күні ертең халықаралық шахмат сайыстарында ел мақтанышына айналуы әбден мүмкін.
Халықаралық дәрежедегі гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасов көрмеге қойылған шахмат коллекциясының танымдық және тағылымдық үлкен маңызы бар өнер туындылары екендігін атап көрсетті. Барлық өмірін шахмат сайысына арнап келе жатқан гроссмейстер өзінің әлі күнге дейін шахмат коллекциясы жоқ екендігіне өкініш білдіріп, бұл көрменің шахмат сүйер өскелең ұрпаққа беретіні мол екендігін ескертті.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.