Өткен сенбі күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астананың Бас жобасы ғылыми-зерттеу жобалау институты» МКК-да болды.
Қазақстанның азаттығын айғақтайтын ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына орай, Қазақстанның елордасы – Астана қаласында салтанатты қақпа бой көтермек. Бұл қақпа 20 жылдық белесті бағындырған еліміздің даму тарихы мен гүлденуінің символы іспетті десек, артық айтқандық болмас. Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов 20 жылдың бедерінде тұрған мемлекетіміздің айтулы мерейтойы қарсаңында Мемлекет басшысының назарына осы салтанатты қақпаның кескіндемелік жобаларын ұсынды. Сонымен қатар, Президентке қала құрылысы жобаларының жүзеге асырылу барысы жайында баяндап берді.
Бір атап өтерлігі, бүгінде Астана құрылысы өзінің шешуші кезеңіне қадам басты. Қазақстанның символына айналып үлгерген бас қала өзінің рухани орталық ретіндегі орнын да мықтап айқындады. Сол себепті де Мемлекет басшысының назарына ұсынылған, болашақта әсем шаһар төріндегі ғимараттардың қатарынан сап түзейтін бірегей нысандардың барлығын дерлік сәулет өнерінің бүгінгі заманға сай таңдаулы үлгілері мен соны шешімдері деп сенімді түрде баға беруге болады. Яғни, олардың кез келгені бас қаланың бай архитектуралық ансамблін толықтыра түспек. Ал бұл өз кезегінде Астана көркінің күн өткен сайын айшықтала, әдемілене, сәндене түсуіне үлес қосатын болады.
Салтанатты қақпа Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясынан туған құнды жоба. Демек, ол қаланың кезекті бір нысандары қатарынан орын алып қана қоймайды, Салтанатты қақпа – 20 жылдық мерзім ішінде беделді әрі тұрақты мемлекет ретінде әлемдік саясат сахнасынан орын алған жас елдің эмблемасына да айналмақ. Осы орайда, бұл нысанда ұлттық нақыш үлгілері көрініс тауып, ол жаңа заманауи архитектуралық шешімдермен шебер шендестірілуі тиіс, деді Мемлекет басшысы.
Бұдан кейінгі кезекте Нұрсұлтан Назарбаев құрылысы жүріп жатқан «Астана Медиа Орталық» телерадио кешенін аралап көрді. Президентке бұл нысанның жобасын еліміздің Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев таныстырды. Аталған кешеннің жалпы ауданы 75,5 мың шаршы метрді құрайды. Министрдің айтуынша, ауқымды аумақты алып жатқан кешен құрамында аппаратты-студиялық блоктар, көп арналы телехабарлар тарату блогы, көп арналы радиохабарлар тарату блогы, 100 орындық киноконцерт залы, ұлттық медиамұрағаттың аппараттық кешені бар. Мұндай орталықтың негізін қалаудағы басты мақсат – мемлекеттік телеарналардың техникалық базасын қазіргі заман талабына сай келетін стандарттарға сай келтіру, медиакеңістікті ұлттық медиаконтентпен толтыру, эфирлік сандық теледидар мен радиотарату жүйесіне өту, электронды медиамұрағатты құру болып табылады.
Яғни, «Астана Медиа Орталық» – әмбебап кешен. Оның ерекшелігі – бұл жерге еліміздің барлық мемлекеттік электронды бұқаралық ақпарат құралдары шоғырланбақ. Ал олардың барлығы озық технологиялық ресурстармен біріктірілмек. Мамандардың сөзіне қарағанда, қазіргі заманның қайталанбас технологиялық шешімдеріне сүйене отырып, бой көтеретін мұндай медиаалаңның бұрынғы посткеңестік кеңістік шеңберінде ешқандай баламасы жоқ.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.
Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.