Сыншы Сағат Әшімбаев шығармашылығы туралы ойлар
Атағынан ат үркетін лауазымды қызметте жүрген кезінде ұлттың болашағы, тілдің келешегі, рухани құндылықтарды сақтап қалу, қазақы қалыппен ұрпақты тәлімді етіп тәрбиелеу мәселесін үстемдігі жүріп, үскіріктей ұрып тұрған кеңестік идеология тұсында да жасқанбай, азаматтық парызымыз бен қарызымыз туралы қаймықпай ой қозғап, барымыз қайсы, жоғымыз қане, барды жарқыратып, жоқты қайтсек түгендейміз деп отбасы ошақ қасында, не алақандай аудиторияның ішінде емес, теледидар бетінде жалпақ жұртқа жар салған, пікір ұйымдастырған, оны біріміз қолдап, екіншіміз әліптің артын баққанда өзінің ерекше талантымен, пайым парасатымен айта алған аса көрнекті әдебиет сыншысы, жалынды публицист, қоғам қайраткері Сағат Әшімбаев екені баршаға мәлім. Өзі өмірден ерте кетсе де артына өлмес мұра қалдырған сол қарымды қаламгердің таяуда «Сын сымбаты» атты бір томдық кітабы жарық көрді. Кітапты парақтап отырғанда данышпан Абайдың: «Ұзын өмір не берер, көрген, білген болмаса?» деген екі жол өлеңі ойға оралды.
Жинақтың беташарына қазақ әдеби сынының айтулы өкілі, академик Мұхаметжан Қаратаевтың сүйікті шәкіртін сұңқарға теңеп, келбеті мен талантын келістіре айтқан «Сынның сарапшы сарбазы» деген мақаласы беріліпті. Сәкеңнің таңдаулы мақалалары топтастырылған бірінші бөлім «Әдебиет мүддесіне адалдық» деп аталса, ал ағалары мен замандастары, құрмет тұтқан інілері жазған талдау дүниелер «Сыншы мұрасына тағзым» деген бөлімге жинақталыпты.
Сыншыл ой сардарының бүкіл бітім-болмысын: «Қоғамды қозғайтын, адам санасын өзгертетін тұлғалар болады. Олар өзінің қатарынан, заманынан озық туады. Өткен ғасырдың 60-80 жылдарының арасы қазақ руханиятына дарындыларды үйіп-төгіп-ақ беріп еді. Өкініші, солардың көбінің ғұмыры қысқа болды. Орыс әдебиетінің бағына туған Писарев секілді құйрықты жұлдыздай жарқырап жанып, ағып түскен жарықтарымыздың бірі – қазақ мәдениеті мен әдебиетінің дамуына, ұлттық сананың өсуіне үлкен үлес қосып кеткен асылдардың бірі – Сағат Әшімбаев болатын», – деп тап басып айтқан көрнекті ғалым, белгілі қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің түйінді сөзінен көп жайды аңғаруға болғандай. Осылайша бағаланған азамат сыншының мақалаларын зиялы қауым өкілдері жақсы білгенмен, кейінгі толқын толық хабардар болмауы мүмкін ғой. Сол себептен де атын естіген қаламгердің артында қалған мұрасы қандай екен, дегенді аңғарту үшін кітаптағы мақалаларға аз-кем тоқтала кетсек дейміз. Ойлы жанның қай кезде де мәнін төмендетпейтін шығармаларын оқып отырсаң терең де тегеурінді талдаулар алдыңнан шығады. Өзгенің жазғанына пікір білдіру үшін өзің білімді болуың керек. Бұл тұрғыдан келгенде, сегіз қырлы, бір сырлы Сәкең қамшы салдырмайды. Кітабынан бүкіл әдебиет әлемі туралы: кімдер не жазды, қай жазушыдан қандай құндылық қалды дегенді көріп-біліп отырасың. Ол сүйекті дүниелерге пікір білдіргенде атүсті емес, туындының түп-тамырына дейін тереңдеп барып, жетістігін жарқырата көрсетіп, олқылығын ой салатындай етіп дәлелмен алға тартады. Айталық, «Сыншыл ой туралы сыр», «Ізденіс бағдарын барлағанда» деген екі мақалада өткен ғасырдың 60-70-80 жылдарындағы әдебиет «майданына» жан-жақты талдаулар жасайды. Қазақ әдебиетімен ғана шектеліп қалмай, әлемдік өркениетке ерекше үлес қосқан жазушылардың туындыларына да тоқталады. Бір ғана мысал, орыстың атақты сыншысы Белинский Пушкинді Байронмен, не соңғысын алдыңғысымен салыстырудың оғаш екенін айтқан. Сол секілді біз бір кездері Н.Погодиннің: «Әуезов – қазақтар үшін екінші Абай, біз үшін Шығыстың Шолоховы», деген сөзіне масаттанып, кеуделеп жүргеніміз бар. Осыны кеңес дәуірі дүрілдеп, Мәскеу гуілдеп тұрғанда алғаш рет Әуезов Шығыстың Шолоховы еместігін, бұл көңілге қонбайтынын, Әуезов Шығыстың өз ұлы, ағат сөзге алданбайық деген де Сағат Әшімбаев болатын. Ол, ол ма, орыс әдебиеті өздерінің бастау басын «Игорь полкі туралы жырдан» алып, Шолоховтың «Тынық Донымен» ұштастырса, Сәкең қазақ әдебиетінің алтын тамырын Орхон-Енисей тас жазба ескерткіштерінде жатқанын айтып, ол пікірін Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясымен астастырып: «Біздің көркем ой-санамыздың даму тарихы әріден басталатындығы зор мақтаныш!» – дейді.
Қоғамның кесірі мен кесапатын тап басып жазған жазушы шығармасына баға беретін адам – сыншы. Сыншының мықтылығы Ғабит Мүсіреповтің астарлап, тұспалдап айтатын тұстарына талдау жасағанда айқын аңғарылады. Тіпті ерекше қанаттанып, дараланып кетеді. Әсіресе, қоғамдағы жегіқұрт кемшілікті кекесінмен көрсететін жазушының «Қасқырды атқан қайсысы?» деген әңгімесіндегі суреткерлікті баяндай келіп, мейманасы тасыған ғалым, министрдің бейнесін лықсып төгілген коньяктар арқылы қаламгердің айтар ойын жұртқа тайға таңба басқандай етіп жеткізеді. Өзі ерекше ілтипат танытып, әлденеше рет оралып мақала жазған ұлы тұлғаның шығармашылығын жан-жақты талдаған «Ғ.Мүсірепов туралы триптих» атты үш бөлімнен тұратын әртүрлі формада жазылған еңбектен үйренер үлгі, алар тағылым аз емес. 1972 жылғы жүргізілген сұхбатта Сәкеңнің: «Ана тіліміздің бүгіні мен болашағы туралы не айтар едіңіз?» деген сұрағына сөз зергері: «Білетін философтар тіл бар жерде ғана ойлау бар деседі. Рас сөз. «Тіл дегеніміз, ойлаудың тікелей көрінісі» деген ғұлама Маркс сөзі бәрімізді де табындырады. Осы төңіректе ойланып қарасақ, қазақтың да ойлау дәрежесі ешкімнен кем емес. Олай болса, оның тілі де аса бай, шалқар тіл. Түйіндеп айтсақ, тілден асқан байлық жоқ, тілден биік асқар жоқ. Тілден терең теңіз жоқ», – дейді. Дуалы ауыздан шыққан сөз ғой бұл, түбі халыққа керек деп немқұрайдылық танытпай жазып алған сыншының зерделілігіне осы жерде бас иесің.
Сағат ағамыз Ғабең туралы емірене, бүкіл шығармасының ішіне терең ене отырып, тебірене жазыпты. «Адам баласы сағыныш пен мұңнан айрылған жерде бәрінен айрылады» деген А.Чехов сөзін мысалға алып, қаламгердің қазақтың табиғатына тамсанып: «Біздің көпшілігіміздің жанымыз аңшы, өзіміз аңшы емеспіз. Біздің жан-тәніміз дала баласы екенімізді ұмыттырмайды. Біздің аңшылығымыздың өзі у-шуы, иіс-қоңысы жоқ таза даланы сағынумен байланысты екені даусыз. Мысалы, мен өзім 70 жасқа толғанша бір рет курортқа барған емеспін. Демалыстарымды ылғи далада, өзен-көл жағасында өткізуші едім», деген тұсын дәйекке алып, асыл ағасы өзінің алдындағы алыптарды қалай сағынатынын, еске түсіретінін, «Қайран Қалибек! Қайран Қалекең!» деген сәттерін мысалға алады. Екеуара әңгімеде: «Өз заманындағы рухани кесапат атаулыға ең алдымен жазушыларды жауапқа тарту керек», – деген Г.Манн сөзін назарға ұстап, өздеріне артылған ар жүгінің жеңіл еместігін бір сәт те ойдан шығармай, көңілден сөндірмей қазақтың жақсылығы мен әттеген-айларын қозғайды. Соны қайтсек түзейміз, түзу жолға саламыз дейді.
«Танымадық, жарымадық жақсыға бір іргелі», – деп Абай айтпақшы, Ғабит Мүсіреповтің әңгіме үстінде қоламтадай қозғаған мына бір толғақты сөзі, ажырап бара жатқан ата салтты еске түсіреді. Оқып көрелік: «Мұхтардың көзі тірісінде бөріге тән бүлінушілік деген ақылыңнан алжастырар «ауру» жоқ еді! Жарықтық, Мұхтар тірі болса, осы бүгінгі көбіміз көбіктей көпіріп сөйлемес едік-ау!» – деген өкініші бұл күндері күшейіп кетті-ау! Ал сол кезде басталған кесел кітап оқымау туралы Абайша «жарлы емеспін, зарлымын» деп: «Жақында мынау Абай мен анау Фурманов көшелерінің бұрышындағы кітап дүкеніндегі сатушы қыз: – Ағай, Мұхтар Әуезовтің мына томдары жатқалы көп болды, ешкім алмай жатыр, – дегенін естігенде, сөредегі Әуезов томдарын көргенде кірерге қара жерде тесік болмады. Мұхтар Әуезов жамандығынан өтпей жатқан жоқ, біздің жамандығымыздан бізге жетпей жатыр. «Қайран тіл, қайран сөз – наданға қадірсіз», – деген Абай сөзі ойыңа түседі.
Адам жаны неге ұқсас болса, соған аңсары ауып тұрады. Осы күні аңсары ағашқа ауған, үйіне ағаштан «баррикада» жасап жатқандар аз емес. Солар «журнальный» столының бір аяғы шығып кетсе, жаны қоса шығып кетер еді, ал үйінде Мұхтар Әуезовтің томдары жоқ екендігіне қысылмай, қымсынбай-ақ тұрып жатады. Мұндайлар туралы Абай:
О да – құдай пендесі,
Түспей кетер деймісің?
Тәңірінің құрған тезіне? – деген ғой.
Басқа не айтамыз. Мұндайда тағы да Абайға жүгініп, көңіл жұбатамыз. «Ит маржанды не қылсын» деген сөз бар, Сәулесі бар жігіттер бір ойланар», – деген данышпанның сөздерін қайталағымыз келеді. Осы күні жұрттың бәрі өзін «сырымен емес сыртымен» интеллигент санайды, ал мен өз басым үйінде, үйінің қақ төрінде Мұхтар Омарханұлының он екі томдығы не соңғы жиырма томдығы жоқ қазақ баласын азамат санамаймын, оларды еш уақытта да интеллигент деп есептемеймін, басқамызды сатып алмай-ақ та, оқымай-ақ та қойсын, Мұхтарды оқымау сұмдық емес пе» – деген ашулы сөзін айтып, бүгінде көбімізді толғандырып, арты қалай болар екен деп ойландырып жүрген мәселені көрегендікпен айтып кетіпті. «Сексенге келген мені дәл бүгінгі таңда кәрілік емес, адамгершілік проблемасы селкілдетіп отыр. Техникалық прогреске бәріміз де ризамыз, осылай риза болып жүргенде нравственный прогресс жағы, яғни ар-ождан, адамгершілік, байлығымыз тым ортайып бара жатқан жоқ па?! ...«байлық қуған жерде бақыттың басы қисаяды», «дүниеге құмарлық жеңген жерде – адамға деген сүйіспеншілік жеңіледі, ақылға деген сүйіспеншілік жерленеді», – деген атақты философ Салюскийдің сөздерінің туралығына көзім әбден жетті», депті Ғабең сұхбаттың соңында. Ал сыншы: «Мені қатты алаңдататын нәрсе дүниеқоңыздық, алармандық, қанағатсыздық, көрсеқызарлық, өзімшілдік деген пәлелер. Осылармен ағайындас бақталастық, шенқұмарлық, тағысын тағы және бар. Бұл жиіркенішті құбылыстар етек алған жерде азаматтық сезім мен адамгершілікке, сұлулыққа нұқсан келмей қоймайды», деп жазушы ойын жалғастырады.
«Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе. Адамдықты көздесең, Жаттап тоқы көңілге», деп Сұлтанмахмұт Торайғыров айтпақшы, данышпан Абайға Сәкең әлденеше рет оралып, ақынға имандай ұйып, тіл үйірер тіліне, тағылымды тәліміне терең талдаулар жасайды. Сол талдауларға көз жүгіртіп отырғанда қыл-қыбырдан жан сарайың тазарады. Абайды оқы, ағайын, адаспайсың деген сыншы үні құлаққа келеді.
«Ақын жанын жабырқатқан жандар», деген мақаласында Сағат Әшімбаев: «Бұл күнде адамды емес, малды сыйлап, Әркім-ақ орын берді оған төрден», деген ұлы ақынның: «Егер менің ішімді жарып көрсең, Жылауыңды ұмытып, шошыр едің» деп жаны күйзелгенде бар шындықты жайып салғанына өзегі өртеніп: «Қандай ауыр сөз! Міне, содан бері жүз жылға таяу уақыт өтіпті. Осы уақыт ішінде... Абайдың жанын жаншыған жарамсыз жайлардан арылып болдық па?! Шыныңызды айтшы?!» – дейді. Отыз жыл бұрын қойылған осы сұрақтың жауабы табылып, алаң көңіл жайдары күйге түсті ме? Күйкі тірлік оңалды деп батыл түрде айта аламыз ба?
Екінші бөлім жоғарыда айтқанымыздай, Мырзатай Жолдасбековтің «Заманынан озып туған» атты талдау мақаласымен ашылыпты. Ардақты ағасы асыл інісі туралы ой тербегенде, оны Хан Тәңірінің топшысы ерте қатайған тастүлегіне теңейді.
«Ұлт намысы дегенде жанын салатын, көкірегі қарс айырылатын. Академик Зейнолла Қабдоловша айтсақ: «мінезі мен мүсіні, мазмұны мен пішіні, болмысы мен бітімі бөлек еді. Сағат екінің бірі емес, бірегей еді. Ақ тілеуі ел үстінде жүретін. Іздегені – ізгілік, жақсыларға жанаса жүретін», дейді.
Жазушы Ұзақбай Доспанбетов қысқа өмірде қыруар мұра қалдырған Сәкең еңбектерін саралай келіп, өткен ғасырдағы қазақ зиялыларының ішінде ұлт үшін елеулі еңбек еткен Ілияс Омаров туралы біліп жазғандарына ризалығын танытып, күні кеше өмірден озған жыр жампоздарының бірі, талантына қарай төңірегіне қояр талабы ерен Өтежан Нұрғалиев екеуінің арасындағы сызат түспеген шығармашылық байланыс туралы ой тербепті. Сын әлемінің Сағат Әшімбаевтан кейінгі белгілі өкілдерінің бірі Бақыт Сарбалаұлы тетелесі туралы тебірене сөйлейді. Сын жазудың сыр-сипатына үңіліп, жазушылардың шығармасы туралы пікір жазу үшін төрт құбылаң түгел, ойың озық, бойың биік тұру керектігін меңзейді. Бұл тұрғыдан келгенде, Сағаттың әр сөзі, айтқан тұжырымы болат қазықтай мықты қағылатынын, дау туа қалса, айтар уәжі дайын жүретінін нақты мысалдармен дәлелдейді. Сонымен қатар, ол замандасының қайраткерлігін де қадірлейтінін алға тартып, «... Сағат Әшімбаев алдағы уақытта да қазақ әдебиетінің шынайы өлшемі – сергек Сағаты, туған алашы – әлеуметінің өркені – Сағат Ханы бола береді», деп сөз аяғын түйеді. Профессор Жанғара Дәдебаев сыншының өмір жолына тоқталып, суреткерлік, азаматтық туралы пікірлерін сараптайды. Өзі де кезінде сын жазған, жазушы Тұрлыбек Мәмесейіт Сағаттай тума таланттың сыншыл ойы туралы ой өрбітіп, қазақ сыншыларының еңбектері мен оның мақалаларын ұштастырып талдаулар жасайды.
Белгілі жазушы Дидахмет Әшімханұлы өзі қадыр тұтатын ағасының кітаптары туралы, сол кітаптардың сыртқы формасы мен ішкі иірімдеріне үңілсе, профессор Құлбек Ергөбек өзінің «Жанын жалау еткен...», «Армысыз, Сағат аға» атты диптихінде желдетпей, желпінбей майда самалдай есіп, қаламгердің бүкіл болмысын қарапайым тілмен келістіре жазған. Әр жылдардағы еңбектерін талдап, талантты жастарға жасаған қамқорлығын, «Жүректен қозғайық», «Парыз бен қарыз» секілді хабарлардың сыр-сипатын ашып, ізденістерінің нәтижелі болғанын, әсіресе, қалың қауымның санасына сәуле түсірген «Азаматтық парыз», «Интеллигент деп кімді айтамыз?», «Демократия мен бюрократия», «Жариялылық жайлы ойлар», «Қайта құру және интеллигенция», «Ұлттық сана және рухани бірлік», «Ұлт тілінің тағдыры» секілді мәселелердің көтерілгенін айтады. «Күндестік сезім – адамгершілік сезімнің азғындаған түрі. Ол сезім – ой-санасы дамымаған кішкене адамдар мен ұлттық парасаты жетілмеген, рухы төмен ұлттардың басындағы балаңдық аурудың нәтижесі», – деп Толстойша, «Ақылды адамды ақылсыз жаннан ажырата алмаған жерде мемлекет күйрейді», – деп Диогенше сөйлеп отыратын еді Сағат аға көгілдір экраннан», – дейді ғалым інісі. Ал екінші мақаласында айтулы сыншының екі томдығы туралы терең талдау жасап, онда жазылған мақалалардың әрқайсысының көтерген жүгін сарапқа салады. Журналист Көлбай Адырбекұлының «Казахское дело» Сағат Әшімбаев» деген мақаласында небәрі 44 жасында өмірден озған азаматтың Желтоқсан көтерілісінен кейінгі қасіретті күндер мен жылдарда көрген қиындығы, тартқан азабы, соның бәрі жұдырықтай ет жүрекке зілдей салмақ түсіргенін баяндаған екен.
Кітапқа алдыңғы толқын ағаларының ізін басып келе жатқан, талантты әдебиетші Амангелді Кеңшілікұлы «Сыншыл парасат иесі» атты мақаласымен соңғы нүктені қойған екен. Мұнда ол Альбер Камюдің «Сизиф туралы аңызындағы» зілдей тасты өрге сүйреп, көздеген жеріне жеткізе алмай қиналған Сизиф төзімділігін сыншы Сағат Әшімбаевтың бойынан көретінін айтады.
Жалпы, қарымы мықты, ой қаруы шегедей сыншының осы жинағын құрастырған жары, жазушы Шәрбану Бейсенова екенін айта кеткеніміз ләзім. Бұл жарға көрсетілген ілтипат әдебиетке жасаған адалдықтың әдемі көрінісі деп білеміз. Бұған дейін де сыншының «Сын мұраты», «Талантқа тағзым», «Парасатқа құштарлық», «Шындыққа сүйіспеншілік», «Ақиқатқа іңкәрлік», «Екі томдық шығармалар жинағы» өз оқырманын тапқан еді.
Сүлеймен МӘМЕТ.