02 Тамыз, 2011

Бас жүлде бізде қалды

403 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Астанада теннистен ерлер және әйелдер ара­сында Президент кубогы жолындағы халық­ара­лық турнир өтті. Әлемнің 30-дан астам елінен танымал теннисшілер қатысқан турнирге біздің елімізден Қазақ­станның бірінші ракеткалары Андрей Голубев (АТР рейтингінде 46-орын), Михаил Кукушкин (67), Зарина Диас (WTA рейтингінде 173-орын), Галина Воскобоева (164) және басқалары қатысып, күш сынасты. Бұл сында біздің теннисшілер алғашқы күнгі кездесулерін ала-құла бастағанымен турнирдің соңында жақсы өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды. Сөйтіп,  225 мың АҚШ доллары тұра­тын жүлде қорын өзара бөлісіп алды. Турнирде Сесиль Каратенчева алғашқы кездесуінде қытайлық Сайсай Ченгті қиналмай ұтты. Қазақстан жастар құрамасының мүшесі Анастасия Епишева, керісінше, ресейлік Екатерина Яшинадан жеңіліп қалды. Осы күндері көбіне шетелде еліміздің атынан сынға түсіп жүрген Михаил Кукушкин мен Андрей Голубев болса, қарсыластарынан басым түсті. Алғашқысы, ресейлік Вай Узаковты оңай жеңсе, соңғысы Эрванд Гаспарианды әрең дегенде ұтты. Осылардан басқа Галина Воскобоева, Зарина Диас, Денис Евсеев, Сержан Есенбеков, Әсел Арғынбаева, Алексей Кедрюк, Дмитрий Макеев, апалы-сіңлілі Дария және Наталья Бережнаялар өнер көрсетті. Олимпиялық жүйе бойынша бір апта бойы өткен турнирдің жартылай финалына ерлер арасында Михаил Кукушкин мен Андрей Голубев шықты. Соңғысы украин Сергей Бубкадан өте алмаса, Кукушкин керісінше, тунистік Малек Жазириді оңай ұтты. Ал финалда Кукушкин қарсы­ласына дес бермеді. Әйелдер арасындағы жұптық сында Галина Воскобоева, ресейлік Виталия Дьяченко екеуі өзбек қызы Акгүл Аманмурадова мен ресейлік Александра Пановадан басым түсті. Воскобоева биыл осымен жұптық сында төртінші рет жеңіске жетіп отыр. Өткен аптада Туризм және спорт министрі Талғат Ермегияев Андрей Голубев пен Михаил Кукушкинге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын салтанатты түрде табыс етті.