Жексенбі күні Астанада өткен Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы атқарушы комитетінің кезекті мәжілісінде бокстан 2013 жылғы ересектер арасындағы әлем чемпионатын қабылдайтын ел белгілі болды.
Мәжілісте аталған ұйым мүшелеріне Қазақстан Бокс федерациясының вице-президенті, АІВА атқарушы комитетінің мүшесі Серік Қонақбаев еліміздің ересектер арасындағы әлемдік доданы өткізуге әбден лайық екенін дәлелдеп, көрсету үшін арнайы әзірленген тұсаукесер рәсімін өткізді. Осыдан кейін АІВА мүшелерінің бірауызды келісімімен еліміз келесі әлем чемпионатын қабылдайтын ел болып шешілді. Сонымен бірге мәжілісте Алматы облысында Бүкіләлемдік бокс академиясының құрылысын жүргізу мәселесі қаралды. Жиынға қатысушылар тамыз айының соңы мен қыркүйек айының басында академияның құрылысын бастау туралы келісімге келді.
Осы күні 2011-2012 жылғы маусымға арналған Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) жеребесі тартылды. Енді командалар бұрынғысынша төрт құрлыққа бөлінбейтін болды. Командалар екі топқа бөлініп, әр топтан төрт құрама келесі айналымға шығатын болып шешілді. «Аstana arlans» клубы «А» тобына түсті. Бізбен бірге бір топта «Dinamo Moscow» (Ресей), «Milano Thunder» (Италия), «Pohang Poseidons» (Корея), «Los Angeles Matadors» (АҚШ), «Mumbai» (Үндістан). «В» тобында «Istabbulls» (Түркия), «Paris United» (Франция), «Beijing Dragons» (Корея), «Baku Fires» (Әзербайжан), «Miami Gallos» (АҚШ), «Germany» (Германия) клубтары бар.
Мәжілісте тағы АІВА-ның жаңа Professional Boxing (АРВ) жобасы талқыланды. Бұл жоба боксты дамытып, спортшылардың әлеуметтік жағдайын шешуге арналған. Жоба Лондон Олимпиадасынан кейін, яғни 2013 жылдың қаңтар айында басталады. Онда жекпе-жектер 10 салмақта, 3 деңгейге бөлініп өтеді. Халықаралық деңгейде – 12 раунд, құрлықтық деңгейде – 10 раунд, ұлттық деңгейде 8 раунд болады. АРВ-да АІВА-ға мүше ұлттық федерациялардың боксшылары қатысады. АРВ рейтингіндегі үздік боксшылар 2016 жылғы Олимпиадаға жолдама алады.