02 Тамыз, 2011

Алдын-ала ескертеді

616 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Тақтайдай тегіс жолдың кейде сақтықты ұмыттыратындығы болады. Осындайда жылдамдықты үсті-үстіне арттырып, межелі жерге тезірек жетуге асығу қапыда қалдыратындығы да мәлім. Сондықтан оны болдырмау үшін мәселен, Астана-Алматы бағыты бойындағы күрежолда қолдан келген мүмкіндіктің бәрі жасалып жатыр. Онда жүргізушілер қауіпті жерге таянған сәтте көлік қозғалысын баяулатуға мәжбүрлейтін жасанды жолақтар орнатылуда. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған мұндай шара жақында Сарышаған үстімен өтетін жолда да қолданыла бастады. Ұзындығы 30 метр жолақтар 200, 300, 500 метр сайын қайталанып, қауіпті бұрылыстарға, ойпаңдарға, биіктіктерге жақындап қалғандықты білдіреді. Былтырдан бері қолға алынған мұндай бөліктер саны қазір 20-ға жетті. Сақтықты сақтауға, абайлап жүруге икемдейтін бұл шара жол қауіпсіздігін жақсартуға ықпал етуде. Алдағы уақытта Балқаш – Қарағанды аралығында да жасанды жолақтардың бірнешеуі жасалмақ. Айқын НЕСІПБАЙ,  Қарағанды облысы.