Атағы әлемге жайылған Арқаның сұлу қаласы Астанаға биыл, міне, 13 жыл. Күні кеше ғана Елбасының тікелей бастамасымен бұрынғы астанамыз Алматыдан Еуразияның жүрегіне көш басын тіреп, бой көтерген жас Астананың бүгінде мәртебесі биік. Небәрі саусақпен санарлықтай жылдар ішінде қиял қуып жете алмастай құлпырған елордамыз күннен-күнге жарқырай түсуде. Ғанибет ғимараттары ғайыптан пайда болғандай, бір-біріне ұқсамайтын әсемдікке ие. Бейбітшіліктің белгісін көрсететін, аспанмен астасқан бәйтеректің өзі неге тұрады?! Құрыысы құрлыққа танылған Астананың келбеті кез келген жанға бақыт сыйлары анық. Соның бірі – мен өзім.
Осыдан бір жыл уақыт бұрын Тәуелсіздік қаласының табалдырығын басқанымда, мен өзімнің арман шыңына жетер жолдың есігін айқара ашқандай сезіндім. Мен сияқты өз өмір жолына Астана арқылы жол ашқан бақытты жандар қаншама! Қазақ елінің мақтанышы мен көз қуанышына айналған Астанамыз аз уақыттың ішінде әлемдік сахнада өз орнын абыроймен айқындады. Кешегі өткен ЕҚЫҰ саммиті елімізді барша ғаламға паш еткені баршамызға белгілі. Қадамын келешекке нық басқан қазақ халқының болашағымен Астанамыз келер күнде де асқақтай берері сөзсіз. Тәуелсіз еліміздің туын көкке желбіреткен тұғырлы Астанамыздың төріне қонған бақыт құсы тек елордамыздың аспанында ғана самғай бергей!
Ақбұлан САЛБЕКҰЛЫ, Қорғалжын аудандық прокуратурасының қызметкері.
Ақмола облысы