Әкімшілікке конгресте республикашылар оппозициясы жетекшілерімен келісімге келудің сәті түсті, деп мәлімдеді АҚШ президенті Барак Обама.
Осыған дейін екі партия өкілдері қолдайтындықтарын мәлімдеген уағдаластық Құрама Штаттардың мемлекеттік борышының лимитін сатылап көтеруді қарастырады және техникалық дефолттан құтылуға мүмкіндік береді. Түпкілікті шешім конгресс мүшелеріне байланысты, деп атап көрсеткен президент, оларды бірден бір мүмкін таңдау жасауға шақырды. Ақ үй заң шығарушылар жаңа келісімді сейсенбіге дейін мақұлдайды деп үміттеніп отыр.
Шекарада болған атыс
Израильдік және ливандық әскери қызметшілер 1 тамыз күні екі елдің шекарасы маңайында бір-бірлеріне оқ атқан.
Ливанның The Daily Star газетінің хабарлауынша, израильдік бірнеше солдат таңертеңгілік ерте шекараны кесіп өткен, осыдан кейін барып ливандық әскерилер оларға оқ атқан. Ал Израиль жағы болса, Ливан солдаты өз аумағында патрульде жүрген израильдік шекарашыға оқ атты деп мәлімдеп отыр. Ливан жағына жауап ретінде израильдіктер Ливан шекарашыларының бақылау бекетін атқылаған. Екі жақта да шығын жоқ.
Терорршы бет пішінін өзгерткен екен
Көк көзді блондин Андерс Брейвик осыдан он жыл бұрын нағыз арийлік кейіпке ену үшін өзіне пластикалық операция жасатқан көрінеді.
Бұл туралы Норвегиядағы екі бірдей тероррлық актіні ұйымдастырды деп айыпталған «норвег атқышының» мектептес досына сілтеме жасай отырып, британның The Telegraph газеті хабарлаған. Оның жазуынша, Брейвик мұрны мен иегінің формасын өзгерткен. Операцияны Америкадағы пластикалық хирург жасаған екен. Осыған дейін Брейвиктің ақыл-есінің бүтіндігін және оны қылмыстық қудалау мүмкіндігін анықтайтын психиатриялық сараптама 1 қарашаға дейін созылады делінген еді. Бірақ Норвегия сот медицина комитетінің басшысы оның ақыл-есін бүтін емес деп тану мүмкіндігі өте аз деп атап көрсеткен.
АҚШ сенаты Грузияның тұтастығын қолдады
Америка сенаты Ресейдің Абхазия мен Оңтүстік Осетиядағы басқыншылық фактісін растайтын қарарды бірауыздан қабылдады.
Ресей-грузин кикілжіңінің басталғанына үш жыл толуына орайластырылған құжат, оны әзірлеушілердің бірі, сенатор Джейн Шахиннің айтуынша, Ресейге оның бірқатар міндеттемелерді орындамағанын, атап айтқанда, грузин босқындарының кері қайтуына жол бермегенін еске салуы тиіс. АҚШ сенаты жұма күні Грузия аумағының тұтастығын мойындайтын және Ресейді өз әскерлерін Абхазия мен Оңтүстік Осетия аумағынан алып кетуге шақыратын қарарды бірауыздан мақұлдады. Сенаторлар Мәскеуді 2008 жылғы Грузия мен Ресей арасындағы келісімнің барлық шарттарын орындауға қарай қадам жасауға шақырған.
Сирия Ливияның жолын құшпақ
Сирияға әскери басқыншылық жасау оқиғаның одан әрі дамуындағы соншалықты бір алыс жатқан нұсқа емес, деп мәлімдеген британдық сыртқы істер министрлігінің басшысы Уильям Хейг.
Ақпарат агенттіктері Хама қаласында үкіметке қарсы наразылық шеруіне шыққандарға қарсы оқ атылғанын, онда ондаған адамның қаза тапқанын хабарлауда. Жергілікті билік болса, бәрін теріске шығарып отыр. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі шұғыл отырыс өткізуге дайындалуда. Билік өз тарапынан әскери операциялар тәртіпсіздіктер орнатып, жергілікті халықты үрейлендіріп отырған қарулы содырларға қарсы жүргізілуде деп мәлімдеп отыр.
Қала үстіне үйірілген құйын
Благовещенскіде болған, соңғы мәліметтер бойынша 80 миллион рубль шығын әкелген алапат құйын Ресей тарихында көп қабатты үйлері бар ірі қала аумағында орын алған алғашқы табиғи апат, деп мәлімдеген Ресей гидрометорталығының өкілі Александр Голубев.
Жексенбі күні кешкілік 13 минут бойына қала үстінде алапат құйын үйіріліп тұрған. 23 адамға медициналық жәрдем көрсетіліп, олардың төртеуі облыстық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Бір адам жарақат салдарынан қаза тапқан. Голубевтің айтуынша, 1984 жылы Иваново қаласының аумағында осындай алапат құйын орын алған, бірақ онда тек қаланың шет аймақтары мен бау-бақша кооперативтері ғана аздап зардап шеккен көрінеді.
Түрмедегілердің жартысына жуығы босатылмақ
Венесуэлада сотталғандардың жалпы санының 40 пайызына дейінін түрмеден босату мүмкіндігі қарастырылмақшы.
Бұл жөнінде El Nacional газетіне берген сұхбатында Венесуэла жазаларды орындау жүйесінің басшысы Ирис Варела мәлімдеген. Таяу уақыттарда «болмашы қылмыстар» жасағаны үшін сотталғандардың 20 мыңға жуығы шартты мерзімінен бұрын босатылу мүмкіндігіне ие болуы мүмкін. Елдің пенитенциарлық жүйесі басшысының пікірінше, қоғам үшін қауіп-қатер тудырмайтындарды түзеу мекемелерінде ұстаудың еш мағынасы жоқ. Ирис Варела ұрлық үшін сотталғандарды да осы санатқа жатқызып отыр. Сотталғандарды жаппай босатуға Венесуэла түрмелерінің «аузы-мұрнына дейін» толып тұрғаны себепкер болған сыңайлы.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.