Кеше Білім және ғылым министрлігінде «Болашақ» бағдарламасына үміткерлерді іріктеу бойынша Тәуелсіз сараптама комиссиясының ашық отырысы өтті. Ашық отырыс болатын себебі, ол бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен жариялы түрде өтті.
– Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен «Болашаққа» үміткерлерді ашық жағдайда іріктеу үдерісі осы бағдарлама басталған жылдары болып еді. Сонан кейін отырыстар жабық жағдайда өткізіліп жүрді. Бұған негізгі себеп, Елбасының шешіміне сәйкес жылына кемінде 3 мың жасты «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдерге оқуға жіберген кезімізде үміткерлер санының көп артуынан туындаған еді. Жылына бір кезеңнің ішінде 4 мың үміткерге дейін сынақтан өтіп жүрді. Сол тұста іріктеу үдерісі ауырлағаннан кейін ашық жағдайда отырыстар өткізу бірте-бірте шектеліп қалды. Енді осы дәстүрді қайта жаңғыртқалы отырмыз. Мұнан кейінгі іріктеу үдерістерінің барлығы БАҚ өкілдерінің қатысуымен ашық жағдайда жүргізіледі. Әрине, БАҚ өкілдерінің қатысуы сынақтан өткізу үдерісіне кедергі келтірмеуі де керек. Бұл жағын да ойластыратын боламыз, – деді журналистерге берген қысқаша сұхбатында Халықаралық бағдарламалар орталығының басшысы Саясат Нұрбек.
Саясат Нұрбектің айтуынша, биылғы жылы елімізде 2,5 мыңнан астам үміткер «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдерде оқуға ынта танытқан екен. Былайша айтқанда, бір орынға төрт адам таласып отыр. Үміткер санының азаюына «бакалавриатқа» оқыту сатысының жабылуы әсер еткен. Бағдарлама бойынша енді тек магистрлікке және докторантураға оқитындар мен тағылымдама бойынша әзірліктен өтетіндер жібірілетін болады.
Биылғы жылы үміткерлерді іріктеу үдерісінің қалай жүргізілетіндігі және оның тәртібі туралы Білім және ғылым министрлігі Стратегиялық жоспарлау және ақпараттық технологиялар департаменті директорының орынбасары Ақерке Абылайхан айтып берді.
– Тәуелсіз сараптама комиссиясының құрамы мемлекеттік органдардың, ірі ұлттық компаниялардың, жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының және «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-тың өкілдерінен, мамандандырылған сарапшылардан және үміткердің шет тілін білу деңгейін айқындайтын шетелдік ұйымдар өкілдерінен жасақталып отыр. Комиссия жұмысын жетілдіру, біліктілігін арттыру мақсатында оның құрамы айталықтай ұлғайтылды. Оған министрліктер мен ведомстволардың, халықаралық білім агенттіктерінің, Қазақстандағы шетелдік елшіліктердің өкілдері енгізілді, – деді ол өз сөзінде.
Мұнан кейін БАҚ өкілдері үміткерлерді іріктеу жүріп жатқан бөлмеге кіріп, сынақтан өткізу үдерісімен көзбе-көз танысты. Комиссия алдында болып шыққан үміткерлерді өз қалаулары бойынша әңгімеге тартып, олардың пікірлерін білді. Солардың бірін біз де сөзге тартқан едік.
– Менің аты-жөнім – Кенжеғұл Социалұлы. Мен зағип жанмын. Бірақ соған қарамастан өмірден өз орнымды алуға талпынып, сабақты жақсы оқыдым. Алматы қаласындағы зағиптар мектебін, сонан кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетін бітірдім. Енді «Болашақ» бағдарламасының негізінде АҚШ-тағы Индиана университетінде магистрлік білім алмақ ойым бар. Осының алдында тілдік және психологиялық тестті жақсы тапсырып, жаңа ғана Тәуелсіз сараптама комиссиясының алдында әңгімелесуден өттім. Көптеген сұрақтарға жауап беруге тура келді. Сүрінбеген секілдімін. Бірақ қорытындысы әзір маған белгісіз. Ол 10 тамыздан кейін белгілі болады, – деді ол.
Кенжеғұл қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде сайрап тұр екен. Біз оның талабы мен біліміне, ең бастысы, ерлігіне сүйсініп, іштей сәттілік тіледік. Бірақ көңілімізде тұрған «шет елге жалғыз өзің барып оқымақсың ба, сенің денсаулық жағдайыңа ауырлық болмай ма» деген сұрақты да амалсыз болсын қойып қалдық.
– Иә, жалғыз өзім барып оқимын. Бірақ мен ол жақта жалғыз болмаймын. Ол жақта достарым бар. Ең бастысы, арқамнан сүйеп тұрған елім бар ғой. Жаңа сіздің сұрағыңызды менен комиссия мүшелері де сұрады. Мен сонда ағайлар мен апайларға Индиана университетін неге таңдап отырғандығымды айтып бердім. Бұл университетте және дамыған елдердің басқа да бірқатар жоғары оқу орындарында біз секілді мүгедек адамдардың оқуына қолайлы жағдай жасалған. Арнаулы бағдарлама бойынша оқытады. Бәрін айта берсе көп әнгіме. Ең бастысы, бұл жерде біздің еліміздің заңдары мен секілді жастарға «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқуға мүмкіндік береді, – деді ол.
Сонымен «Болашақ» бағдарламасы бойынша үміткерлерді іріктеу мәселесі енді БАҚ өкілдерінің қатысуымен ашық жағдайда өтетін болды. Уақыт өткен сайын алға басып, әр жүректе үміт отын лаулатқан елімізде бұл жаңалықтың да өзіндік маңызы аз емес деп есептейміз. «Болашақ» бағдарламасы шынайы да ашық жүргізілген жағдайда ғана нағыз болашаққа айналатындығына сенім зор. Іске сәт, дейміз ендеше.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.