Ауа райы • 06 Қаңтар, 2010

ҚАҢТАРДАҒЫ АЯЗ БЕН ЖАҢБЫР

6578 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қысқы шілдеде Қостанайдың ауа райы құбылып берсін. Өңірде қыс биыл да кеш түс­кен. Қарды қостанайлықтар жел­тоқ­санның ортасы ауа көрді. Қар­мен бірге аяз келді, сынап баға­на­сы 40-қа дейін төмен түсіп кет­кен­де жұрт таби­ғат­тың тамаша құбы­лысын қызық­тады – таяқ тастам жер көрінбес ақ тұман тұрып ал­ған.

ҚАҢТАРДАҒЫ АЯЗ БЕН ЖАҢБЫР

Жылымық боп тұрып, алдар­қатып соққан аяз­ды күндер құр­бансыз да бол­ма­ды.  Аяз Жаңа жыл мейрамы күн­де­рі қайталап соқты, 25-30 градус аязға да ет үйренді. Облыс әкімі­нің тікелей бақылауда ұстауымен облыстың төтенше жағдайлар жө­ніндегі де­партаменті қызметкер­ле­рі, жол полицейлері тұрғындардың алысқа жолаушы жүрмеуін, ком­муналдық қызмет саласы жол­дардың тазалы­ғын қадағалады. Ауа райының суытуы  қалалар мен ауыл-аймақтағы жұртшы­лық­тың ала жаздай жасаған қысқа дай­ындығын сынай келгендей екен. Рудный қаласында  25 градус аяз болып тұрғанда  жылу тара­татын құбыр жарылып, тәулік бойы тұрғындарды да, коммунал­дық қызмет саласын да әбігерге салды.  Абырой болғанда, құбыр жо­лындағы ақау жөнделіп, үйлерге жылу беру қалыпты жағдайға жеткізілді.

Ал Лисаков қаласы күзде жөнделген  қазандықтың рахатын аязды күндері көрді. Боран қалай соқса да құстың ұясындай жинақы қаладағы  жылу қазандықтары мен құбырлар арқылы әр үйге жеткен жылу шаңыраққа береке алып кірді. Ал Қостанай қаласы да қысқы шілденің аязын қалыпты қарсы алды. Жергілікті ауа райын болжаушылардың  бақыла­ға­нын­дай,  сынап бағанасы  25-30 градус аязды көрсетіп тұрды. Бірақ қалада тұрғындарды әбігерге салардай ешқандай қолайсыз жағдай орын алған жоқ. Пәтерлерде күнделікті  берілетін жылу азаймады. Жақсы жөндеу жұмыстары жүргізілген  жерлерде аяз құбырды қатыра ал­майды. Облыстың басқа аудан­да­ры мен елді мекендерінен дабыл­ды ақпарат түскен жоқ.

Ал облыстың оңтүстігіндегі аудандарда қаңтардың  басындағы 17 градусқа жеткен аяздың соңы жылынып, жаңбырға айналды дегенге кім сенер! Торғай өңірінде қаңтардың  4-інен 5-іне қараған түні жаңбыр тынбай жауды, күндіз қар еріп, жер қарайып қалды. Қар жауса да, боран тұрса да, жаңбыр жауса да Арқалық қаласы бір­қалыпты қалпынан тайған жоқ. Өйткені, күзде қала мазутын артығымен тасып алып, жылу құбырын жамап-жасқап алған болатын. Іргеңді ерте қымтап алмасаң, Арқа қысының салған  әлегі қандай болатынын бұл қала бастан талай өткерген...

 

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

Қостанай облысы.