Соңғы жылдары ерке Ертіс жағасындағы ежелгі Семейдің көркі кіріп келеді. Қаланы көгалдандырып, жарықтандыру ісінде біршама ілгерілеушілік байқалады. Әсіресе, биылғы мерекелі жылы қала өмірінде өзгеріс, жаңалықтар баршылық. Айталық, бұрын ой-шұңқыры көп орталық базардың маңы ретке келіп қалды.
Енді орталық алаңға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ондағы төселгеніне қырық жылдан асқан, әбден ескіріп, тозған бетон, субұрқақ, ертеректе осы жерде тұрған «күн көсемнің» алып ескерткішінің тұғыры алынып тасталды. Абай театрын көлегейлеп тұрған шыршалардың біраз бөлігі алынбақ. Соның бәрінің есебінен алаң аумағы біршама кеңейтіледі. Мұнда жаңадан төселетін айшықты плиталар, гүpзарлар, көз тартатын жаңа субұрқақ алаңның өңін ашып, сәнін келтірмек.
Биылғы жылы ел Тәуелсіздігімен бірге, Елбасының алғашқы Жарлықтарының бірі – Семей атом полигонының жабылғанына да 20 жыл толуы кеңінен аталып өтіледі. Қазан айының ортасында Ертіс айрығындағы аралда полигон құрбандарына арнап орнатылған монумент басында Елбасының қатысуымен алқалы жиын өтеді деп күтілуде. Соған орай мұнда да игілікті шаралар атқарылуда. Барлығына республикалық бюджеттен 244 миллион теңге қаражат бөлінетін болады. Қала көркін ажарлап қана қоймай, оның абыройын асқақтататын мұндай игі шараны қалайша құптамассың! Қайсыбір аудандардың да қаланы көркейтуге атсалысып отырғаны көңіл сүйсінтеді.
Қаланың ұлылар еліне шыға берісінде де бір игі шаруа қолға алынуда. Яғни, қала мен әуежай бұрылысында ұлыларға қатысты әсем панно орнатылмақ. Және бір айта кететін жайт, елімізді дамытудың 2020 жылдарға дейінгі бағдарламасы бойынша жаңадан салынатын бір қабатты 50 үй құрылысы да қаланың осы тұсынан бой көтереді. Оған негізінен ауылдан келгендер қоныстанатын болады. Үкімет тарапынан осы мақсатқа 233 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Жаңа тұрғын үй алабын су, жарықпен қамтамасыз ету, балалардың ойын алаңдарын салып беруді де Үкімет өз мойнына алмақ.
Бұл ел Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңындағы мерейлі істердің бір парасы ғана. Ал оның жарасымды жалғасын табатындығына еш күмән жоқ.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,
Семей.