06 Қаңтар, 2010

МҰХТАР МАҒАУИНГЕ АРНАЛДЫ

6360 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Екі жылдан бері елордадан шы­ғып келе жатқан “Алтын тамыр” әдеби журналының кезекті саны жарық көрді. Басылымның бұл жолғы нөмірі түгелге дерлік қазақтың аса көрнек­ті жазушысы, Абай атындағы Мем­ле­кеттік сыйлықтың лауреаты, Түр­кияның халықаралық “Түрік дүние­сіне қызмет” сыйлығының иегері Мұхтар Мағауиннің шығар­ма­шылық әлеміне арналып отыр. Оның да жөні бар. Биылғы жылдың ақпанында атақты жазушының мерейтойы – жетпістің асқарына көтерілмек. Осынау айтулы белеске орай жарияланған материалдардың алтын арқауы да Мұхтар Мағауин­нің көркемдік әлемі, өзіндік дара қолтаңбасы, жазу мәнер-машығы хақында өріледі. Белгілі ғалым, түркітанушы Мыр­за­тай Жолдасбеков Мұхтар бауырына жазған хатында жан сырын, жүрек сөзін ақтара оты­рып, жастық шақтарын еске түсіреді. “Екеуміз Бейсембай Кенжебаев дейтін әдебиеттегі қасиетті қара шалдың баласымыз. Сол кісінің жетекшілігімен ғы­лымға бардық. Қазақ елі тарихы­ның елеулі кезеңін зерттеп, дәуірді тірілттік. Оның үстіне сен біздің қазақ ойының, санасының, қазақ әдебиетінің бағы­на туған қайрат­керсің”, деп салиқалы пікір түйеді. Әдебиет зерттеушісі, филология ғылым­дарының док­торы, про­фессор Тұр­сын Жұртбай “Қос қайырым” атты зерттеу мақала­сында жазушының өскен, өнген ортасы жайында, қазақтың қасиетті де шежіреге толы, әсіресе Абай ғұмырнамасына тікелей қатысты Шыңғыстау өңірі­не байланыстыра тарихи-таным­дық, қызықты деректерді оқырман назарына ұсынады. Мағауин шығармаларына тән сипаттарды ғылыми көзқарас аясында жарқы­ра­тып ашып көрсетіп, әр жылдары жарық көрген туындылары төңіре­гінде көсіле толғайды, тосын ой­ларын ортаға салады. Қарағандылық журналист Мағауия Сембайдың “Алаштың алдаспаны” жолжазба-очеркі де назар аудартады. Автор соңғы жылдары Прагада тұрып жатқан Мұхтар Мағауинді іздеп барып, арнайы сұхбаттасады. Емін-еркін екеуара әңгімеде әдебиеттің әр тарапынан жан-жақты ойлар өрі­ліп, халықтық, елдік, азаматтық мәселелердің неше алуан өрістері­нен сөз қозғап, жаһандық пробле­ма­лар тілге тиек етіледі. Жазушы­ның шығармашылық ой-жоспар­ларынан мағлұмат береді. Белгілі жазушы-журналист Жанат Елшібек өзінің “Сұңғыла” эссе-хикаятында әр сөзі өсиет, әр ісі өнеге, әр әдеті тәрбие ұшқы­нын­дай көрінетін Мұхтар Ма­ғауин­­нің қаламгерлік құпия қыр­ларына үңіледі. Тосын штрих­тарға, оқыс оқиғалар мен елең еткізер деталь­дарға құрылған хикаяттың жазылу үлгісі ешкімді де бейжай қалдыр­масы анық. Ақындар Несіпбек Айтұлы, Ұлар­бек Дәлей мерейтой иесінің келбетін шымыр да, жарқылдаған жыр жолдарымен қашаған. Журнал мұқабасы бүгінгі биік талғамға сай  безендірілген. Сондай-ақ, оқырмандар М.Ма­­­ғауин­нің кейінгі кездері жазған бір топ туындысымен таныса алады. Серікхан САБЫРБЕКОВ. АТЫМТАЙ ЖОМАРТТАР ТАҒЫ ДА ЖАРЫЛҚАДЫ Қостанайдағы меценаттар клубы­­ның мүшелері мәдениет саласында табысты еңбек етіп жүрген қызметкерлерге, әдебиет пен өнердегі таланттарға жыл сайын қаржылай қолдау білдіріп отырады. Міне, Жаңа жыл алдында Атымтай жомарт кәсіпкерлер рухани байлығымызға үлес қосып жүрген азаматтарды тағы да бір жарылқап тастады. Меценаттар клубының “Қазына” сыйлығын жазушылар мен ақындар, сазгерлер мен әнші­лер, суретшілер, өнер ұжымдары, мәдениет саласында бұқаралық-көпшілік шараларын ұйымдас­тыруға, жалпы осы саланың дамуы­на еңбегін сіңіріп жүргендер алды. Ал осындай еңбегі бар жастар үшін “Шабыт” сый­лығы берілді. Соңғы жылдары ғалымдар да Атымтай жомарттар назарынан тыс қалған жоқ. Меценаттар клубының биылғы “Қазына” сыйлығын “Қазақ тұл­пары” асыл тұқымды жылқы зауы­тының директоры, ауыл шаруа­шылығы ғылымдарының докторы Нәбидолла Кикебаев пен оның әріптесі Сейілхан Рахманов иелен­ді. Бұл ғалымдардың қазақтың қазанатын халқына қайтару үшін инемен құдық қазғандай ғылыми жұмыс жүргізіп жатқаны елге мәлім. Меценаттар клубының сый­лығы жыл сайын талаптың тұл­парын мінген, өнерге таласы бар жастардың да есімін жұртшылыққа әуезелеп жеткізеді. Мысалы, вокал аталымы бойынша “Қазына” сыйлығына ие болған облыстық филармонияның әншісі Жанатбек Қадыровтың есімін Қостанай өңірі ғана емес, республика жұртшы­лығы мойындап қалған. Ал әдебиет аталымы бойынша “Шабыт” сыйлығын алған жас ақын Марғұлан Оспанов қостанайлық оқырмандар мен айтыс көрер­мендерінің үкілі үміті. Сондай-ақ қазақ оюының қайталанбас түрлерін қайшымен ойып жүрген Торғай өңіріне белгілі оюшы Шөптібай Байділдиннің көп жылғы еңбегі де “Мәдени мұра” аталымы бойынша “Қазына” сыйлығына лайық деп табылды. Жыл сайын меценаттар қолдауына журналист ағайындар да тыс қалмайды. Арнайы сыйлықты белгілі журналист Жақсылық Жүнісов те алды. Меценаттар клубының сыйлықтарын иеленген­дердің арасында Сейіт Кенже­ахметов, Ақылбек Шаяхмет, Әсия Беркенова, Жолбарыс Баязит сияқты ақын-жазушылар да болды. Әдебиет демекші, Қазақстан Жазушылар одағының 75 жылды­ғына орай осы ұйымның облыс­тағы тоғыз мүшесіне облыс әкімі Сергей Кулагин өз атынан сыйлық тапсырды. Сонымен қатар, мәде­ниет пен өнерде, әдебиетте табыс­қа жеткен бір топ еңбек торылары осы мерекелік жиында кеудесіне “Мәдениет қайраткері” белгісін тақты. Жалпы меценаттар клубының сыйлықтары он аталым бойынша жиырмадан астам адамға берілді. Қуанышқа бөленгендерді құттық­таған сөзінде Сергей Кулагин осымен оныншы рет тапсырылып отырған “Қазына” мен “Шабыт” сыйлықтары үшін меценаттар клубы мүшелерінің 79 миллион теңге жұмсағанын тілге тиек етті. Осыдан-ақ лайықты иесін тапқан әр сыйлықтың қомақты екенін біле берерсіз. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай. ҚАЗАҚ МЕКТЕБІ РУДНЫЙДА АШЫЛДЫ Жыл табалдырыққа аяқ салған кезде жаңа қазақ орта мектебінің ашылуы Рудный қаласының жұртшылығын қуанышқа бөледі. Осыдан жиырма жыл бұрын ір­ге­тасы қаланған мектеп ғимара­ты­ның қаңқасы ғана тұратын. Әрине, ол әу баста орыс мек­те­бі­не арналған еді. Міне, заман өзгерді, енді кеншілер қаласында орысша емес, мемлекеттік тілде бі­лім алуға деген сұраныс кү­шейді. Сондықтан облыс басшы­лығы қаңтарылған күйі қалып қойған мектептің ескі құрылысын өткен жылы қайтадан қолға алған болатын. Мамандар 900 орындық қазақ орта мектебін жобалағанда, ескі құрылысқа өзгертулер енгізді. Алдымен мектептің қабырғасын көтермей тұрып, оның жанынан 25 метрлік бассейн салудан бас­та­ған. 2008 жылдың қазан айында қолға алынған мектептің құрылы­сы 2010 жылдың тамыз айында аяқ­талуы керек еді. Респуб­лика бюджетінен 1 миллиардтан аса теңгеге қаржыландырылған ны­санды құрылысшылар мезгілі­нен сегіз ай бұрын пайдалануға тапсырды. Жаңа мектептің ашылу сал­та­на­тына келген ата аналар мен қала жұртшылығы мектеп құры­лы­сының сапалы жүргізілгеніне риза болды. Үш қабатты ғима­ратта бассейннен бастап, спорт зал, жарық та кең сыныптар, кітапхана, интерактивті тақталар, компьютерлік кешендер сияқты барлық жағдай бар. – Бұл кеншілер қаласында ар­найы салынған тұңғыш қазақ мек­тебі. Ал уақыт талабына лайық барлық жағдай жасалған мұндай еңселі мектеп жас ұрпақ­тың сапалы білім алуына кепілдің бірі деп деп білемін,–деді мек­теп­тің лентасын қиған облыс әкімі Сергей Кулагин. Өткен ғасырдың 90-шы жыл­дары Рудный қаласы тұрғын­дары­ның 2-3 пайызы ғана қазақ­тар болатын. Нарық жылдары ішкі көші-қон үдерісі күшейді де, Рудный қаласына жан-жақтағы ауылдардан көшіп келушілер көп болды. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін атажұртын аңсаған алыс­та­ғы ағайындар да кеншілер қа­ла­сын жайлы қоныс деп тапты. Соңғы санақ қазақтардың Руд­ный қаласы тұрғындарының 13 пайыздан астамын құрағанын көрсетті. – Қазір қаламызда екі қазақ, бір аралас мектеп бар. Балалар­дың көптігінен бұл күнде осы үш мектеп өте тарлық етіп отыр. Қа­лада қазақ мектебіне, қазақ бала­бақшасына сұраныс өте үлкен. 900 орындық мектеп дәл уақы­тында салынып, беріліп отыр. №7 қазақ орта мектебі деп аталатын жаңа білім ұясына жаңа жыл өт­кен соң, ақпан айында оқу бас­та­лады. Мұнда 2 және 8 сынып­тарда оқитын 350 бала өз мек­тептерінен ауысып келеді,–дейді Рудный қалалық білім бөлімінің бастығы Ильдар Ғиззатуллин. Қаладағы білім бөлімі ма­ман­дарының айтуынша, алдағы екі жылда жаңа мектеп толық күшін­де жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, мектеп жанынан қазақ балабақшасы да бой көтермек. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Рудный СӘБИЛЕРГЕ ТАРТЫЛҒАН СЫЙЛЫҚ Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың тікелей тапсырмасымен, қар­жы бөліп, қамқорлық көрсетумен ауылды жерлердегі елді мекендер күн санап көркейіп, жыл санап ажары ашылып келеді. Әсіресе, еліміздің келешегі, ұлтымыздың бо­лашағы саналатын ұл-қызға ерекше назар аударылуда. Біздің ауданда биыл бірнеше балабақшалар пайда­лануға беріліп, мектептер жөн­деу­ден өтті. Айталық, Мерген және Базартөбе ауылдарындағы білім ошақтары жанынан жер жағдайына қарай сырт жайлап, шет қонып жүрген қожалықтардың, бірлі-жарым білім ұясы жоқ елді мекен­дердің балаларына арналған интер­нат­тар іске қосылса, Тайпақ ауы­лында заман талабына сай спорт кешені жұмыс істей бастады. Сол секілді білім ұяларының жанынан 25 орталық бүлдіршіндерге тәрбие беріп жатыр. Жалпы, өткен жылы осындай игі шараларға 2 мил­лиардқа жуық теңге жұмсалды. Жақында Мерген ауылындағы бұрынғы интернат үйі “Балтемен” ЖШС шеберлері уақыт өлшеміне сай қайта жөндеуден өткізіп, 40 сәбиге арналған балабақшаны іске қосты. Балабақша атын ауыл жұрт­шылығы “Балбөбек” деп атап отыр. Сол секілді Ілбішін ауылында да дәл осындай балабақша пайдалану­ға берілді. “Еркем-ай” атты осы ба­лалар мекемесіне 75 бала қабыл­да­нып, 25 адамға жұмыс орны ашыл­ды. Таяу күндері Тайпақ ауылының жұртшылығы да осындай қуаныш­қа бөленгелі отыр. Ауданымыздағы мектепке дейінгі мекемелерде тұр­ғын­дардың 75 пайыз ұл-қызы қам­тылған. Олар арнайы ашылған бала­бақшалар, орталықтар, мектеп ішіндегі тәрбие орындарында тәр­биеленуде. Биыл Елбасының “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарлама­сы­на сай аудан орталығында 250 адамға лайықталған емхана жұрт игілігіне беріледі. Сол секілді 15 миллион теңге көлемінде қаржы қаралып, сол бойынша техни­ка­лық-экономикалық негіздемесі жа­салып қойған, Жайықтың арғы бе­тіндегі 6 ауданға газ тарту жұмысы қолға алынбақ. Мұнымен қатар, қазақтың ай­ту­лы ақыны, кешегі Кеңес зама­нын­да “Мен – қазақпын, мың өліп мың тірілген” деп ұлтының рухын асқақтатқан Жұбан Молдағалиевтің туғанына биыл 90 жыл толады. Со­ған орай Жұбан ауылындағы мек­теп пен мәдениет үйі өткен жылы күрделі жөндеуден өтсе, биыл жыр дүл­дүлінің кіндік қаны тамған Сайқұдық ауылындағы мәдениет үйі, кітапхана жаңартылатын бола­ды. Мұндай игілікті шараның бәрі Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың “Жол картасы” бағдарламасы аясында атқарылып жатыр. Біз осы бағдарлама бойынша биыл жүр­гізілетін барлық жұмыстардың жоба-жоспарын қарастырып, қажет қаржыны есептеп отырмыз. Соның бірінші кезектегісі Мемлекет бас­шысының тапсырмасы бойынша жас ұрпаққа жағдай жасау болып отыр. Мүмкіндікті қарастыра оты­рып, бір-екі жыл көлемінде ауда­ны­мыздағы мектепке дейінгі меке­мелердің санын арттыра отырып, барлық сәбилерді балабақшамен қамту мәселесін шешуді қолға ал­дық, – дейді аудан әкімі Абай Иманғалиев. Болат ЕСҚАЛИЕВ, Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы.