02 Тамыз, 2011

Веложорық ел тәуелсіздігіне арналады

397 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Сыртқы істер министрлігінде осы ведомствоның бас­пасөз хатшысы Ілияс Омаров журналистер үшін кезекті брифинг өткізді. Брифинг барысында ол ел Тәу­елсіздігінің және Семей яд­ро­лық сынақ полигонының жабыл­ғанына 20 жыл толуына орай, норвегиялық «Bike for Peace» қоғамдық ұйымы 2011 жылдың 6-29 тамызы аралығында Семей – Алматы – Астана бағыты бой­ын­ша ұйымдастырылатын веложо­рық­қа тоқталып өтті. «Қазақстан ядролық қаруға қарсы күресте көшбасшы елдің бірі болып табылады, веложорық күндері де осыған байланысты таңдалған. Ел ішіндегі аталмыш саяхат бірнеше онжылдықтар бо­йы Кеңес Одағының ядролық сы­нақ­тары жүзеге асқан жердің ма­ңында – Семей қаласынан бастау алады. Велосипед саяхаты 6 та­мыз – 1945 жылы Хиросима қала­сын бомбалаған күні басталмақ. Сол жылы үш күннен кейін Нагасаки қаласы да осындай соққыға душар болған. Бұл екі қайғылы оқиға ядролық қарудың әскери бағытта қолданысының жалғыз көрінісі», деді І. Омаров. Қазақстандағы 24 күндік велосаяхат барысында қатысушы­лар Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Қарағанды және Ақмола облыстарында, Алматы мен Астана қалаларында болады. Ал атал­мыш жоба Астанада, 29 тамызда, яғни Семей сынақ полигоны жа­былуының 20 жылдығы күнінде өз мәресіне жетеді. Бұл күн Қа­зақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсыны­сымен және БҰҰ Бас Ассам­блеясының бірауыздан қолдауы­мен Халықаралық ядролық сы­нақ­қа қарсы күн ретінде қабыл­данғаны белгілі. Саяхатқа қатысатын топ 10 норвегиялық және 6 қазақ­стан­дық азаматтан тұрады. «Bike for Peace» веложорығы барысында қатысу­шы­лар мектептерге, мүге­дектерге арналған мекемелерге барады және жергілікті халықпен, мемлекеттік органдар өкілдері­мен, Қа­зақ­стан велоспорт феде­рация­сы­ның басшылығымен кездеседі. Велосаяхаттың жеке ке­зеңдеріне «Астана» велокоманда­сының кейбір мүшелері де қа­тысады деп көзделіп отыр. Семей – Алматы – Астана велосаяхаты халықтар ара­сындағы бейбітшілікке, достыққа, өзара түсіні­су­шілікке және ядр­о­лық қарусыз қозғалысты нас­и­хат­тауға шақы­ра­ды. Ілияс Омаровтың хабардар ету­інше, 2-3 тамызда Сыртқы істер министрі Е.Қазыханов Тү­рік Республикасына ресми сапармен барады. Сапар барысында екі­жақ­ты ынтымақтастық пен көп­жақты пішіндегі өзара ынты­мақтастық мәселелері талқы­л­а­н­ады. Сыртқы істер министрі Е.Қазыхановтың Түркия басшыла­ры­мен кездесулері де көзделіп отыр. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.