02 Тамыз, 2011

Бір мандатқа үш үміткер

394 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Өткен сенбіде Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қу­андық Тұрғанқұловтың төрағалық етуімен Сенат депутаттығына канди­дат­тарды тіркеу қорытындыларына арналған отырыс өтті. Отырыста Қазақстан Парламенті Сенаты депутаттарының сай­лауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың барысы баяндалды. Қ.Тұрғанқұловтың айтуынша, бұл іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес, 29 шілде күні кандидаттарды тіркеу аяқталса, тек Ақтөбе облысында ғана бұл жұмыс 5 тамызға дейін жүр­гі­зіл­мек. Орталық сайлау комисси­я­­сы­ның мәліметтері бойынша, Парламент Сенаты депутатының 16 ман­­­­датына ұсынылған 96 үм­іт­керден облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау ко­мис­­­­сиялары барлығы 52 кан­ди­датты тіркеген. Егер салыс­тырмалы түр­де қарай­тын болсақ, 2005 жы­лы бұл көр­сеткіш 47 адамды құ­раса, ал 2008 жылы 50 кандидат тіркеліпті. – Ең көп үміткер Қызылорда облысында, яғни 5 адам тіркелген. Атырау, Батыс Қазақстан, Оңтүс­­тік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында 4 үміт­кер­ден, Ақмола, Шығыс Қазақ­стан, Жам­был, Қарағанды, Қос­та­най, Маң­ғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласында 3 үміт­керден, Алматы облысында 2 үміт­кер тіркелген», – деді Қ. Тұрғанқұлов. Биылғы жылы еліміз бойын­ша бір депутаттық мандатқа орташа есеппен алғанда 3 адамнан келіп отыр екен. Сенат депу­тат­тығына қатысты саяси науқан жай­лы баяндай келіп, Қуандық Тұрған­құ­лов сайлау науқанының қалыпты жағдайда және сайлау заңы та­­лаптарына сәйкес өтіп жат­қа­ны­на тоқталды. Оның айтуынша, сайлау науқаны басталғалы бергі мерзім ішінде ОСК-ға Солтүстік Қазақстан облысынан канди­дат­тарды тіркеу барысында заң бұзушылық орын алды деген екі шағым келіп түсіпті. Алайда, тексеру барысында шағымдарда көр­­сетілген фактілер  расталмаған. 30 шілдеден бастап барлық тір­келген кандидаттар сайлау ал­дындағы үгіт жұмысына кірісіп кетті. Күнтізбелік жоспарға сәй­кес ол 17 тамыз, түнгі сағат 24.00-ге дейін жалғасады. Тек Ақтөбе об­лы­сында ғана кандидаттарды ұсы­ну мен тіркеу мерзімінің ұзар­ты­луына байланысты үмткерлер­дің сайлауалды үгіті 6 тамыз күні бас­талмақ. ОСК төрағасының сө­зі­не қарағанда, бүгінде барлық кан­ди­даттардың тең жағдайда сай­лау­ал­ды үгіт жүргізуі кепілден­дірілген. Мәселен, БАҚ арқылы үгіт жүргізу үшін әрбір канди­дат­қа респуб­ли­ка­лық бюджеттен телеарнадан 15 ми­нөт, радиодан 10 минөт сөз сөй­леуге, сондай-ақ мер­зімді басы­лым­дарда 0,1 баспа табақтан ас­пай­тын көлемде екі мақала жа­риялауға теңдей қара­жат бөлінген. Отырыс соңында «2011 жыл­ғы 19 тамызға белгіленген Қа­зақ­стан Республикасы Парламенті Се­наты депутаттары сайлауын­да­ғы сайлау бюллетеньдері туралы» қау­лы қа­былданды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.