02 Тамыз, 2011

Лас-Вегастағы жеңіс

352 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Шаршы алаңда тағы да Бейбіт Шүменов. Алдында ғана көк­өрім шағында, Олимпиада ойын­дарының жеңімпазы болғаннан кейін кәсіпқой боксқа ауысып кеткен ағылшындық Амир Хан өз қарсыласын тас-талқан еткен. Ендігі кезек Шымкенттегі бел­гілі меценат, кәсіпкер Әмір­хан­ның баласы Бейбітте. Невада штаты. Атақты Лас-Вегастың ха­лықаралық спорт аренасының төріне тігілген шаршы алаң. Екі жүйе бойынша әлем чемпионы Бейбіт Шүменов WBA алтын бел­дігіне көзін сатқан Дэнни Сантьяго жұдырықтаспақ. Дэн­­ни­дің әлем чемпионының алтын белдігін тағынуды армандап жүр­гені бүгін емес. Қар­сы­лас­тарын қоғадай жапырып ақ­тық сынға үш рет шықты. Бірінде Антонио Тарвер меселін қай­тарды. Екіншісінде Джо Эр­дей­ден оңбай жеңілді. Қалай дегенде де Бейбіттен 11 жыл бұрын көйлек тоз­дырған Сантьяго бұл жолы ши­ры­ғып келіпті. “Шүменовтен гөрі мен тәжі­рибелімін. Әлем чемпионы болу­ға дайындығым жақсы. Егер бұл жолы жолым оңғарылмаса, қол­ғабымды шегеге ілемін”. Көкжал Сантьяго солай депті. Қоңырау соғылысымен Дэн­ни бас-көзге қарамай алға ұм­тылды. Тың кезінде ша­руа­ны ыңғайына келтірмек ниетте. Бейбіт шегіне айқас салды. Әйтсе де қазақ бокс­шысының жылдам­ды­ғы, ал­ымдылығы анық байқалып тұрды. “Саут-Пойнт” қонақ үйі­нің түндігі соққылардың лебінен желпілдейді. Екінші раунд. Үшінші раунд. Төртінші раунд. Қос қо­лын екі жағына жастық қы­лып алып, алға ұмтылған Дэн­нидің маң­да­йы қазақ ұлы­ның шойын жұ­ды­рығынан тасқа тигендей болса да қай­тар емес. Оның да соқ­қы­лары арагідік болса да өтіп жүр. Бесінші раундтың со­ңы­на таман Бейбіттің ұрған соққысын сол жағына қисая бере өткізіп жіберген Дэнни оң қолын шірене сермеді. Біздің ұлан сәл шалқай­ың­қырап кетті. Осының өзі Бейбіттің ыза­сы­на қатты тиді білем. Енді ол Дэн­ниді тықсыра бастады. Шар­шы алаңда 31 рет жеңіс тойын тойлап, соның 19-ында қарсы­ласын нокаутқа жыққан, тек 5 рет қана жеңілістің дәмін татқан аме­ри­калық жігіттің жеңістен күдер үзе бастағандығы жана­ры­нан сезіліп қалған. Қос көздің асты соққылардан бүйректей бұл­тия­ды. Сенімсіздік бар. Тоғызыншы раундтың 44-ші се­­кундында Бейбіт арыстандай ай­­бат шақырып, Дэнниді керме арқаға қуып келіп қамады. Күн­дей күркіреген қазақ жігіті шоқ­пар жұдырықты жаңбырдай жау­дыр­ды. Дэннидің басына қара бұлт үй­ірілді, найзағай ойнады. Қор­ға­лар жері жоқ. Басын тық­қан қос қолы да көмектесе ал­ма­ды. Енді кешіксе еденге ес-түссіз оңбай құ­ла­рын сезген рефери ұшып келіп ор­таға килікті. Дэн­ни әлсіз қар­сы­лық білдірді. Тех­никалық нокаут. Әмірхан көкемізді құттық­та­дық. “Қалай болар екен деп жү­регім аузыма тығылған. Жоқ, ме­нің ұлым мықты екен. Халқы­ның намысын бермеді”. Қаһар­лан­са жан шыдатпайтын жігіт ағасы ұлы рингке шыққанда дегбірсізденіп кетеді. Сан рет бай­қағанбыз. Әсілінде, аналардың жүрегі нәзік болады деп жатады. Әй, қай­дам. Батыр ұл туған аналар­дың өзі батыр. Сиднейде Мұх­тархан төбесімен көк тіреген Рубалкабамен жекпе-жекке шық­қан­да қағылездеу әкесі көзін сүр­тіп, үйде отыра алмай қора айна­лып кетіпті. Ал анасы болса мал­дас құрып отырып алып, қос қолын кезек-кезек сермеп: “Ұр, Мұхтархан, ұр!” деп экранға кіріп кете жаздаған дейді. Болған оқиға. Мұхтарханның ағасы Ерхан айтқан. Сол сияқты Бейбіттің анасы Сәуле әпкеміз­дің де ұлы шаршы алаңға шық­қан­да босаған сәтін көрмеппіз. Ұлы­на қатты сенетін болуы керек. Бейбітті інісі Шыңғыс болып құттықтап жатқанда шаршы алаң­ға WBC жүйесі бойынша әлемнің экс-чемпионы Жан Паскаль қарғып шықты. Құттықтап тұрып күш сынасуға шақырды. Өзінің туып-өскен Канадасына. Бейбіт өзінің қазақстандық екенін айтып, екі жаққа да ортақ Лас-Вегаста өткізуді ұсынды. – Бүкіл қазақ халқы болып тілеуімді тілеп отырғанын білемін. Сондықтан да жеңілуге хақым жоқ еді. Американың төрінде қазақ байрағының желбірегенін дүние жүзі көрді. Ұлтымның бір керегіне жарағанымды мақта­ныш көремін, – депті батыр ұл әке­сімен телефон арқылы тілдескенде. Бәрекелді! Бақтияр ТАЙЖАН.