Кеше Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов АҚШ-тың Ауғанстан және Пәкстан жөніндегі жаңадан тағайындалған арнайы өкілі Марк Гроссманмен кездесті.
Кездесуде екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдетудің орындалу барысы әңгіме болды. Сондай-ақ тараптар өңірлік қауіпсіздік пен Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандырудағы бірлесе әрекет етудің жайына назар аударды. Бұл мәселеде Қазақстанның үлесі зор. Мұндай қадамдар АҚШ тарапынан оң бағаланады және бірлесе әрекет ету өте маңызды іс болып табылады. Осыған байланысты Гроссман Сыртқы істер министрі Е.Қазыхановқа өзінің алғысын жеткізді. Сонымен қатар, кездесуде алдағы айларда өтетін кездесулер барысы да сөз болды. Оның ішінде БҰҰ Бас Ассамблеясында және Ыстамбұлда қараша айында өтетін іс-шаралар шеңберіндегі кездесулер бар. Оған Ауғанстанның ең жақын көршілерімен бірге, АҚШ пен Қазақстан да қатысады. Сол кездесулерде терроршылдықпен күрес және Ауғанстанды тұрақтандыру мәселелері жан-жақты талқыланбақшы.
Кездесуден кейін америкалық дипломат бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізді. Басты сұрақ жақында АҚШ-та жарияланған терроршылдыққа бейім елдердің тізімінде Қазақстанның да болуына қатысты қойылды. Ол осы мәселеге түсінік берген АҚШ елшілігінің мәлімдемесін қолдайтындығын білдіре келіп, Қазақстан мен АҚШ терроршылдықпен күрес жүргізіп келе жатқан елдер екендігін ерекше атап өтті. Сондықтан да Қазақстан террор қаупі туатын елдер санатына жатпайды. Ал АҚШ-та жасалған тізімнің нақты елдерге емес, жекелеген азаматтарға қатысты тізілуі мүмкін, деді Гроссман. Ең бастысы, Вашингтон еліміздің терроршылдықпен күресті қолдауын бағалайды және маңызды деп есептейді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.