Серігіңді құтқармай, өзің аман қалмайсың
Қазір қаржы тақырыбы әлемдік әңгімелерге көбірек арқау болып жүр. Алдымен АҚШ дефолт қаупіне ұшырап, әупірімдеп аман қалды. Ендігі әңгіме Еуропаға ауысты. Кәрі құрлық, оның жетекші елдері алда болуы ықтимал экономикалық дағдарысты көтере ала ма дейді.
Иә, әңгіме қаржылық қиындыққа ұшырап, экономикалық күйреу шегіне жеткен елдер туралы емес, қайта сол Еуропаға тіреу болып отырған Германия, Франция сияқты алпауыт елдер жайында болып отыр. Алда тағы да экономикалық дағдарыс қиындығы туа қалса, олардың басқаларға қолұшын берер қауқары жоқ, алдымен өз қамын ойлауы керек дегенді айтады.
Кешегі әлемдік экономикалық дағдарыс талайларға қатты тиді. Тіпті өздерін дамыған елдер санатына қосатындар да басқаларға алақан жайып, көмек сұрауға мәжбүр болды. Бұрындары халқының тұрмыс жағдайына байланысты алдыңғы қатарлы елдер сапына қосылатын Исландия бірінші болып дағдарысқа ұшырады. Ел үкіметі сырттан алған қарызын өтеуге қаржысы жоқтығын, банкрот шегінде тұрғанын мәлімдеді. Көмекке ХВҚ келді, ауқымды несие берді. Үкімет өз валютасын үш мәрте девальвациялады.
Ал енді сол дағдарысқа Еуропа аймағында ойдағыдай төтеп берген, одан қиналмай шыққан Германия мен Франция болды. Оның сырын қазір мамандар мен сарапшылар мынадай үш жағдайға байланыстырады: біріншіден, олар ішкі экономикалық проблемаларға жедел назар аударып, оны өз күшімен шешті; екіншіден, өз жағдайын оңдап алмай, басқаларға қаржылай көмек беруден бас тартса; үшіншіден, өздеріне бөлінген қаржыны барынша қадағалап, тиімді жұмсапты.
Жақсыдан да, жаманнан да сабақ бар. Ал осы жұрт содан неге қорытынды жасамайды деген сауал-талаптың да жөні бар сияқты. Дағдарыс өтті-ау деген кезеңге аяқ басқан шақта біраз ел, айтарлықтай дамыған елдер қайтадан экономикалық қиындықты бастан кешіп жатыр. Соған қарап белгілі ғалымдар мен сарапшылар дағдарыстың екінші кезеңі басталды деген пікір айтады.
Ол Грекиядан басталды дейді жұрт. Белгілі дәстүрі, абырой-беделі бар осы ел қарызға белшесінен батып, оны төлеуге шамасы келмей, банкротқа ұшырар шақта оған Германия мен Франция көмекке келді – 110 миллиард еуро қаржы берді. Немістер мен француздар қаржысы тасқандықтан емес, Еуроодақтың бір мүшесі қаржылық құрдымға құласа, оның сол құрдымға басқаларды да тартатынын білді. Соны ойлап, басқалар да үлес қосып, гректерге көмектің көлемі 260 миллиард еуроға жеткен. Бірақ Грекияның жағдайы оңала қойған жоқ.
Тек Грекия ғана емес, оның соңынан ергендей, Португалия, Испания, Италия да күрделі қаржылық қиындыққа ұшырады. Италиядай алып державаның мемлекеттік қарызы жалпы ішкі өнімнің 120 пайызын құрады. Бұл 1,9 триллион еуро! Оны Еуроодақтай алып бірлестіктің өзі құтқаруы да екіталай.
Башар Асадтың тіректері теңселіп тұр
Дәл оразаның қарсаңында Сирия президенті Башар Асад өз әскеріне бір айдай қоршауда тұрған Хама қаласына басып кіруге бұйрық берді. Қала ішіндегі қақтығыстан 100-ге тарта адам қаза тапқан көрінеді.
Біраздан бері Сирия, оның президенті Башар Асад дау ортасында. Сонау наурызда елде қарсыластар бас көтеріп, оны билік күшпен басқалы бері Батыс президент Башар Асадты айыптап жүр. Қашан да Батысқа қарсы жүретін Ресей Сирияға қарсы қатаң шаралар қолдануға қарсылық білдіріп келеді. Вето құқы бар Ресей мен Қытай ондай шешімді өткізбейтіндіктен де, бұл мәселе БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде кең талқыланбай келген.
Мәскеу Сирияға қарсы санкцияны қолдамайтынын ашық аңғартқан. Сондағы дәлелі – БҰҰ сондай қарар қабылдаса, Батыс елдері оны артығырақ пайдаланып, Ливиядағыдай жағдай қалыптасады дейді. Асад Каддафи емес, ол демократияға жақын, реформалар жасауға әзір дегенді алға тосады. Бірақ Сирия президенті мұндай қолдаудан кейін өзінің оппозицияға қарсы жазалау әрекеттерін күшейте түсті. Дәл қазір сол Асадтан гөрі оны барынша қолдаған ресейліктер ыңғайсыз жағдайға көбірек қалып отырғандай көрінеді. Қисынға салғанда, ау, қызғыштай қорғағандарыңның түрі мынау, халқын қанға бөктіріп жатыр дегенге Мәскеудің қайтарар жауабы қиын.
Басқалар Башар Асадты астарлап қорғаса, Иран ашық қорғап келгені анық. Бұл екі ел бір-біріне тіректей. Теһран бұл елден көмегін аямайтыны белгілі. Бірақ оның да шегі бар. Онан соң, істің оңға баспайтынына көзі жетсе, олар да өз қаржыларын желге шаша бергісі жоқ. Сөйтіп, Сирия билігі күн өткен сайын өз тіректерінен айырылып, теңселе бастады.
Әрине, Сирия билігін теңселтіп тұрған ең алдымен өз ішіндегі қарсыластары. Барған сайын оппозиция жағына өтушілер, оны қолдаушылар көбейіп келеді. Сарапшылардың болжамы бойынша, елде Асад тәртібіне қарсылар төрт топты құрайды екен: біріншіден, қатаң билікті айыптайтын зиялы қауым, екіншіден, қудаланған бұрынғы билік адамдары, үшіншіден, курдтар да оппозиция жағында, төртіншіден, режимге қарсы ислам қозғалысы. Осы жерде айтатын бір жай: ел халқының көпшілігі сунниттер болса, билік құрамындағылар да, Асадтың өзі де исламның алауит тармағын ұстанады. Демек, діндарлардан билікке қолдау аз.
Қазір оппозиция айтарлықтай күш алып отыр. Түркияда, Ыстамбұл қаласында Сирияны құтқару ұлттық кеңесінің құрылуы оппозицияның басын біріктіретін күшке айналуы мүмкін. Сондай-ақ көп нәрседен бейхабар әскерилердің де көздері ашыла бастағандай. Олардың белгілі бір бөлігі қарсыластар жағына шығатын болса, Асад режімінің оппозицияға төтеп беруі қиын.
Мамадияр ЖАҚЫП.