Оңтүстік Қазақстан облысының таулы аймақтарындағы бұрынғы орман шаруашылықтарының жерлері ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына ауыстырылып, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрылғанына 5 жыл толды. Өлкеміздің ажарына айналған ұлттық табиғи парк Батыс Тянь-Шанның Қазақстан бөлігіндегі 149053 гектар аумақта жабайы жемісті және арша ормандарын, ондағы кездесетін алуан түрлі өсімдіктер мен жануарлар әлемін қорғау, күзету, нығайту және молайту шараларын жүзеге асырып келеді. Саябақ аумағы Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас аудандарының таулы аймақтарын қамтитын Қаратау жоталарының Боралдай тауынан басталып, Құлан, Шақпақ, Иірсу, Дәубаба, Өгем, Қаржантау сияқты табиғатымыздың әсем жерлерімен ұласады. Паркке бекітілген жер көлемінің 55589,4 гектары қорық аймағына, 60628 гектары шектеулі шаруашылық аймағына, 19711 гектары туристік және рекреациялық аймаққа, 13124,6 гектары экологиялық тұрақтандыру аймағына жатқызылған.
Ұлттық паркте табиғатымыздың жасыл байлығы, асыл қазынасы тіршілік негізі – өсімдіктердің 1635 түрі өседі, оның 62 түрі Қазақстан Республикасының «Қызыл кітабына» енген. Орманмен көмкерілген жерлер 27,5 мың гектарды алып жатыр. 600-800 жыл жасайтын зеравшан аршасы және жабайы алма, өрік, алша, алмұрт, т.б. ағаштар – тау беткейлері мен шатқалдарының көркі. Тау өзендерінің бойында терек, тал, долана, шаған сияқты ағаштар мен жемістері дәруменге бай итмұрын, бөріқарақат, қожақат, шырғанақ бұталары өседі. Ал Көкбұлақ, Машат өзендерінің беткейлерінде аса бағалы жабайы таупісте мен жабайы жүзім кездеседі. Биік белдеулерде, жоталарда шипалылығы әртүрлі дәрежедегі 200-ге жуық дәрілік өсімдіктердің мол қоры бар.
Парктің жануарлар дүниесі де бай. Сүтқоректілердің 10 түрі, құстардың 30 түрі сирек және жойылып бара жатқан жануарлар ретінде Республиканың «Қызыл кітабына» енген. Олардың қатарында арқар, тянь-шань аюы, мензбир суыры, түркістан сілеусіні, қар барысы, үнді жайрасы, тас сусары, ал құстардан ақ және қара ләйлек, бүркіт, сақалтай, дуадақ, көк құс, лашын, ителгі бар. Мұның ішінде терісі мен еті бағалы мензбир суыры тек Өгем, Қаржантау жоталарын ғана мекендейді. Сондықтан ол халықаралық табиғат қорғау ұйымының «Қызыл кітабына» енгізіліп, айрықша қорғауға алынған. Соңғы 30-40 жылда кездеспей жүрген қар барысының да аталығы мен аналығы Өгем тауының Мақпалкөл жағасында пайда болғандығын парк мамандары анықтап, бейнетаспаға түсіріліп алынды. Қорғау мен күзетуді жақсартудың нәтижесінде соңғы жылдары парк жерлерінде жабайы аңдар мен құстардың саны тұрақты түрде арта түсуде.
Парк аумағында орман алқаптары мен жануарларды өрттен қорғау – бірінші кезектегі іс. Жыл сайын өртке қарсы минералдық жолақтар жасалады. Өртке жол бермеудің барлық қам-қарекеті қолданылады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде кейінгі екі жылда парк аумағында өртке жол берілмей келеді.
Мемлекеттік инспекторлар міндеті де оңай емес. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың сақталу тәртібін қадағалау және сұғанақтыққа қарсы күресті күшейту мақсатында рейдтер жиі ұйымдастырылады. 2006-2010 жылдары 130 заң бұзушылық анықталып, 113 адам әкімшілік жазаға тартылды. 786,0 мың теңгеге айыппұл салынып, өндірілді. 39 адамнан 2 млн. 217 мың теңге өндіру үшін сот орындарына берілді. Өкінішке қарай, парктің материалдық-техникалық базасы қазіргі заман талабына сай емес. Өрт сөндіру автомашиналары, жер өңдейтін ДТ-75, МТЗ-82 тракторлары, арнайы техника мен жабдықтар жетіспейді. Бюджеттен 2009-2010 жылдары бірде-бір техника бөлінбеді. Жағдайды түзету үшін демалушыларға қызмет көрсетудің көлемі мен түрлерін арттыра отырып, бір патрульдік жеңіл автомобиль, бір МТЗ-82 доңғалақты тракторын соқасымен сатып алдық. Қиындықтарға қарамастан, парк ұжымы республикадағы ұлттық парктер мен табиғи резерваттар арасында жылдық рейтингілік көрсеткіштер бойынша 2009 және 2010 жылдарда бірінші орынға ие болды.
Ұлттық табиғи парк қызметін барған сайын жетілдіріп, жақсарта түсу – басты парыз. Бірақ бүгінгі күнге дейін шешімін таппаған проблемалар да бар. Ең басты, үлкен проблема мынадай. Батыс Тянь-Шанның негізгі бір сілемі – Боралдайтау. Сол аса ұзын тау жотасының жартысы парктің Түлкібас филиалына, ал жартысы Бәйдібек ауданына қарасты Боралдай орман мекемесіне бекітілген. Бұл бөлініс өсімдіктер мен жануарлар әлеміндегі табиғи, экологиялық, биологиялық байланысты әкімшілік жолмен қасақана, әдейі екіге бөлгендей болып тұр. Осы орашолақтық биологиялық алуан түрлілікті сақтауға, молайтуға көп кедергі келтіруде. Тек бір ғана мысал: «Қызыл кітаптағы» арқарлар Боралдайтаудың оңтүстік беткейінде қыстап, көктем-жазда Көкбұлақ, Бозторғай жоталары арқылы Талас Алатауына қарай өрлейді. Бұл миграцияны тоқтатуға немесе бөліп тастауға болмайды және Боралдай орман мекемесі жерлерінде парктегідей ерекше қорғау статусы жоқ болғандықтан, арқарды, басқа аңдарды сұғанақтықпен ату жағдайлары жиі орын алады. Осы өңірдегі айрықша арқарлардың азайып бара жатуы – кешірілмес кемшілік. Бұл жағдай жайында «Егемен Қазақстан» бұрын да жазған еді. Ал жабайы регель алмұрты тек сол Боралдайтауда (Бәйдібек ауданы бөлігінде де, Түлкібас ауданы бөлігінде де) ғана өседі. Оны да көздің қарашығындай қорғау керек.
Сондықтан, Боралдайтаудың Бәйдібек ауданы бөлігін Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркіне қосса, биологиялық алуан түрлілікті сақтауға кепіл болар еді. Батыс Тянь-Шанның бір сілемі, күллі дүниеге әйгілі қасиетті Қазығұрт тауын ұлттық парк құрамына беру де – өте өзекті, шешілмеген мәселе күйінде қалып отыр. Солай етілсе, өсімдіктерді қорғаумен бірге туризмді дамытуға да кең жол ашылатыны түсінікті. Осы проблемалардың оң шешілуіне тиісті құзыретті органдар, атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті мен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі ықпал етер деген сенімдеміз.
Жеңісбек ТҰРҒАНОВ, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты.