Мемлекеттің көші-қон саясатын, оның ішінде тағдырдың жазуымен әлемнің әр шалғайында тарыдай шашырап жүрген қандастарымызды қарашаңырақ – Қазақстанға жинап алуды Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ қолға алған болатын. Жас мемлекет экономикалық қиыншылықтарға қарамастан, үкімет қоржынынан көші-қонға арнап қомақты қаражат бөлгені, оны алыстан келген қандастардың қажетіне жұмсағаны шеттегі қазақтардың жүрегіне үміт отын жағып еді. Онымен қоймай, «Халықтың көші-қон туралы» Заңының қабылдануы, тек көші-қон жұмысымен айналысатын, бастапқыда агенттіктің, кейін келе комитеттің құрылуы, қазірге дейін араға жылдар салып төрт бірдей құрылтай өткізілуі, оған әр жолы Президенттің қатысып, сөз сөйлеуі аталмыш сала жұмысының басым бағыттарын анықтап отырды. Осының өзі-ақ көші-қон жұмысының мемлекет үшін аса маңызды екенін көрсетсе керек.
Жалпы, қай салада болмасын жұмыстың сапасы соған жауапты адамның сана-сезіміне, қабілет-қарымына байланысты. Қазіргі виза ала алмай 11 мың адам кезекте тұрған Үрімжідегі Консулдық қызметті бір кездері Бағдат Сейітбатталов деген азамат басқарған болатын. Виза аштыруға кірген әр адам құжат қабылдайтын қатардағы қызметкерден бастап, бастықтың өзіне дейінгі кісілердің кішпейілділігіне, қандастарына деген ыстық ықыласына, бауырмалдығына, жоғары адамгершілігіне тәнті болып шығатын. Елге келетіндердің саны сол өткен ғасырдың 90-жылдарында қазіргіден екі есе артық болмаса, кем болған жоқ. Соның өзінде бүгін өткізген төлқұжатыңа дәл он күнде виза жапсырылып, қолыңа тиетін. Өлім-жітім, той-томалақ сияқты жағдайы барлардың жұмысын он күнсіз-ақ, қалаған уақытында дайындап беретін. Сөйтіп, Қазақстанға тұңғыш аттанғалы отырған адамның көңіліне қанат бітіретін, жүрегіне жылу құятын, сәт сапар тілеп шығарып салатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрі болған жылдары қазақ көші тіпті қарқын алды. Елбасы саясатының астарын жете түсінген ол кісі қандастардың виза аштыруға төлейтін құжаттық төлемдерінің құнын 100 АҚШ долларынан күрт төмендетіп, небәрі 3 долларға түсіріп бергені де есте. Сондай-ақ қазақтарға үш айға бір мәрте ашылатын визаны бір жылға көп мәрте етіп ашуды жолға қойған болатын. Мұндай визамен бір туысыңның үйіне уақытша тіркеліп, Қазақстанға жыл бойы келіп-кетіп еркін жүре беруіңе болатын. Осы мезгілде азаматтыққа, квотаға құжаттарыңды тапсыратынсың. Қоныстанатын мекеніңе де белгіленіп үлгеретінсің. Бұл жеңілдік Қытайда тұратын ағайындардың елге келуіне, тұрақтап тұрып қалуына өте тиімді болды.
Соның арқасында көші-қон саласында еліміздің жеткен жетістіктері жаман болған жоқ. Қазірге дейін, Құдайға шүкір, Қытайдан 84 мың адам, жалпы шетелдерден бір миллионның үстіндегі қандасымыз Отан құшағына оралыпты. Бұл егемендігін енді ғана алған жас мемлекет үшін, әрине, аз көрсеткіш емес. Дегенмен бес миллион қазақтың әлі де жат жұртта жүргенін ескерсек, біз атқарар жұмыстың үлкені тағы алда екенін бірден байқаймыз.
Жасыратыны жоқ, соңғы бес-алты жылдың көлемінде көшіп келушілердің қарқыны өте баяулап қалды. Бірен-сарандап жеке сапармен келіп-кетіп жатқандар болмаса, Қытай жағынан келетін арнаулы көш негізінен тоқтады десе де болады. Мұны осы биылғы ІV құрылтайда «соңғы кездері белгіленген квота толмауда» деп Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі де ашық айтты.
Әу бастан мемлекеттің ұстанған саясаты дұрыс, Елбасының бағыт-бағдары айқын. Сонда Қытайдағы қандастарымыздың елге келуіне не кедергі болып отыр? Оған «мынау» деп, бір сөзбен жауап беру, әрине, қиын. Десе де, осыған дейін қолданыста болған «Халықтың көші-қон» Заңының шикі тұстары жалпы көшке салқынын тигізгенін айтпай кетуге болмайды. Атап айтқанда, «...Жеке өзi жүгiнуi мүмкiн болмаған жағдайда өтiнiш берушi уәкiлеттi өкiлге жүгiнуге нотариалды расталған сенiмхатты оралман мәртебесiн беру және (немесе) оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзу туралы өтiнiшпен қоса бередi» деген 14-баптағы 1-тармақтың осы соңғы тұжырымын өз пайдасына бұрушылар белең алды. Анықтап айтсақ, жалған құжатпен үкімет қаржысын үптеп кеткендердің санын сол саламен айналысқандар жақсы біледі. Сондай-ақ «Оралман мәртебесi ол Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейiн тоқтатылады» деген жоғарыдағы баптың бір ғана 4-тармағы Қазақстан азаматтығын тездетіп алған сан мыңдаған қандасымызды берілетін әлеуметтік көмектен қақты.
Оның үстіне, кезінде Қытайдағы қазақтарға жоғарыда айтқан жеңілдіктер де қазір желге ұшқан. Қазақтардың визасы басқа ұлттардікімен бірдей, үш айға бір не екі мәрте кіріп-шығатын етіліп ашылатын болды. Үш ай деген мұнда келген соң тұрақты тіркеуге тұрып, азаматтыққа құжат жиып үлгермей жатып, зу етіп өте шығады. Сосын қайыра кетуге тура келеді. Сөйтіп, жыл бойы виза аштырамын деп Үрімжіге шабасың да жүресің. Мұндай жағдайда қырғын кезек болмай қайтсін?
Дегенмен, кеш те болса, бір жақсылықтың құлағы қылтиғандай. Өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жаңа заң Парламенттің қарауынан өтіп, Сенаттың мақұлдауына жіберіліпті деп естіп жатырмыз. Оған «Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін де қандастарымыздың «оралман» мәртебесі белгіленген квотасын алғанға дейін сақталады» деген аса қажет екі ауыз сөз де қосылған көрінеді. Бұған да тәубе. Әйтсе де осы тармақты көп талқыға салудың, ұзақ жыл созудың қандай қажеті бар еді?
Біз сырттағы қандастарын Отанына шақырып отырған әлемдегі үш елдің біріміз. Бұл – шындық. Көш тоқырауға тап бола бастаған тұста, ІV құрылтайдың өтуі, оған Елбасы Н.Назарбаевтың тағы да арнайы келіп қатысуы, сөз сөйлеуі жұрт сенімін қайтадан бекітті. Сырттағы ағайынның жүрегіндегі үміт жалыны қайта лаулай бастады. Бұл жолғы құрылтай шынында көкөрім жастардың көп келуімен ғана емес, Тәуелсіздіктің жиырма жылдығы қарсаңында ашылғанымен де өзгерек болды.
Биылғы Тәуелсіздіктің жиырма жылдығы біз үшін шынында орны ерекше мереке. Мереке ғана емес, өткенімізді саралап, болашағымызды бағамдайтын бетбұрыс кезең. Жоғарыда да айттық, қазақ көші де осы екі он жылда ауыр сыннан өтті. ІV құрылтайда ол жайттардың біразы әңгіме арқауына айналды. Құрылтайда сөз алған делагаттардың лебізінен ендігі жерде қазақ көшіне барынша зәру боп тұрғандардың қай елдердегі қазақтар екені анық байқалды. Атап айтсақ, бүгінге дейін бөгеліссіз көшіп келіп жатқан ағайынның дені ТМД аумағындағылар екен. Елге көшіп келген миллионға жуық адамның да негізін осылар құрайды. Ал Моңғолиядағы қазақтардың келуіне кедергі болып тұрғаны – жол. Шығыс Қазақстаннан төтелеп өтетіндей етіп шешіп берсек, ондағы ел көшіп келе беретін көрінеді.
Отанға оралуға барынша құлшынып отырған жұрт – Қытайдағы қандастар. Қазіргі таңда олардың саны да қомақты. Бір қиындық – барлық елдің азаматының қолында бар шетелге шығатын төлқұжат осы елдің халқына бұйырмапты. Нақтылап айтсақ, Қытай үкіметі өз азаматтарына тек азаматтық куәлік береді де, төлқұжат ұстатпайды. Сондықтан, ондағы қазақтар басқа шетелдегі қандастары секілді қонышынан басатын, қалаған жағына кете беретін жағдайда емес. Қазақстанға келу үшін де біздің елдің бір азаматының шақыртуына жүгінеді. Орысша жазылған ол шақырту әлгі адамға барған соң, оның әр бетіне ақша төлеп аудартылады. Содан көп тексеруден өтіп, қатысты орынға тапсырылып барып, әрең дегенде төлқұжат алады қолдарына. Мехнат осымен бітсе жақсы ғой. Бұған енді өз еліміздің кедергілері қосылады. Ол − виза деген алынбас қамал. Төлқұжат алған қазақ енді Үрімжіге қарай жолға шығады. Онда барып, біздің Консулдық қызметтің босағасына ұшы-қиыры жоқ кезекке тұрады.
Шақырту дегеннен шығады, осы жиырма жылдың ішінде бұл шақыртудың сан түрі болды. Бірі тоқтаса, екіншісі шығып отырды. Ең алғашқысы, жеке сапарға арналған көк түсті қағаз еді. Мұны «туысшылау шақыртуы» деп атадық. Қытайдағы туысыңды шақырту үшін, қажетті бланк толтырып, өзің тұрған жердің көші-қон полициясы басқармасына өткізесің. Ол кемінде үш айдан кейін барып мақұлданып шығады. Аласың да, арғы бетке жөнелтесің. Екіншісі, «іскерлік шақырту» деп аталды. Оны Қазақстандағы кез келген ЖШС-дан алуға болады. Үшіншісі, «оқуға келетіндердің» шақыртуы. Мұны барлық жоғары оқу орындары бере алады. Қиындығы сол, осы шақыртулардың қай-қайсымен де келетін адамның кеденнен тек өз соқа басы ғана өте алады. Оған оқу жасындағы баласын Қытай жағы тіркемейді. Төртіншісі, «көші-қон шақыртуы». Шақыртулардың ішіндегі ең тиімдісі осы. Қазақстан азаматы Қытайдағы туысының отбасында қанша адам бар, соның бәрін бір қағазға толтырып жазады. Араларындағы туыстық байланысын көрсетеді. «Қазақстанға көшіп келген соң, тіркеуге тұратын мекен-жаймен, баспанамен, жұмыспен, балаларын оқумен қамтамасыз етемін» деп нотариалды расталған кепілдік береді. Сыртына өзі тұрған жердің көші-қон департаментінің келісімін алып, таңбасын бастырады. Сонымен бірге, Консулдық департамент те (СІМ) мөрін соғады. Бұл шақыртуды алған Қытайдағы отбасы мүшелері түгелдей, жоғарыдағы тәртіппен төлқұжатқа кезексіз ие болады. Үрімжідегі Консулдық қызметтен Қазақстанға тұрақты тұру визасын да кезек күтпей ала алады. Отбасы мүшелерін, барлық жүгін Көші-қон заңының «Кеден iсi мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган: мүлiктi шекара арқылы кеден төлемдерiн алмай өткiзеді» деген 29-4-баптың 1-тармағына сай, кеден салығынан босатылған жеңілдікпен кеденнен бері өткізе алады. Неге екенін білмеймін, біздің ел Қытайдағы қандастарымыздың жоғарыда айтқан жағдайын біле тұра, осы «көші-қон шақыртуын» заңсыз деп, бес-алты жылдан бері тоқтатып тастады. Менің арғы бетте тұратын өз туыстарымнан, құда-жұраттарымнан, ауылдастарымнан құралған 137 отбасын елге көшіріп әкелем деп жүгіргеніме, міне, биыл табаны күректей үш жыл болды. Хат жазбаған жерім қалмады. Бәрі бірыңғай жауаппен бұрынғы Көші-қон комитетіне сілтейді. Ол комитет қазір ІІМ-не біріктірілді. Хатымнан түк нәтиже шықпады. Қазір ол шақыртулар депутат Б.Тілеуханның хатымен бірге ІІМ Көші-қон комитеті төрағасы Ғ.Досқалиевтің қоржынында жатыр. Алты алашқа танымал жезтаңдай әнші, халық қалаулысы Бекболаттың сол үшбу депутаттық талабы жерде қалмас деп үміттенеміз.
Демек, осындай жағдайда, ойлаңызшы, Қытайдағы қазақтар Қазақстанға қайтіп келмек?! Жасыратын несі бар, өткен үш жылда «Нұрлы көш» бағдарламасының аясында Қытайдан бір отбасы да көшіп келген жоқ. Бұрын «көшіп» келген, бірақ квота ала алмай қалған ағайындарды сол бағдарламаға кіргізіп, әйтеуір уһ дедік.
Шынын айтсақ, арғы бетте тұрып жатқан туыстарымызды шақыртатын заңды құжаттың жоқтығынан олардың көші тоқтады. Манағы «соңғы кездері белгіленген квота толмауда» деуіміздің басты себебі осы.
Қытай жағы қазақтардың өз Отанына қотарыла көшуін тежегенімен, халықаралық заңнамалардың талабына сай, бөлініп-жарылған ағайын-туыстың бір-біріне қосылуы үшін қоныс аударуына аса қарсы емес. Бұл мәселе 1995 жылдың қыркүйек айында Елбасының Пекинде болған сапары кезінде шешілген. Оны Қ.Тоқаев «Беласу» деп аталатын кітабының 212-бетінде: «Дегенмен, бұл мәселе жөнінде де принципті уағдаластыққа қол жеткіздік: Қазақстанға тұрақты тұруға көшкісі келетін ұлты қазақ ҚХР азаматтарына Қытай үкіметі тарапынан ешбір кедергі жасалмайды. Бұл маңызды келісім Қытайдан көшіп келем деген оралмандар санын арттыра түсуге жәрдемдесері анық», деп жазған.
Қытайдағы қандастарымыздың көшіп келу мәселесін шешу өз қолымызда тұр. Ол үшін «Көші-қон» шақыртуын қолданымға енгізу мен бір жылға көп мәртелі виза алу мәселесін түзетулер мен толықтырулар енгізіліп жатқан «Халықтың көші-қоны» Заңына енгізуіміз керек. Ұлт көшбасшысы осы құрылтайда: «Парламентте «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасы қаралуда. Кеңінен талқыланып, қабылданатын жаңа заң қандастарымыздың жағдайын жақсартуға септігін тигізеді деп есептеймін. Ол қандастарымыздың құжат тапсыруда, тіркеуге тұруда, азаматтық алуда кездесетін түрлі кедергілерді жоюы тиіс», дегенде, осындай аса маңызды, кезек күттірмейтін, көкейкесті мәселелерді кешіктірмей шешуді меңзегені айдан анық. Бұған халық қалаулылары бей-жай қарамайды деген үміттеміз.
Ауыт МҰҚИБЕК, ақын, «Балдырған» журналының қызметкері.
Алматы.