05 Тамыз, 2011

Ауыл тірлігін түзеді

601 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елбасының жыл сайынғы жол­дау­ларын тоғыз жолдың торабына ор­на­ласқан қараойлықтар ерекше ынтамен қабылдайды. Биылғы құнды құжатта елді мекендерді әлеуметтік жаңғырту мәселелеріне назар аударылғаны белгілі. Осы орайда олар жұмыспен қамту­дың жаңа стратегиясын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты, халық­ты сапалы ауыз сумен қамту жайы нақтыланғанын білгенде шын қуанған екен. Бұл тегін болмапты. Жағымды жаңалық қатарында Іле ауданы Қараой ауылында 50 жылдан бері жөндеу көр­меген су жүйелері жаңартылып, ауыз су мәселесі толық шешімін таба­тын­дығы да бар. – Елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялауда кең көлемді жұмыстар басталғаны белгілі. Бағдарлама өңірде де қолға алынды. Бұған дейін ауыл тұрғындары инвестиция күтпей-ақ арнайы жоспар жасап, жұмыс жүргізген болатын. Қараойлықтар өз күштерімен ауылдың тұрғын үй-коммуналдық саласын жетілдіру мақсатында жаңа жобаны іске асыруды бастап кетті, – дейді ауылдық округ әкімі Виктор Поротиков. Әрі-бері өткен сайын осы ауылдағы жұмыстың жүйелілігі назарға бірден ілінеді. Орталықтандырылған газ жү­йе­сі тартылып, жарықтандырылған. Асфальт төселген. Жасыл желекпен көмкерілген көшелері ауылдың көркін аша түсуде. Халықтың тірлігі де түзел­ген. Осы мекендегі коммуналдық мә­се­лелерді шешумен құрылғанына 15 жыл болған «Қараой су» өндірістік кооперативі айналысуда. Осылайша кооператив осындағы стратегиялық ма­ңыз­ды нысан – сумен қамтуды толық­тай назарға алған. Бүгінде елді мекен тұрғындарын сумен қамтамасыз етуде 4 ұңғыма жұмыс істесе, жақын арада тағы біреуін іске қосу үшін жұмыс қарбалас жүргізілуде. Ауыл кеңейіп, жаңа үйлер салы­нып, жаңа көшелер бой көтеріп жатыр. Халық санының үздіксіз өсуіне орай мем­лекеттен 380 млн. теңге қаржы бөлі­ніп, екі жылдан бері жаңа скважиналар іске қосылып, бағдарлама ба­йып­ты жүзеге асуда. Енді аз күнде су құбыры іске қосылады, дейді коопе­ра­тив­тің бас инженері Ерназар Жәлім­беков. Жақсы өмір, жайлы мекенді қала­ған халыққа билік те осылайша жана­шырлық көрсетуде. Ауыл әкімі, белсенділер бірлесіп, аймақтық модерниза­ция­лау жобасын жүзеге асыруға осы­лай кірісіп, атқарылатын жұмыс жоспары да құрылған. Бүгінгі күні Қараой ауыл­дық округінде жаңарту жұмыстары жедел жүргізіліп, жыл сайын 600 метр су жүйесін ауыстыру көзделсе, бөлінген қаржы тиімді пай­даланылуда. Тозығы жеткен, жаңартуды қажет ететін 27 шақырым су жолы бар. Міне, биылғы жылы су жүйелерін қалпына келтіру басталса, 12 шақырымға жуық су құбырлары ауыстырылады. Ауыз сумен қатар шаруалардың егіс­тік алқаптарына су жеткізуге де назар аударылған. Суармалы егістіктерді үздіксіз сумен қамтамасыз ету үшін биыл арық қазылды. Күздік және жаздық дақылдар жайқалып тұр. Бұған шаруалар да риза. Жаңа каналдың құ­ры­лыс жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.